02 Желтоқсан, 2013

Флот

523 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Президент Н.Ә.Назарбаев және республика Әскери-теңіз күштері туралы контр-адмирал Р.Ә.Комратовпен әңгіме

– Ратмир Әлімханұлы! Еге­мендіктің елең-алаң шағында мемлекетіміздің Әскери-теңіз күштерін құруға алғаш­қы қадамдар жасалғаны белгілі. Теңіз беттен қойылған қалқан, пана секілді осы бір маңызды сәттің куәгері де, бел ортасын­да білек сыбана жүрген кейіпкерлерінің бірі де өзіңізсіз. Тәуел­сіздіктің тұрақтылығы, ел іргесінің бүтіндігі үшін жасалған жақсы іс қалай, неден басталып еді?

Президент Н.Ә.Назарбаев және республика Әскери-теңіз күштері туралы контр-адмирал Р.Ә.Комратовпен әңгіме

– Ратмир Әлімханұлы! Еге­мендіктің елең-алаң шағында мемлекетіміздің Әскери-теңіз күштерін құруға алғаш­қы қадамдар жасалғаны белгілі. Теңіз беттен қойылған қалқан, пана секілді осы бір маңызды сәттің куәгері де, бел ортасын­да білек сыбана жүрген кейіпкерлерінің бірі де өзіңізсіз. Тәуел­сіздіктің тұрақтылығы, ел іргесінің бүтіндігі үшін жасалған жақсы іс қалай, неден басталып еді?

– Менің тағдырыма теңіз пер­зенті болу жазылыпты. Туған елім Қазақстан өз егемендігін ал­ған кезеңде Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінде қызметте болатынмын. Ұлы жаңалықты Орал қаласындағы әскери кәсіп­орындарды көруге келген іссапа­рымда естідім. Кеудемді қуаныш кернеп, Қазақстан Үкіметіне елге оралғым келетінін айтып хат жаздым. Осы өтініштен соң, 1992 жылдың көктемінде республиканың тұңғыш Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сағадат Нұрма­ғамбетов қабыл­дап, әскери-теңіз базасының командирі етіп Ақтау қаласына аттан­дырды. Ол кез ақжал толқындары аспанға атып, жас мемлекетімізді бірнеше шетелдермен шектестіретін асау Каспийдің төңірегіндегі, яғни еліміздің батыс аймағында әскери-теңіз күштері енді ғана қолға алына бастаған, әлі аяғынан тік тұрып кетпек түгілі, тұсауы да кесіле қоймаған сәт еді. 1993 жылдың сәуір айында еліміздің Тұңғыш Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштері құра­мында Әскери-Теңіз күштері құрыл­сын» деген Жарлығы бізге тың екпін, ісімізге серпін берді. Моральдық-психологиялық тұрғыдан қанаттандырды, әрі тапсырма, бұйрық ретінде орындалуы тиіс екенін міндеттеді.

– Жоқтан бар жасау оңай болма­ған шығар?

– Әрине. Кеңес Одағы тараған соң-ақ оның құрамында болған әрбір мемлекет үшін армия, әскери күш мәселесі күн тәртібіне шыға келді. Біздің Елбасымыз осы мәселеге айрықша және дер кезінде мән берді. Тіпті сол тұстарда: «Қазақстанға Әскери-теңіз күштері қажет пе?» деген сауалдар да пікірталасқа негіз болып жатты. База жоқ, мамандар жоқ, катерлер тағы жоқ. Жоқ... Жоқ. Осындай жағ­дайда тәуекел етудің қиындығы айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Бірақ, қалай болғанда да Иран, Әзербайжан, Ресеймен шектесетін теңіз бетті қадағалап, қорғап тұратын әскери құрылым керек болатын. Қорғаныс министрлігіндегі аз ғана теңізші әріптестер болып, Елбасына хат жаздық. Мәселенің өзектілігін бірден таныған Нұрсұлтан Әбіш­ұлы: «Еліміздің Әскери-теңіз күштерін құрайық», деп дереу қолдау білдіріпті. Осыдан соң-ақ әр жерде әртүрлі айтылып, үмітті тұмшалаған күдік бұлты сейіліп шыға келді. Іске құлшына кірістік. Жоқтан бар жасау демекші, ешнәрсе оңай болған жоқ. База ретінде Ақтау қаласын таңдап, қаладан ғимарат тауып, жаңа құрылымды орналастыра бастадық. Жергілікті әкімшілік өкілдері жылы қарсы алып, мүм­кіндігінше көмектесіп отырды. Біз алдымен Каспий теңізінің қазақстандық секторын күзететін теңіз жағалауы патрульдік қызметін құрдық. Ол қарақанаттанып, топшысы қатайған соң теңіз айдынына шығатын флотилияны, сосын әскери-теңіз флотын аяғынан қаз-қаз тұрғыздық. Енді алдымызда кемелер, мамандар табу мәселесі тұрды. Әңгіме істің ыңғайын таба білуде ғой, бұл шаруа­лар қиын да болса, сол кездері оңынан оралғанына қазір шүкіршілік етеміз.

Мұндай істерге алдымен Ке­ңес Одағы кезінде Әскери-теңіз күш­терінде қызмет етіп тәжірибе жинақтаған, сондай-ақ осы салада әскери білім алған мамандарды, офицерлерді тарта бастадық. Ке­йін өзіміздің төл мамандарымызды дайындау қажеттігінен Ақтауда Әскери-теңіз училищесін аштық, екі жылдан соң ол оқу орны институт деңгейіне көтерілді. Істі үйлестіріп отыру үшін Қорғаныс министрлігі Орталық аппараты жанынан арнайы бөлімше, артынша Ақтауда әскери-теңіз базасы өмірге келді. 1995 жылы Маңғыстау облысының Түпқараған ауданы аймағындағы Баутино портында АҚШ-тан әкелінген 6 катер, Германиядан жеткізілген 4 шағын күзет кемесі суға түсірілді. Оралдағы «Зенит» зауыты отандық кемелерді құрастыруға кірісті. Нәтижесінде көп ұзамай қатарымызды қазақ­стандық алғашқы «Сұңқар» күзет кемесі, сәл кейінірек «Батыр» кемесі толықтырды. Уақыт өте келе Әскери-теңіз күштерінің құрылымында өзгерістер болып отырды. Бірақ қалай болғанда да ең басты міндет – жас мемлекетіміздің жас флотилия­сын аяғынан тік тұрғызу болатын. Осылайша, тынымсыз еңбек, мазасыз күндердің жемісі деп айтуға болады, 1998 жылы еліміздің Әскери-теңіз күштерінің құрылғанына бес жыл толған мерейлі сәтке 500 офицер, старшина және матросы бар, 17 кемесі мен катері бар құраммен жеттік. Бұл аз еңбек пе, көп еңбек пе, өздеріңіз бағамдай беріңіздер.

– Жас құрылым үшін аз деп айта алмаймыз. Жаңа ғана өзіңіз сөз еткендей, алдымен «қара­қанат­танған» еліміздің Әскери-теңіз күштерінің бас-аяғы бес-ақ жылда қанатын қомдауға жарап қалғаны таңғалдырып әрі қуантып отыр.

– Иә, мұның бәрі айтуға ғана оңай. Қиындығын жарғақ құлақ­тары жастыққа тимей, сол істің ауыртпалығын көтерген менің әріп­тестерім жақсы біледі. Әрбір күнін теңіздей тулаған ойлармен өткізіп, кей кездері әп-әдемі идеялары мен істерін толқын басып қалғандай жабырқауға тап болған шақтары аз емес олардың.

Бес жылда жоғарыдағыдай жетістікке қалай жеттіңіздер деп отырсыздар ғой. Сіздердің сұра­ғы­ңызға жауап берейін, тәуелсіз мемлекетіміздің Әскери-теңіз күш­терін құруға Президент Нұрсұлтан Назарбаев зор қолдау көрсетті. Осы оқиғалардың барлығын көзбен көріп, еліміздің Қарулы Күштерін, соның ішінде өзіме етене Әскери-теңіз күштерін дамытуға жасаған айрықша қамқор­лығына куә болғандықтан, бұл саладағы Елбасы еңбегін жоғары бағалаймын және Мемлекетіміздің басшысы әрі Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының есімін әрдайым құрметпен атаймын.

Елбасы Каспий теңізін тыныш­тықтың, достықтың теңізі болсын деген идея ұсынды. Қазақстандық аймақты күзете отырып, біз өз тарапымыздан көршілермен тату-тәтті болу ұстанымындамыз. 2012 жылы Мемлекет басшысы республика Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде 1-ші рангалы капитан Жандарбек Жанұзақовқа Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің Жауынгерлік Туын тапсырып тұрып: «Құрметті генералдар мен офицерлер, жауынгерлер! Бүгін өте бір қуанышты күн. Отанымыздың байрағы астында ата-бабаларымыз әр уақытта да ар-намыспен ел қорғап, туған жер үшін жанын пида еткен. Сондықтан тапсырылып отырған Жауынгерлік тумен бірге еліміздің тәуелсіздігін, жеріміздің тұтастығын, халқымыздың тыныш­тығын сақтауға біздің генералдарымыз, офицерлеріміз, сарбаздарымыз жан аямай қызмет етеді деп сенемін. Осы тудың астында біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасын қорғау үшін әскери саланың жетілдірілетініне, тәртіптің нығаятынына сенімдімін», деп Әскери-теңіз күштерін құрудың, дамытудың маңызы зор екендігіне тоқталды. Бұдан Әскери-теңіз күштерінің күні бүгінге дейін Елбасының жіті назарында екендігін білуге болады.

– Ратмир Әлімханұлы! Пре­зидент және Қарулы Күш­тері­міздің Жоғарғы Бас қолбас­шы­сы ретінде Нұрсұлтан Назар­баев­тың Әскери-теңіз күштерін құру туралы Жарлыққа қол қо­йып, саланың аяғынан тік тұрып кетуіне қолдау көрсеткенін жоға­рыдағы жанды мысалдармен өте жақсы баяндадыңыз. Ал күн­делікті жұмыс барысында, яғни Әскери-теңіз күштерінің ішкі әлемінде өзіңіз көрген-білген, сезінген нақты қолдау-қуаттаулар есіңізде ме? Міне, енді осындай жайттарды өмірлік мысалдармен айтып берсеңіз...

– Қарулы Күштерді әуеде, суда және құрлықта әрекет ете алатын үш жақты құрылым жасау тапсырмасы бізге үлкен міндет жүктеді. Мемлекет басшысы нұсқауымен Қарулы Күштерге, оның ішінде Әскери-теңіз күштерін нығайтуға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын арттырылды. Елбасы Ақтауда шағын Қорғаныс министрлігін құрғысы келді, осы мақсатта мұнда Әскери-теңіз күштері, теңіз жаяу әскерлері және Батыс әскери аймағы, авиациялық база, Әскери-теңіз институты өмірден нақты көрініс тапты. Каспий теңізінен мұнай кен орындарының табылуы және оны өндіруге қадам жасала бас­тауы бізге кеме құрастыру бағдарламасын жасау қажеттігін ұқтырды. Елбасы осының бәріне зор қолдау көрсетіп отырды. Нұрсұлтан Әбішұлы теңіз­ші болмаса да, осы саланы таби­ғи интуициясымен жете білетін мықты стратег екенін аңғартты. Қазақстан Президентінің атом қаруы­нан бас тартуы әлем елдерінің ықыласын туғызды. Елбасымыз бұған атом қаруын қазақстандықтар қолдана алмайтындықтан немесе одан әрі дамыта алмайтындықтан емес, бейбітшілікті сүйгендіктен осы қадамға барды. АҚШ, Қытай, Ресей секілді алпауыт елдермен достық қарым-қатынасты дамытып, өз тәуелсіздігімізді баянды ету жолындағы жансебіл істерімен сарабдал саясаткер ретінде танылған Мемлекет басшысының Қазақстанда Әскери-теңіз күштерін дамыту, су акваториясымен өтетін іргені бекіту бағытындағы жұмыстары да көңілге қонымды. Мен Ақтау базасының командирі, республика Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы болып жүрген кезімде оған талай рет куә болдым. Елбасы теңізшілерге: «Сіздерді қалай тамақтандырады? Киімдеріңіз жылы ма, ыңғайлы ма? Қане, не киіп жүрсіздер?» деп сұрайтын. Оқу бөлмелерін, сыныптарды аралап көріп, казармаға бас сұқса, тіпті жуынатын бөлмедегі су ағатын шүмектердің дұрыс істеп-істемейтіндігіне дейін мән беретін. Бұл қамқорлық емес пе? Қаржы жетпей қиналған сәттерде: «Шыдаңдар, бәрі болады», дегені әлі есімізде. Қазір қараңыз, 20 жылда бізде материалдық жағдай айтарлықтай жақсарды.

– Елбасымен кездескен сәтте­ріңіз болды ма?

– Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевпен алғаш рет 1996 жылы Ақтауда жүздестім. Жасалып жатқан жұмыстар барысымен танысқан Президент маған: «Қане, 1-ші рангалы капитан мырза! Енді Тынық мұхиты, Сахалин аралдары емес, мына өз теңізімізді қолыңа ал», деді. Мен әркез осы сөздің үдесінен шығуға ұмтылдым. Жаңа құрылымның жаңа базасы маған аманат етілгендей сезіндім де сол аманатқа адал болуға тырыстым. Елбасы бұл саладағы еңбегімді ескеріп, 1998 жылы маған контр-адмирал атағын берді. Өстіп, еліміздің тұңғыш әрі алғашқы осындай әскери шенді адамы атандым.

Бірде біз Елбасымен арнайы іссапармен Киевке бардық. Түнгі сағат 2-3-ке дейін Нұрсұлтан Әбішұлының бөлмесінің жарығы сөнбеді. Сөйтсек, Украина Рада­сындағы кездесу үшін кітапханадан сол елдің кітаптарын алдырып, қажетті сөз­дерді, мақал-мәтелдерді, деректерді ер­теңгі жүздесуде пайдалану үшін түртіп алып отырыпты. Қаншама көмекшісі, нешеме кеңесшісі болса да, жұмысының ауырлығына қарамай, ұйықтамастан түні бойы іздену, кітапқа үңілу деген керемет табандылық қой! Мен, міне, осыны көрдім.

Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақ­станға, Қарулы Күштерге, Әскери-теңіз күштеріне жасаған қолдауын бір сұхбатта түгел айтып бере алмаспын. Қайталап айтатыным, Әскери-теңіз күштеріміздегі қол жеткен жетістіктердің, жасалған әрбір істердің бастауында Елбасы тұрғандығы анық. Осы саланың қалыптасып-дамуына тікелей қол­дауы өте көп болды.

Мен Нұрсұлтан Әбішұлын Пре­зидент ретінде, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде ғана емес, азамат ретінде қатты құрметтеймін. «Әу демейтін қа­зақ жоқ», дегендей, осы орайда оңашада қойын дәптеріме түсіретін азын-аулақ өлеңдерімнің ішіндегі Елбасына арналған шумақтарымды оқып бергім келіп отыр.

«Богом данный людям нашим, Сын народа – Нурсултан. В трудный час страну возглавил, Суверенный Казахстан. Было трудно – Союз распался, Потерялись связи все. Экономика упала, Деньги стали не в цене. И никто тогда не думал, Президентом даже стать. Очень трудно тогда было, Всю страну в руках держать. Интуиция и разум, Опыт жизни, знания. Помогают Вам трудиться, И дают признание. И в послании народу, Верьте мне, сказали Вы. Что задумал, то испольню, Я держу слова свои. Мы вам верим, вы пример нам, Как работать, как служить. Дорожить своим народом, И людей своих любить».

– Еліміздің Әскери-теңіз күш­терінің құры­лу, қалып­та­уын­дағы қилы кезең­деріне тоқ­талдыңыз. Енді сіз мы­на­ны ай­тыңызшы, Әске­ри-теңіз күш­теріміздің қазіргі әлеуеті қандай? Сосын, сөз соңында өздеріңіздің төл ведомстволарыңыз – Әділбек Жақ­сыбеков жетекшілік ететін Қорғаныс министрлігінің бүгінгі дәреже, деңгейі туралы да айта кетсеңіз.

– Құдайға шүкір, Әскери-теңіз күш­теріміз даму үстінде. Аз ғана тари­хының ішінде бұл құрылым Волга, Дон өзендеріне, Мәрмәр, Азов, Каспий теңіздеріне, Цимлянск су қоймасына, Босфор, Керчь бұғаз­дарына ізін тас­тап,Түркия, Ресей, Украина елдерінің су жолдарын кесіп өтті. Бұл – айтуға тұрарлық жетістік. Қазіргі Әскери-теңіз күш­терінің дамуында мамандар дайындау, заманауи қару-жарақпен қамту бағытына, сондай-ақ саланы жаппай дамытуға басымдық берілген. Кадрлар АҚШ, Ресей, Түркия, Қы­тай, тағы басқа ірі елдерде келісім-шарт негізінде дайындалады. Сон­дай-ақ әскери теңізшілеріміз Түркия, Корея, Германия, Пәкстан, Ресей, Әзербайжан мемлекеттерінде білім­дерін жетілдіріп, тәжірибе шың­дайды. Ал қару-жарақ дегенде, отандық кеме құрастыру ісі жолға қойылып, өркендеп келе жатқандығын алдымен айтуымыз қажет. Республика Қорғаныс министрлігінің тапсырысына орай, Оралдағы «Зенит» зауытында әс­кери кемелер жасалуда. Қазіргі таңға дейін бұл жерден отандық бірнеше кемелер мен катерлер көк теңізге жолдама алды. Қай іске де жаңашылдық, тәуекелшілдік керек десек, соңғы кездері «Зенит­тің» ірі сыйымдылықтағы, зама­науи тұрғыда жабдықталған зы­мырандық-артиллериялық кемелер, көп мақсаттағы корабльдер жасай бастауы көңіл қуан­тады.

Ал Қорғаныс министрлігіне келер болсақ, бұл ведомстводағы қол жеткен ерекше жетістіктер мы­на­лар дер едім. Бірінші – әскери кадрларымыздың әлемнің көптеген елін­де дайындалуы. Бұл – үлкен еңбек, ұйымдастыру жұмысындағы ерен іскерлік. Өйткені, кәсіби бі­лік пен машықты жетілдіруде отан­дық тәжірибені шетелдік озық әдіспен ұштастыра жүргізу – біздің әскерилеріміздің әмбебаптығын арттыратын бірден-бір таптырмас жол. Екінші – Қазақстан әскерилерінің халықаралық жаттығуларға белсенді қатыса бастауы және оларды өз елімізде батыл түрде ұйымдастыра білуі. Мұны кез келген ел істей ал­майды. Мысалы, Қырғызстан әскери-жаттығуға қаржы тапшылығы салдарынан оған қол жеткізе алмай отыр. Ал біздің еліміз жыл сайын өзіміздегі бес әскери округтегі жаттығуларды тұрақты түрде өткі­зіп қана қоймай, 1994 жылдан «Ор­тазбат» халықаралық оқу-жат­тығу­ларына, 1996 жылдан НАТО-ның «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасы шеңберіндегі сынақ­тарға қатысып келеді. Қазақстан әскері тарихындағы ең ірі оқу-жаттығулардың бірі «Қалқан-2000» болды және Ұлыбритания, АҚШ Қарулы Күштерімен бірлесіп өтіп тұратын «Дала қыраны», ҰҚШҰ шеңберіндегі «Іле», «Шеп», «Бейбіт миссия» оқу-жаттығулары да төл әскеріміздің тәжірибесін шыңдай түсуде. Ал үшінші жетістігі ретін­де Қорғаныс министрлігінің әске­рилерге әлеуметтік тұрғыдан жасап жатқан қолдауын айтар едім. Офицерлік құрамға жыл сайын тұрғын үй бөлініп, кезекте тұрғандар баспаналы болуда. Жұмысқа жаңадан келіп, әлі пәтерге қолы жетпеген жас кадрлар отбасыларының әрбір мүшесіне сол офицердің айлық жалақысынан тыс 37 мың теңге көлемінде қосымша материалдық көмек беріледі. Бұл жанұясында 3 адамы бар әскери үшін 111 мың теңге деген сөз. Оны ол ай сайын жалдаған пәтеріне төлеуіне болады. Сондай-ақ, қатардағы жауынгерлердің тек жаттығу, күзет, оқу сияқты таза әс­ке­ри қызметпен ғана айналысып, бұрынғы таптаурын қалыптағы ас­ха­­­­наға кезекшілікке барып картоп тазалап, ыдыс жуудан босатылуы да тамаша мүмкіндік. Әскери бөлімдердегі шаруашылық сияқты қосалқы жұмыстармен қазір жеке ауцорсингтер айналысады. Міне, Қорғаныс министрлігінің қазіргі жұмысын мен өз басым осындай ерекшеліктер арқылы жақсы бағалаймын.

– Әңгімеңіздің соңын елге, отандастарымызға деген жүрек­жар­ды ой-тілегіңізбен аяқтасақ дейміз.

– Мен қарбаласқа толы емес тыныш өмірді таңдаған болсам, Ресейде қалған болар едім. Өз Отаныма еңбек етіп, тәуелсіздігіміздің беки түсуіне перзенттік үлесімді қосу үшін Қазақстанға оралдым. Бұған еш өкінбеймін, керісінше, көңілімде қуаныш бар. Үлкен бе, кіші ме – әйтеуір бір шаруа бітірсем, елім үшін жасадым және Мемлекет басшысының қолдауы арқасында жүзеге асырдым. Сондықтан Пре­зидентке, Қорғаныс министрлігі бас­шылығындағы азаматтарға, өзіммен үзеңгі қағыстыра қатар жүрген әріптес-замандастарыма алғысым шексіз. Теңіздегі әскери қызмет мерзімім аяқталмай тұрып, туған еліме қызмет етуге үлгергеніме шүкіршілік етемін. Әскери Жар­ғыдағы тәртіпке сай жасымның келуіне байланысты отставкаға шық­тым. Қазір теңіздегі кен орындарына жағадан қолдау, сервистік қызмет көрсететін Баутино порты үшін кемелер жөндеумен айналысатын Ақтаудағы «Кеме жөндеу» зауыты АҚ бас директоры болып қызмет етіп жүрмін. Қайда жүріп, қандай жұмыс істесек те егемен еліміз да­ми берсін деген жалғыз тілек алға жетелеп отырады.

Әңгімелескендер

Жанболат АУПБАЕВ,

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

АҚТАУ.

Соңғы жаңалықтар