02 Желтоқсан, 2013

Елордада шыршалар сәуле шашты

357 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңа жылдық шыршаны жағу елімізде дәсүрге айналған. Елордамыздың «Есіл» ауданына қарасты Ақорда және қаланың ескі алаңындағы қалалық әкімдік алдындағы еліміздің бас шыршаларының шамын жағу рәсімі болып өтті.

Жаңа жылдық шыршаны жағу елімізде дәсүрге айналған. Елордамыздың «Есіл» ауданына қарасты Ақорда және қаланың ескі алаңындағы қалалық әкімдік алдындағы еліміздің бас шыршаларының шамын жағу рәсімі болып өтті.

Әдетте Астанада қар қарашада түсіп, жұртты әбігерге салып жататын. Биылғы жылы қар Тұңғыш Президент күні, яғни 1 желтоқсанда жауып, қыстың басталғандығын білдіргендей әсер қалдырды. Қыстың мұндай жақсы әсермен басталуын жұрт жақсылыққа балап жатыр. Қалай болған күнде де ұлпа қар мен ауа райының жайлы болуы балалар үшін ойнауға нағыз қолайлы кез екені даусыз. Кеше Астана аулаларында қармен ойнаған балалар бір рахаттанып қалды. Ал кешкісін олар ата-аналарымен бірге қала алаңдарына орнатылған шыршалардың айналасына топтасты. Сондай шараның бірі Астана әкімдігі алдында орнатылған қаланың бас шыршасының жанында өтті. Біз келген кезде мұнда қызу дайындық жұмыстары жүріп жатты. Шыршаның айналасы қардан тазартылып, жерге құм төселді. Артынша мерекелік шара балалар әнімен бас­талып, биге ұласты. Жаңажылдық киімдерін киген балалар мен ертегі кейіпкерлері мерекелік шараның әрін кіргізді.

Алаңда орнатылған биік шырша әдемі әшекейлерімен көз тартады, оның үстіне аппақ мамыққа оранған. Жиналғандар алдында сөз алған Сарыарқа ауданының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев алдағы келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, айтулы мереке табысымен келсін деген игі тілегін жеткізді. Еліміздің бас шыршасын жағу үшін балалар бар дауыстарымен Аяз Атаны ортаға шақырды. Қазақы ою-өрнектерімен көмкерілген тон киген ақ сақалды Қыс атасының келуімен шырша шамдары жағылып, жарқырап шыға келді. Құрамалы биік шыршаға мыңдаған ойыншықтар, диодтық шамдар мен гирлянділер ілінген. Шыршаның айналасында Аяз Ата мен Ақша қардың қатысуымен театрландырылған көрініс қойылып, айнала жүріп ән салынды. Ең бастысы – бас шыршалардың жанында отшашу болды. Өзін Гүлнұр Смағұлова деп таныстырған ата-анадан жаңа жылдық мерекеге көзқарасын сұраған кезімізде, мұның балалар үшін өте қажет екенін айтты. Оның пікірінше, бұл да халқымыз айрықша күтетін ерекше, өзіндік орны бар мереке. Сон­дық­тан да әлем болып тойлайтын мере­кеден сырт қалуымыз орынсыз болар еді.

Ақорда мен қаланың ескі алаңындағы бас шыршалар шамы жағылысымен, елордада орнатылған барлық шыршалар да жайнап шыға келеді. Осылайша елімізде жаңажылдық шаралардың басталуына ресми түрде екпін берілді. Қыстың бірінші күні ақ қардың түсуінен басталғандықтан, ақ тілегіміз алдағы жылы орындала берсін деп тілейік!

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар