
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ елі» монументі алаңында «Эко такси» қалалық такси паркі инвестициялық жобасының негізгі қырларымен танысты.
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ елі» монументі алаңында «Эко такси» қалалық такси паркі инвестициялық жобасының негізгі қырларымен танысты.



Аталған жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидасымен жүзеге асырылуда. Оның мақсаты Астана қаласында экологиялық отынмен жүретін ірі автокөлік таксопаркін құру және қалада таксомоторлы тасымалдар мен жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында халыққа қызмет көрсетудің өркениетті түрін енгізу болып табылады. Астана қаласы әкімдігінің көмегімен «AllurGroup» компаниясы жүзеге асырып отырған жобаның бірінші кезеңі мемлекет-жекеменшік серіктестік негізінде 100 автокөлікті пайдалануға беруден басталады, олардың санын 2017 жылға қарай 500-ге дейін ұлғайту жоспарлануда. Алғашқы кезеңде бұл жобаға тартылатын инвестиция 450 миллион теңгені құрамақ.
Мемлекет басшысы «Эко такси» жобасын іске асыру ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге қала инфрақұрылымын даярлау жөніндегі алғашқы қадамдардың бірі болып саналатынын атап көрсетті. Жобамен танысу барысында Мемлекет басшысы өзіне ұсынылған автомобильдің бірімен жүріп өтіп, «Эко такси» такси паркінің алғашқы жолаушысы болды.
«Астана Эко таксиінің» бүкіл автокөлік паркі пропан-бутан (SNG) қоспасы негізіндегі сұйытылған газбен жұмыс істейтін болады. Бұл қаладағы экологиялық ахуалды жақсартып қана қоймайды, сонымен бірге, жанар майдың төмен бағасы есебінен таксопарк қызметінің құнын арзандатуға да мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта қаламызда 18 газ құю стансасы жұмыс істейді. «Астана Эко такси» жобасы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге қаланың инфрақұры лымын дайындау бойынша қала әкімдігінің жүзеге асыруға тиіс үш бағдарламасының бірінші іс-шарасы болып табылады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».