Сұхбат • 04 Желтоқсан, 2020

Ғылым – тұрақты экономиканың діңгегі

437 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әлемдік деректер атласында (World Data Atlas) дүние жүзіндегі елдердің ғы­лымға жұмсаған қаражатының ста­тис­­тикасы жарияланыпты. Сон­да­ғы мәліметке сүйенсек, 2018 жылы Из­ра­иль ғылыми-зерттеулер мен әзір­ле­ме­­лерге ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 5,0 пайызын, екінші орындағы Оңтүстік Корея 4,8 пайызын, ал аталған көр­сет­кіш бойынша әлемдегі елдердің үздік үштігін аяқтайтын Швеция 3,3 пайызын бөлген. Қазақстан ғылыми-зерттеулер мен әзірлемелерге ІЖӨ-нің небәрі 0,1 пайызын бөлетінімен бауырлас Өзбекстан мен Әзербайжан елдерінен кейінгі 64-орынға тұрақтап тұр. «Ғылым – қаржылай қолдауға тікелей тәуелді» деп талай рет жаздық. Жоғарыдағы рейтингтен-ақ ғылымға бөлінетін қаржының теңізге тамған тамшыдай ғана екенін білуге болады. Иә, қаражат тым аз, бірақ сол бардың өзін ұқсата алып отырмыз ба? Анығын «Ғылым қоры» АҚ төрағасының орынбасары Бақытжан СӘРКЕЕВТЕН сұрадық.

Ғылым – тұрақты экономиканың діңгегі

Бақытжан Құрманбайұлы, оқырмандарға түсінікті болсын, оның үстіне қарапайым адамдардан бөлек ғалымдар да білмей жатады, «Ғылым қорының» негізгі бағыты қандай? Әуелгі әңгімемізді осыдан бастасақ.

– Қор 2006 жылы ғылымды қолдау мақсатында құрылды. Рас, әуелде өзінің функционалдық міндеттерін, негізгі жұмыс бағытын айқындай алмай, ауытқу да болды. Бірақ кейін бір ізге түсті. Қордың негізгі бағыты – отандық ғалымдардың жобаларын өндіріске енгізіп, нарыққа шығару, соған мұрындық болу. Яғни мұнда жобаны әзірлеуге емес, «сөзден – іске» деген ұстаныммен идеяны жүзеге асырып, оның пайдасын адамзат игілігіне жарату мақсатында коммерцияландыруға басымдық беріледі. 

Гранттық конкурстардағы жобалардың іріктеу талаптарына қатысты даулы пікірлер көп. Сіздер қалай таңдайсыздар?

– 2016-2018 жылдары 3 рет гранттық конкурс өткіздік. Электронды түрде қабылданған өтініштердің ішінен 157 жоба мақұлданып, қазіргі таңда сол жобалармен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде 90 жоба бойынша нақты өндірістер ашылған. Осы кәсіпорындардың жұмыс нәтижесінде 6,5 млрд теңгеден аса табыс түсіп отыр. Бұл – әрине жеткіліксіз көрсеткіш. Себебі көп жоба әлі өз аяғына жеткен жоқ. Негізі Қордың тәуелсіз сарапшылары алдымен жобаны маркетинг тұрғысынан сараптамадан өткізеді. Осы арқылы біз жобаның қорытындысында әзірленетін қандай да бір өнімге нарықта сұраныстың бар-жоғын анықтаймыз. Екіншіден, ғылымдағы жаңалық па, әлде ескіліктің өнімі ме – соған көз жеткізу үшін технологиялық  тұрғыдан сараптама жасалады. Осы талаптардан өткені Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының, одан әрі Ұлттық ғылыми кеңестің қарауына жолданады.

– Сөзсіз ғылымды қаржыландыру қажет, бірақ одан да маңыздысы – коммерцияландыру ғой. Біз осы екі ұғымның мәнін іске келгенде шатастырып алған жоқпыз ба?

– Шынында, өте орынды. Қаржыландыру дегеніміз – жобаны жасап, одан бір нәтиже шығатынын көрсету үшін немесе қандай да бір тақырыпты зерттеп, содан қажетті қорытынды шығару мақсатында қаржылай қолдау көрсету. Ал коммерцияландыру – бұдан ауқымы кеңірек ұғым, ғылыми-техникалық зерттеулер нәтижелерінің негізінде бизнес құру, кәсіп бастау, оның жұмысын жандандыру деген сөз. Біз конкурстарымыздан грант жеңіп алған ғалымдарымыздың жобаларын дәл осы коммерцияландыруға жұмыс істейміз. Мәселен, біздің Қор көптеген жобаларды коммерцияландыру үшін инвесторлар тартуды, ғалым мен кәсіпкерді байланыстыруды көздейді. Сол себепті бізге өзінің жобаларын өткізген ғалымдар өз қалтасынан жоба құнының ең кемі 10 пайызын салуы керек, болмаса сондай қаржы құятын кәсіпкерді табуы тиіс. Әлбетте біз де іздейміз, дегенмен өз идеясының іске асып, өндіріске енгізілуіне алдымен ғалымның өзі мүдделі болуы қажет. Екі ұғымды іс жүзінде шатастырып алмау деген осыдан шығады. Болашақта біз 10 пайыздық талапты 20 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отырмыз. Демек, ғалым өзінің интеллектуалдық жобасын кәсіпкерге береді, нәтижесінде екеуі де өз ісімен айналысады әрі екеуі де табыс табады. Қазірдің өзінде бұл бағыттағы жұмыс жемісін беріп үлгерді. Айталық, жоғарыда аталған 90 жобада ғалымдар мемлекеттік қаржыландырудан бөлек өздері немесе инвесторлар мен серіктес кәсіпкерлер арқылы орташа есеппен әр жобаның 16 пайыз қаражатын тапқан.

«Ғылым қоры» қаржыландырған, коммерцияландыруға атсалысқан жобалардың ішіндегі қайсысын айрықша атап өтер едіңіз?

– Бір грант алушыларымыз бие сүтінен ұнтақ ретінде, құрамындағы пайдалы заттарды сақтай отырып капсула жасап шығарған. Бие сүтінің денсаулыққа пайдасы зор екенін бәріміз білеміз. Бұл өнімді биологиялық белсенді зат ретінде тамақпен бірге жей беруге болады. Еліміздің әр өңірінен өнімге деген сұраныс артып келеді. Бұдан бөлек Қытай елінен де капсулаға тапсырыс түсті.

Назарбаев университетінің ғалымдары «Родина» агроөндірістік ЖШС-мен бірлесіп «Нәр» симбиотигін әзірлеп, өнім өндіріске енгізілді. Бұл – емдік қасиеті бар сүт өнімі, алайда айран да, йогурт та емес. Бұның нарықтағы ең жақын баламасы – адам ағзасына пайдалы, иммунитетті көтеретін активиа. Бірақ мұның өзі «нәрді» толық алмастыра алмайды. Өйткені активия бір ғана пайдалы микроағзадан әзірленген. Ал «Нәрді» қымыз, шұбат, айраннан пайдалы микроағзаларды бөліп, бәрін үйлестіре бір өнімге айналдыру арқылы жасап отыр. Сондықтан бұл – бірегей өнім. Осы өнімді жасап шығару үшін ғалымдар 10 шақты жыл бойы зерттеу жүргізіп, еңбектенді. Себебі бірнеше микроағзаны үйлестіру өте қиын. Қазіргі таңда «нәр» астаналық дүкен сөрелеріне сатылымға шықты. «Родина» ЖШС осы өнімнен түскен пайданың 10 пайызын Назарбаев университетіне аударып отыр. Бүгінде симбиотикті шығаруға инвестордан тартылған ақша 120 млн теңгені құрады.

Тағы бірі – мұнайдың қалдықтарын тазалау арқылы шикізатты қайта өңдеудің өнімділігін арттыратын технология. Бұл инновациялық технологияны қызылордалық ғалымдар ойлап тапты. Аталған салада «ауыр мұнай» деген ұғым бар, осы «ауыр мұнай» бұған дейін өңделмей, компаниялардың қалдықтарға арналған арнайы бактарында сақталып жататын. Мұндай қалдықтарды өңдейтін шетелдік технология бар, бірақ оның құны өте қымбат. Ал грант алушыларымыз ұсынған өңдеу технологиясы шетелдікіне қарағанда әлдеқайда арзан әрі тиімді болды. Ғалымдар өздері әзірлеген жаңа технологияның нәтижесінде Қызылордадағы «Құмкөл» мұнай компаниясына ақылы қызмет көрсетіп, пайда тауып отыр. Осы жобаға біздің Қор 300 млн теңге салса, бизнес өкілдері тарапынан 380 млн теңге қаржы құйылды.

Ал «Ордабасы құс» компаниясы Қазақ тағамтану академиясының жасаған ғылыми әзірлемесімен үндіктің етінен жаңа өнім түрлерін нарыққа шығарумен айналысып отыр. Мәселен, сіз үндіктің етінен қазы жеп көрдіңіз бе? Осы жобаға Қор 300 млн теңге құйса, грант алушы тарапынан 400 млн теңге қарастырылды.

Мінекей, нәтиже. Көрдіңіз бе, ғылым – технологияның, инновацияның, бизнестің, ақыр аяғы тұрақты экономиканың діңгегі.

Байқауымызша, барлық жобалар жаратылыстану бағытындағы ғылыми әзірлемелерден іске асырылған екен. Сіздер гуманитарлық бағыттағы ғылыми зерттеулер мен нәтижелерді қаржыландырмайсыздар ма?

– Біз ғылымды бизнеске айналдыру, яғни коммерцияландыру бағытында жұмыс істейтіндіктен көбіне гуманитарлық саладағы ғалымдарға грант бұйыра бермейді. Біреуі бар, латын әліпбиінде көркем әдебиеттерді, соның ішінде ғылым туралы  кітаптарды шығаруға қатысты болды.

– Сөзіңіз аузыңызда, қазір елімізде кітап бизнесі өте қарқынды дамып келеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып ғылымды насихаттайтын қызықты кітаптар мен журналдар шығаруға болмас па?

– «Ғылым қоры» мемлекеттік ұйым болғандықтан, қаражат нақты мақсаттарға беріледі. Десе де ұсынысыңыздың жаны бар. Өйткені жас ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығын арттырмасақ, ғылымға тартпасақ, кім келеді? Оның үстіне ғылымды насихаттайтын қазақ тіліндегі ғылыми журналдар мен кітаптар мүлде жоқ. Сол себепті мұны да мақсатты түрде қолға алу керек.

– Үкіметтік ұйымдар желтоқсан жақындағанда жұмыс бастайды. Сондағысы, сол жылға бөлінген ақшаны жарату керек. «Ғылым қорына» да мемлекеттен млрд-таған қаржы беріледі. Биылғы бюджет толық игерілді ме?

– Ақша игерілмей жатқан жоқ, керісінше жетпей жатыр. 2016-2018 жылдары өткізілген конкурста Ұлттық ғылыми кеңес шешіміне сәйкес қаржыландыруға қолдау тапқан жобалардың саны жалпы құны бізге бөлінген қаражаттан көп болып шықты. Мемлекет Қорға осыншама көп жобаларды қаржылай қолдауға қаражат қарастырмады. Соңғы уақытта берілген ақшаның барлығы сол 2016-2018 жылдардағы конкурстың жобаларына беріліп жатыр. Сондықтан да біз қаржы тартудың жоғарыда айтқан басқа да жолдарын, тиімді тетіктерін табумен айналысып жүрміз ғой. «Ғылым қорына» жылына бөлінетін қаражат көлемі – 5,5 млрд теңге. Бұл дегеніңіз – осы елордадағы салынған 200 орындық инфекциялық 1 аурухананың құны. Жалғыз аурухананың құрылысына кететін қаржыны барша елдің ғалымдарына, жыл сайын түсетін жүздеген жобаларға беріп отырмыз. Айталық, маңызды мәселенің бірі – биыл елімізде жұмыспен қамтуға барлығы 1 трлн теңге (республикалық бюджеттен 300 млрд теңге, қалғаны басқа көздерден) бөлінді. Осы қаражатты ғылымға, ғылыми жобалардың негізінде ашылған кәсіпкерлікке бөлсе, жұмыссыздық өздігінен жойылар еді ғой. Мысалы, біз грант бөлген 90 жобаның нәтижесінде 1 300 тұрақты жұмыс орны ашылды.

Негізі ғылымға деген біздегі көзқарастың қандай екенін сөз басында келтірілген сіздің дәйектемеңізден-ақ білуге болады. Ғылымға бөлінетін қаржы – өте аз. Білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қарасаңыз, ғылымға бөлінетін қаражат көлемі «0,1; 0,2; 0,3 пайыз» деп келе жатады да, бағдарламалық жоспардың аяқталатын жылдарында сол көрсеткіш бірден 1 пайызға шығып кетеді. 

– Сонда біз белгіленген 1 пайызға 2025 жылы да жете алмаймыз ба?

– Мемлекет ғылымға бөлінетін қаражат көлемін ұлғайтпайынша, жете алмаймыз. Мүмкін мемлекеттік ұйымдардың, әсіресе қаржыландыру органдарының ғылымға деген көзқарасы оңалып, қазіргідей шетке ысырып қоймайтын күнге жетіп, қаржы көлемі өсетін шығар. Ғылымның қаншалықты қажет екенін, маңыздылығын індет келгенде түсіндік қой. Егер ғылымға дер кезінде қаражат құйғанымызда, індеттің дәл мұндай салдары болмас еді. Ғылыми негіздемесіз кез келген салада алға бір қадам жылжу мүмкін емес.

 

Әңгімелескен

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»