02 Желтоқсан, 2013

Орталықтың жаңа ғимаратында болды

360 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Назарбаев орталығы» жаңа ғимаратында болды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Назарбаев орталығы» жаңа ғимаратында болды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Ғимаратты аралау барысында Нұрсұлтан Назарбаев оны қарап шығып, нысанның негізгі өлшемдерімен танысты.

Мемлекет басшысы қазақстан­дықтарды мерекемен құттықтап, Тұңғыш Президент күні өзге де мемлекеттерде – АҚШ-та, Еуропа, Азия елдерінде мереке ретінде атап өтілетінін айтты.

– Қазақстан Парламенті өз ше­шімімен мемлекеттік мереке ре­тінде бекітті. Бұл күннен кейін ма­ңызды мерекелер басталады, осыдан кейін олардың ішіндегі ең маңыздысы – Тәуелсіздік күні атап өтілетін болады. Бұл оқиғалар өз­ара байланысты. Мен мандат алып, барша халықтың қолдауына ие болған соң оның атынан еліміз­дің тәуелсіздігін жариялауға мүм­кін­дік алдым. Сондықтан біз бұл күнді халқымыздың даму және өсіп-өркендеудің жаңа жолына түскен күн ретінде атап өте­міз. Бүгін Астана мен облыс­тарда елі­міздің азаматтарына тұрғын үйлер берілуде, халықтың игілігіне қызмет ететін жаңа әлеуметтік ны­сандар іске қосылуда. Бұдан бө­лек, бүгін елордада «Эко такси» жобасының тұсауы кесілді, ол ЭКСПО-2017 көрмесіне дайын­дық­тың басы болып саналады. Бұл Астанадағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Біз осы тәжірибені Алматыға және Қа­зақ­станның басқа да қалаларына та­ратамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті «Назарбаев орталығы» ғимараты елордамыздың жаңа бірегей нысаны болып табылатынын атап өтті.

– Бұл – күллі әлемге белгілі архитектор Норман Фостердің туындысы. Мұндай орталықтар әлемнің көп қалаларында салынуда. Мысалы, АҚШ президенттері кітапханалар, орталықтар ашып жатады. Бұл орталықта тәуелсіздігіміздің тарихы, әлемдік экономика мен саясат жөнінде зерттеулер жүргізілетін болады. Жастар отандық тарих саласында жаңаша білім алады және тілдерді үйренетін болады. Ғимарат биікті шолған көз жанарының пішіні тәріздес. Мен нысанды салуға атсалысқан құрылысшыларға, демеушілерге ризашылығымды білдіргелі келдім. Бұл ғимарат мемлекет қаражатына емес, жеке кәсіпкерлердің қаржысына салынды. Баршаңызды осынау мерекемен құттықтаймын, қазақстандық әр отбасыға игілік және табыс тілеймін, – деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса, ғимаратты аралау барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа Мемлекет басшысының қазіргі заманғы Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына елеулі септігін тигізген, арнайы үлгімен рәсімделген тарихи жарлықтары көрсетілді.

Көпфункционалды ғимараттың аумағы – 28 мың шаршы метрден астам, 9 қабаттан тұрады.

Кітапхана жалпы қоры 460 мың бірлікті сақтауға есептелінген, олардың 200 мыңға жуығы – жабық қор.

Соңғы жаңалықтар