Қазақстан • 03 Желтоқсан, 2020

Аутсорсинг жұмыскерлерінің құқықтары негізгі қызметкерлердікімен теңеседі

317 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аутсорсинг жұмыскерлерінің құқықтары негізгі қызметкерлердікімен теңеседі

Онда Сенат депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екі оқылымда қабылдады. Аталған заңға Парламент депутаттары бастамашы болды.

Бұл заң аутсорсингтік компания жұмыскерлерінің еңбек құқығын қамтамасыз етуге, оларға өндіріс кезінде алған жарақаттары мен соған байланысты қайтыс болған жағдайда өтемақы төлеуге және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді. Сенаторлардың айтуынша, персоналдарды беру қызметіне қатысты құқықтық реттеудің болмауына байланысты қарыздық еңбек жұмыскерлерінің құқықтарын өрескел бұзуға жол берілген. Бірдей лауазымда жұмыс істейтін, атқаратын міндеті, біліктілігі бір деңгейдегі жұмыскерлер компанияның штаттық қызметкерлерінен айтарлықтай төмен жалақы алады.

Олар салалық келісім шарттарымен қорғалмаған және жұмыстағы зиянды жағдай үшін қосымша төлемдер алмайды. Ұжымдық келісімшарттарға да қатыспайды, соған сәйкес ешқандай әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етілмейді. Саланың қызметтік түрі бойынша әлеуметтік сақтандыру жүйесінде сақтандырылмағандықтан жұмыс барысында алған жарақат пен соған байланысты қайтыс болған кезде де тиісті деңгейде қорғалмайды.

"Еңбек мәселесі қашанда өте маңызды. Сондықтан бұл саланы заңмен қорғау үшін әрдайым нақты қадамдар жасалып келеді. Соның бірі – бүгін қабылданып отырған заң", деді Мәулен Әшімбаев.

Осыған орай Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Соған байланысты аутсорсингтік компания жұмыскерлеріне еңбекақы төлеу кезінде кемсітушілікке тыйым салынады. Сондай-ақ, қосымша жыл сайынғы төленетін еңбек демалысы, жоғарылатылған жалақы, ауыр, зиянды және қауіпті жұмыста істейтін аутсорсингтік компания қызметкерлері үшін қысқартылған жұмыс уақыты қарастырылған. Одан бөлек, Азаматтық, Кәсіпкерлік кодекстер мен бірқатар Заңдарға түзетулер енгізу көзделген.

Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қарады.

Бұл заң жобасы әкімшілік-аумақтық құрылыс саласына қатысты заңнамаларды жетілдіруге арналған. Сондай-ақ, заң жобасы Үкіметке қалалардың мәртебесін ауылға өзгерту мәселесін қайта қарау жөнінде ұсыныс енгізу үшін өкілетті және атқарушы органдарға құзірет беру тетіктерін қарастырады.

"Осы құжат Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы заңнаманы жетілдіруге арналған. Алдағы уақытта бұл заң елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді деп сенеміз", деді Сенат Төрағасы.

Сенат отырысында депутаттар Жоғарғы Сот судьяларын сайлау және қызметтен босату туралы мәселені де қарады. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Сәкен Абдолла және Мәдениет Омарбекова Жоғарғы Сот судьялары болып сайланды. Жаңадан сайланған судьялар ант берді. Мемлекет басшысының ұсынуына және Конституцияға сәйкес сенаторлар Гахарман Дүйсенбаевты Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босатты.

Отырыс барысында Премьер-Министрдің атына үш депутаттық сауал жолданды. Ақылбек Күрішбаев өз сауалында ветеринария мәселесін көтерсе, сенатор Айгүл Қапбарова азаматтардың еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшуіне қатысты өзекті жайттарға назар аударды. Ал, Мұрат Бақтиярұлы Ұлттық аударма орталығының кітап басу және аудару жұмыстары бойынша сөз қозғады.