Отырысты ашқан Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну мерзімі 30 қараша сағат 18.00-де аяқталғанын еске салды. Орталық сайлау комиссиясына тізімдерін бес саяси партия ұсынған. Саяси партиялардың, Бас прокуратураның, Әділет, Ішкі істер және Қаржы министрліктерінің, аумақтық сайлау комиссияларының қатысуымен жиында екі мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндаған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 89-бабына сәйкес бір саяси партиядан тізімге енгізілген адамдардың саны саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санынан отыз пайызға аспайтын бір ғана тізімді тіркеуге болатынын айтты.
«Партиялық тізімде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс. Nur Otan партиясының партиялық тізімінде 126 адам бар. 40 әйел және 29 жасқа толмаған адамдар енгізілген. Бұл – тізімге енгізілгендердің жалпы санының 31,7 пайызы. Уәкілетті органдар ұсынған мәліметтер негізінде Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен «Сайлау туралы» заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Партиялық тізімге енгізілген барлық үміткер талаптарға сәйкес келеді», деді А.Смағұлов.
Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясының мүшелері «2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауына Nur Otan партиясының тізімін тіркеу туралы» қаулы қабылдады.
Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуға, Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 10 жылда тұруға, 25 жастан кіші болмауға және сайлау құқығына ие болуға тиіс.
Одан бөлек Комиссия мүшесі Анастасия Щегорцова халықаралық байқаушыларды тіркеу мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-2-бабына сәйкес шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша жүзеге асырады. 2020 жылғы 20 қарашада Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясы ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан 29 байқаушыны аккредиттеген еді. 25 және 26 қарашада Сыртқы істер министрлігінен тағы 10 байқаушыны тіркеу туралы ұсыныс келіп түскен. Олардың ішінде 6 байқаушы ТМД байқаушылар миссиясы құрамынан, 4 байқаушы Ислам ынтымақтастығы ұйымы миссиясынан аккредиттеледі.
Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы «2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы» қаулы қабылдады.
А.Щегорцова аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар бойынша деректер жаңартылып отыратынын атап өтті. ОСК халықаралық байқаушыларды 2021 жылғы 4 қаңтар сағат 18.00-ге дейін тіркейді.