Қоғам • 03 Желтоқсан, 2020

Алик Шпекбаев: Корпоративтік секторда жемқорлыққа қарсы тиімді шараларды жүзеге асырудамыз

166 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ағымдағы жылдың 3 желтоқсанында Алик Шпекбаев екі күндік жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді, деп хабарлайды Egemen.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алик Шпекбаев: Корпоративтік секторда жемқорлыққа қарсы тиімді шараларды жүзеге асырудамыз

Жұмыс сапары Бөрлі ауданынан басталып, Агенттік төрағасы сервистік әкімдікке табан тіреді. Әкімдікке жыл басынан бері 1200 әлеуметтік қызмет алған мыңға жуық азамат өтініш білдірді, оның 800-і онлайн түрде берілді.

Көршілес Шыңғырлау ауданында Агенттіктің жұмыс тобы мен көрнекті қоғам қайраткерлері жаңа сервистік әкімдік ашты. Онда тұрғындардың жайлы жағдайын арттыруға септігін тигізетін 54 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілетін болады. Аудан мектептерінің бірінде "е-Асхана" цифрлы жобасын жүзеге асыру туралы бастама көтерген "Адал ұрпақ" клубының қызметі таныстырылды.

Сонымен қатар А.Шпекбаев бір мезгілде 300 адамды қабылдай алатын және спорттың 19 түрі бойынша жаттығатын Қарашығанақ спорт кешеніне барды. Агенттік басшысының айтуынша, спорт кешенінде оқушылар үшін барлық жағдай жасалған, соның арқасында спортшыларға жақсы жағдай іздеп, басқа қалаларға кетудің қажеті жоқ.

1

Агенттік төрағасы "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." компаниясын аралау барысында өндіруші салалардағы жемқорлықтың алдын алудың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, корпоративтік комплаенс-қызметі жұмысының нәтижелерімен танысты.

"Мемлекет басшысының саяси ерік-жігерінің арқасында біз квазимемлекеттік секторда ғана емес, жеке корпоративтік секторда да сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді комплаенсті енгізу үшін сенімді құқықтық негіз қаладық. Integrity идеологиясын насихаттау дәл осындай ірі салалық компаниялардан басталуы тиіс. Кәсіпкерлер тазалық пен парасаттылық стандарттарын сақтауға неғұрлым көп көңіл бөлсе, соғұрлым тезірек бәсекеге қабілеттілікке қол жеткіземіз", деді А.Шпекбаев.

Естеріңізге сала кетсек, а.ж. 17 қазанынан бастап квазимемлекеттік сектор ұйымдарында парасаттылықтың корпоративтік стандарттарын сақтауға жауапты жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты заңнамалық деңгейде енгізілді.

1

Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы басшылардың өз ұжымдарында жемқорлықты жою және оның алдын алумен айналысу міндеті құр сөзбен емес, іс жүзінде болуы керектігін баса айтты.

Осыдан кейін Агенттік төрағасы Мемлекеттік кірістер басқармасына барып, Шыңғырлау ауданының жұртшылығымен, бизнес-қоғамдастығымен және активімен кездесті.

1

Ол жергілікті бюджеттердің оңтайлы жұмсалуына бақылауды күшейту қажеттігін атай отырып: "Агенттік "Ашық бюджеттердің интерактивті картасы" негізінде "Ашық бюджет" бірегей жобасын іске асыруда. Ол қоғамдық бақылауға және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға жаңа серпін береді. Оны іске асырумен Агенттіктің аумақтық департаменттерінің қызметкерлерінен, "Адалдық алаңы" жобалық кеңселерінің мүшелерінен және азаматтық қоғам институттарының өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобы айналысады. Сондықтан жұртшылықты жемқорлыққа қарсы технологиялардың заманауи құралдарын белсенді қолдануға шақырамын", деді агенттік басшысы.

Күн соңында А. Шпекбаев "Адалдық алаңы" республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Т.Байғұловпен және "Адал көмек" жобасының жетекшісі А.Омаровамен "Халық үні" жобасы аясында азаматтарды қабылдады.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше