
Кеше «Қазақстан» Орталық концерт залында «Елбасы жолы» киноэпопеясының екінші, үшінші тарауларының тұсаукесер рәсімі өтті. Фильмді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұжымы бір жарым жыл бойы түсірген. «Балалық шағымның аспаны» фильмімен басталған киноэпопеяның жалғасы екі бөлімнен тұрады: «От-өзен» және «Теміртау». Фильмнің тұсаукесер рәсіміне халық көп жиналды. Араларында Үкімет мүшелері мен Мәжіліс және Сенат депутаттары, белгілі ақын-жазушылар болды.
Кеше «Қазақстан» Орталық концерт залында «Елбасы жолы» киноэпопеясының екінші, үшінші тарауларының тұсаукесер рәсімі өтті. Фильмді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұжымы бір жарым жыл бойы түсірген. «Балалық шағымның аспаны» фильмімен басталған киноэпопеяның жалғасы екі бөлімнен тұрады: «От-өзен» және «Теміртау». Фильмнің тұсаукесер рәсіміне халық көп жиналды. Араларында Үкімет мүшелері мен Мәжіліс және Сенат депутаттары, белгілі ақын-жазушылар болды.



Фильм басталардан бұрын фильмді түсіруші топ журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Онда «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев фильмнің мақсаты туралы айтып, түсіруші топпен таныстырды. Фильмге бұған дейін «Балалық шағымның аспаны» атты көркем фильмді түсірген Рүстем Әбдірашев режиссерлік еткен. Ол киноэпопеяның ерекшеліктері мен түсіру жолдары туралы әңгімелеп, журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.
«Елбасы жолы» киноэпопеясының бұл тараулары ел тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі – қазақ даласында өнеркәсіптің құрылысы кезінде фильмнің басты кейіпкері Сұлтанның ер жетіп, қызықты да қиын өмірге қадам басуын бейнелейді. Кіндік қаны тамған туған ауылынан арман қуып аттанған жас Сұлтан металлургтер қаласы атанған – Теміртауға, республикалық жастар құрылысына келеді. Жас өрен уақыт өте Украинадағы Днепродзержинск қаласына оқуға жолдама алып, осы жерде жаңа достар мен өмірдегі ұстаздарын кездестіреді.
Оқуын ойдағыдай тәмамдап, қолына диплом алған жас Сұлтан достарымен бірге Теміртауға оралып, еңбек жолын қайта жалғастырады. Алдына айқын мақсат қоя білуімен, діттеген биігіне жету жолында қаймықпай, қажымай, күресе алатын қайсар мінезінің арқасында ол Орталық Азиядағы ең ірі металлургиялық комбинаттың басшыларының бірі болады.
Киноэпопея сценарийін Елбасының «Әділеттің ақ жолы», «Бейбітшілік кіндігі» және «Еуразия жүрегінде» шығармаларын негізге ала отырып, белгілі драматург-сценарист Шахимарден Құсайынов пен режиссер Рүстем Әбдірашев жазып шыққан. Сондай-ақ, аталмыш фильмде Елбасының әріптестері, достары мен замандастарының естеліктері молынан пайдаланылған.
Фильмді үш сағатқа жуық тамашалаған көрермен қауымның көркем шығармадан үлкен әсер алғаны, тек Елбасының өмірбаянымен ғана емес, ХХ ғасырдың тарихи кезеңдерімен тереңірек танысқаны анық. Оны фильмнен кейін туынды туралы пікірін білдірген көрермендердің сөзінен аңғардық.
Әбіш Кекілбаев, Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы:
– Елбасы туралы бұған дейінгі түсірілген көркем фильм «Балалық шағымның аспаны» деп аталған еді. Бүгінгі «От-өзен» және «Теміртау» көркем фильмдері алғашқысымен жақсы жалғасын тауып, расында «Елбасы жолы» деген нағыз киноэпопеяға айналыпты. Бұл туындыдан қарапайым халықтың арасынан қайнап шығып, елдің, жердің қамын ойлаған, сөйтіп, заманының зор қайраткері дәрежесіне көтерілген азаматтың өмір жолын бағамдадық. Сондай-ақ, қайсар жігіттің қабілеті мен дарыны арқылы өндіріске белсене араласып, ондағы негізгі тұлғаның біріне айналған қазақ жұмысшысын көрдік. Бұған қоса, фильмде тек Елбасының ғана образы ашылып қоймай, оның жанындағы жас қазақ жұмысшыларының мінезі мен қабілеті, жалпы тұтас бір буынның өмір жолы жақсы өрілген.
Мұнымен қатар, сол дәуірде қазақ жастарының индустриялық даму мен осы жолда жеткен жетістіктерді терең түсініп, оның философиясы мен психологиясын жақсы меңгергені фильмде жақсы көрсетілген. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Елбасының отты өмір жолы арқылы халқымыздың ХХ ғасырдағы 60 жыл өмірі түгел дерлік қамтылған деуге толық негіз бар. Тағы да айтарым, қазақтың жас қайсар жігіті алда кездескен қиындықтардың бәрін жеңіп, қызмет жолында әбден ысылып, елдік азаматқа айналған. Осыған қарағанда, көркем туынды өз мақсатына жеткен.
Түсірушілер тарапынан тарихи оқиғаларды жылтыратып көрсете сала ма деген күдік болған. Бірақ, фильмді көріп шыққан соң толық қанағаттанып отырмын. Тарихи шындықтар дұрыс көрсетіле біліпті. Ал фильмді түсіруші топ пен әртістерімізге қарапайым көрермен қауым риза болар деген ойдамын.
Қуаныш Сұлтанов, Парламент мәжілісінің депутаты:
– Елбасымыз туралы көркем фильм өте сәтті шығыпты. Көріп риза болып қалдым. Расын айтқанда, көркем дүние дегенмен, мен өз басым бұл фильмді тарихи кино деген болар едім. Өйткені, сол кездегі өмір шындығы, тарих шындығы бұрмалаусыз анық әрі нақты көрсетілген. Біз де сол дәуірдің ұрпағы болған соң, ол кезеңдердің оқиғалары мен адамдарының сол кездегі оқиғаларға көзқарасын, сондай-ақ, өз қатарластарымыздың мінез-құлқын жақсы білеміз. Мен мектепті 1961 жылы бітірген болсам, бұл кісілер 1958 жылы Теміртауда болыпты. Расында да, ол кезде Теміртаудың атағы жер жарып тұрды. Сол кездегі алғыр жастар, жүрегінде алауы бар азаматтар Қазақстан Магниткасына баруға шынында да құштар болатын.
Менің қуанып отырғаным, тұтас киноэпопеяға айналған үш фильм жас өскін балаларға, өмір жолын таңдауға бет алған бозбала, бойжеткендерге үлкен үлгі-өнеге болары анық. «Қазақфильм» ұжымын осындай керемет дүние жасап шығарғандарымен құттықтағым да келеді. Мұнымен айтпағым, фильмді түсірушілер нағыз тарихи оқиғаларды Елбасы өмірі арқылы көрсете отырып, жас қазақ жұмысшыларының алғырлығын, қайсарлығын, ең бастысы – мықтылығын дәл бере біліпті.
Негізі, біздің Елбасымыз – тарихты өз қолымен жасаған тұлға. Мұндай тұлғалар ғасырларды зарықтырып келетіні мәлім. Сондықтан, бүгін тұсауы кесілген фильмнің ойлағанымыздан әлдеқайда жақсы шыққаны бәрімізді үлкен қуанышқа бөлеп отыр.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.