Қоғам • 04 Желтоқсан, 2020

Ерекше педагогика (Елімізде инклюзивті білімге зәру 161 156 бала бар)

1251 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Он жылға жуықтады. 2011 жылдан бері елімізде мүмкіндігі шектеулі және ерекше педагогикалық тәрбиеге зәру балаларға қолдау көрсетудің инклюзивті бағдары (ЕПҚ – ерекше педагогикалық қажеттілік) талқыланып, біртіндеп енгізіле бастағаны белгілі.

Ерекше педагогика (Елімізде инклюзивті білімге зәру 161 156 бала бар)

Алайда әлі күнге дейін ресми білім беру жүйесі мұндай бала­ларға қолдау көрсетуді толық атқара алмай отыр, сондай-ақ кем­тар балалармен жұмыс жүр­гізу­дің бірыңғай жүйесі әлі де пысық­тауды, жетілдіруді талап етеді.

Атап өткен жөн, әдеттегі мектепте ЕПҚ зәру балалар түрлі кедергілерге тап болып жатады. Біріншіден, мұндай балалармен сы­ныптастары жақсы қарым-қаты­наста болғанымен, ата-ана­лар­дың көпшілігі түсіністік таны­тып, қалай бермейтіні шындық.

Кей жағдайларда педагогтер да ерекше білім алуға қажет­тіліктері бар балаларды оқытудың жаңа бағдарлары мен балаларды оқытудың жеке жоспарларын әзірлеуге дайын болмай шығады. Рұқсат етілген нормалар бойынша сыныпта ерекше білім алуға зәру балалар саны екі оқушы­дан аспауы тиіс. Мұғалімдердің барлығы бірдей бір сыныпта бірден екі бағдарлама бойынша – барлық балаларға және ерекше педагогикалық қажеттілігі бар балаларға бір мезгілде сабақ өткізе алмайды.

Сондай-ақ ерекше педагогикалық тәр­бие­ге зәру баласына мұғалімдер тарапынан тиісті көңіл бөлінбейді деп санайтын ата-аналар да бар.

Ендеше осынау шешімін күткен жайттар кезекті рет «Қазақстан және Орталық Азия отбасы институты» білім беру мекемесінің ұйытқы болуы­мен «Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі ба­ла­­­лар: мәселелері мен ерекше қажет­ті­лік­тері» онлайн мәслихатында көтерілді.

Бұл жайттарға – арнаулы түсі­нік­тің және қажетті білімнің, инк­лю­зив­тік төзімділік мәдениетінің және жалпы ба­лаларға, мүгедек балаларға қолдау көр­сетуге дайындықтың болмауы түрткі бо­лып отыр.

Екінші бір себеп – кейбір ата-аналар тарапынан басқаның баласындағы жағдайға деген немқұрайды көзқарас. Үлкендерде өз балаларын ЕПҚ зәру бала­ларға көмек көрсетуге ша­быт­тан­ды­руға, үлгі көрсетуге деген ниет­тің бол­мауы да бұл істі қоғам болып алға ж­е­­телеуге кедергі келтіреді. Өйткені, тағ­­­дыр тәлкегіне ұшыраған жандарға қай тұр­ғыда болсын, жанашырлық пен қол­дау ауадай қажет.

Айналып келгенде инклюзивті білім берудегі жарияланымдар, жаңа бағ­дар­лар, заң жобалары мен  Білім және ғылым министрлігінің қаулыларының жеткіліктілігіне қарамастан, адамдар арасында «инклюзивті қоғам» деген нақ­ты түсінік жоқ, қоғамда әр адам мү­­гедектігі бар, ЕПҚ зәру мүм­кін­дік­тері шектеулі балалардың өз­дерін қо­ғам үшін пайдалы және қажет­ті се­зі­нулеріне көмектесуге ұмты­луы тиіс. Со­ны­мен қатар «инклюзия», «интег­ра­ция», «түзету және арнайы білім бе­ру», «мүгедектерді оқыту» сияқты сөз­дерді жеке тәуелсіз терминдер мен ұғ­ым­дар ретінде емес, синонимдер ре­тін­­де қа­был­дайтындықтан да бірқатар тү­сін­бес­тіктер орын алып жатады.

Мектепке дейінгі білім беруден мектепте білім алуға көшу кезінде «ерекше» баланы «қолдан-қолға» беру және қабылдау тетіктері қарастырылмаған. Баланы мектептен кәсіби ортаға ыңғайлы көшіру жүйесі де ойластырылмаған.

Ерекше білім беру қажеттілігі де­ге­німіз – оқушының психологиялық, педаго­ги­калық және әлеуметтік көмекке деген қажеттілігі, мұнсыз тиісті деңгейде білім алу қиын немесе мүмкін емес. Ер­ек­ше білім берілуіне зәру балалар – бұл білім алуда тұрақты немесе уақытша қиын­дықтарға тап болатын балалар. Мүмкіндігі шектеулі балалар – есту, көру, сөйлеу, ақыл-ой кемістігі бар балалар.

Қазіргі уақытта «ерекше» баланы қо­ғаммен біріктіруге және әлеумет­тен­діруге, оның жеке басының шығар­ма­шы­лық ресурсын ашуға ықпал етуге және қолдауға мүмкіндік жоқ. Мәселен, Қазақстанда 2020 жылы жаңа оқу жылы басталғанда ерекше білім берілуіне қа­жет­тілігі бар 161 мыңнан астам бала анық­талды. Олардың ішінде мектеп жасына дейінгілер – 54 502. Алматыда 18 жасқа дейінгі жалпы бала саны 499 489 болса, оның ішінде 583-і ерекше қажеттілігі бар балалар.

Сол сияқты 2019-2020 оқу жылында еліміздің 86 жоғары оқу орнында ерекше бі­л­ім берілуіне қажеттілігі бар 1 233 студент білім алды.

 

Шығармашылық әлеуметтендіру орталықтары керек

Сондықтан да Қазақстанда ерекше педагогиканы қажет ететін балалар үшін филиалдары бар шығармашылық әлеуметтендіру ор­талығын құру керек, деп есептейді Қазақстан және Ор­та­лық Азия бойынша Отбасы инс­ти­тутының атқарушы ди­рек­торы Эль­мира Әлиева. Ол: «Қо­ғам­­дағы ин­клю­зивті ­мәдениет жағ­дайында әлеу­мет­тенудің түпкі нәтижесі баланың қоғамға бейімделуі, яғни оның жеке қалауын, ұмтылысын, әлеуетті мүм­кін­дік­тері мен қабілеттерін сақтай отырып, оның өзіндік шығармашылық өмірін қалыптастыру. Бізде шығармашылық арқылы әлеуметтендірудің жақсы тә­жіри­бе­сі бар. Бұл «Алматының қызыл алмасы – мықты және бақытты отба­сы­ның символы» – балаларға арналған инклю­зивті фестиваль. Біз бұл үлгіні Қазақ­стан­ға түгел таратып, балаларды шығар­машылық арқылы әлеу­мет­тен­дірудің жаңа Adaptation орталығын құр­ғымыз келеді. Біз инвесторлар іздеу үс­тіндеміз және мемлекеттің көмегіне үміт­теніп отырмыз», дейді.

 

Кінәратты ерте анықтау маңызды

Өз кезегінде Президент жанындағы Отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Шолпан Сыздықова: «Ерекше білім беруді қажет ететін балалар да елдің азаматтары. Қазіргі заманғы инклюзивті қоғам құру – жоғары әлеуметтік жауапкершілігі бар дамыған және адамгершілік мемлекеттің белгісі. Қазақстанның мемлекеттік саясаты барлық азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге, әлеуметтік, эко­но­микалық, мәдени мәртебесіне қара­мастан сапалы білім алуына бағыт­тал­ған. Инклюзивті білім беру ел­дің білім беру жүйесін дамытудың стратегиялық бағыттарының бірі ретінде қарас­ты­ры­лады және қоғам дамуының қазіргі ке­зеңінің жетекші үрдісі. Ел заң­на­масында ерекше білім беру қажет­тілік­­­­­т­ерінің алуан түрлілігін ескере отырып, жеке мүмкіндіктеріне қарамастан, барлық азаматтардың сапалы білімге қол жеткізу құқығына кепілдік берілген. Бұл мәселедегі ең негізгі бағыттың бірі – баланың өсіп-жетілуіндегі кемшілік белгілерін ертерек анықтау.

Қазақстанда мүмкіндіктері шектеулі балаларға кешенді көмек көр­сетуді жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жыл­дарға арналған Жол картасы шең­бе­рінде мүмкіндіктері шектеулі балалар өмірінің барлық кезеңдерінде мекеме­аралық өзара іс-қимыл құру қарас­ты­рыл­ға­нын атап өткен жөн. Бұл бағытта бірқатар іс-шаралар бел­гі­леніп отыр, олардың ішінде: зат ал­ма­судың тұқым қуалайтын ауруларын анық­тау үшін жаңа туған нәрестелердің іріктемелі скринингін енгізу (орфандық (сирек кездесетін) аурулар орталығын құру), кереңдік/құлақ мүкістігінің дамуы бо­йынша қауіп тобындағы сәбилерді ерте диагностикалау және оңалту (Тренинг-орталық құру), психофизикалық даму скрининг, офтальмологиялық скрининг, ерте араласу, баланың білім алуға бейім­ділігін анықтау, оңалту орта­лық­тары, балабақшалардағы арнайы топтар, психо­логиялық-педагогикалық түзету каби­неттері, ресурстық сыныптар құру қарас­тырылған. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балалардың осал жағдайларын зерделеу мақсатында әлеуметтік педагог пен әлеуметтік қызметкердің қатысуы да көз­делген.

«2010 жылдан бастап Қазақстанда неонаталдық скрининг белсенді ен­гі­зіліп, табысты жұмыс істеді. Бұл тұқым қуалайтын ауруларды ерте анық­тауға, ерте мүгедектікке, нәрес­те­лер мен ба­ла­лар өлім-жітіміне әке­ле­тін ауру­лар­­дың ауыр клиникалық көрініс­те­рі­нің дамуын болдырмау үшін ем­деу­ді уақтылы тағайындауға бағыт­тал­­ған. Қазір скринингке жаңа ту­ған нәрестелерді фенилкетонурия мен туа біткен гипотиреозға жап­пай тексеру кіреді. Алайда қазір тұқым қуалайтын метаболикалық аурулармен ауыратын ба­лалар көп, олардың диагнозын анықтау мүм­кіндігі бар және дер кезінде анықтау аса қажет іс», дейді балалар психиатры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ клиникалық пән­дер кафедрасының профессоры Қор­лан Сәдуақасова.

 

Саламатты қоғам белгісі

2016 жылдан бері «Алматының қызыл алмасы – мықты және бақытты отба­сы­ның символы» фестивалін қолдап жүрген «Күзет» мамандандырылған күзет бөлімшесі» АҚ Директорлар ке­ңе­сінің төрағасы Юрий Фомин көте­ріліп отыр­ған осы мәселелерге өзде­рінің әлеу­­меттік жауап­кершілік жолындағы мақсаттары сәйкес келетінін атады.

– Саламатты қоғам кемтар және мате­риал­дық мүмкіндіктері аз адамдарға көмек­тесуі керек. Біз бәріміз балаларымызды жақсы көреміз, олардың дені сау, бақытты болғанын қалаймыз. Бірақ кез келген адам осындай жағдайға тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда бала тәрбиесі мен оны өсіру міндетін өз бетінше шешу өте қиын. Біз үшін балалардың өмірге дайын, сенімді болуы және өздері үшін тұра алуы маңызды. Ерекше күтімді қажет ететін бала­ларды қолдау және шығармашылық дамыту үшін Adaptation кон­сультациялық-дамыту орталығын құру идеясы біздің компаниямыздан қол­дау тапты және бұл бағдарға бизнес-қо­ғам­дастық пен мемлекет қолдау көр­сетеді деп үміттенемін. Кез келген бизнес әлеуметтік ортада жүзеге асырылады. Сондықтан қоғамның, әсі­ре­се балалардың мүдделерін елемеу мүм­­кін емес. Балаларды физикалық және рухани сауықтыру орталықтарын ұйым­дас­тыруға дайын адамдарды бірік­тіріп, қаржылай қолдайық», дейді Ю.Фомин.

 

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл не деді?

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық, шығармашылық әлеуетіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өткені аян. 

«Мәдениет және спорт саласында бюджет қаражатын жұмсаудың басты басымдығы – бұқаралық балалар спорты мен өнер үйірмелері. 2019 жыл­дың тамыз-қыркүйек айларын­да өңір әкімдеріне осы міндет туралы хат жолданды, бірақ елен­беді және Президент Жолдауынан кейін де 2020 жылғы бюджеттер балалардың қажеттіліктерін ескерусіз құрылды және кәсіби спорт командаларын қаржыландыруға пайдаланылды. Біз «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға мемлекеттік тапсырыс аясын кеңейту мақсатын көздейтін өзгерістер мен толықтырулар әзірлеп ұсындық. Қазір Парламентте бірнеше нормативтік-құқықтық актілер қарастырылуда. Олар қолда бар бюджеттерді жергілікті билік органдарының спорт пен мәдениетке тиімді жұмсау мақсатын көздейді. Яғни рес­публикалық бюджеттен қосымша қар­жыландыру талап етілмейді. Мен бейіндік заңнамаға ұсынылатын толық­тырулар балалар мәдениеті мен спор­ты­ның ерекшелігі талап ететін түрде дәл қабылдануын және 2020 жылдың соңына дейін қабылдануын талап етемін», дейді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қазір өңірлердің бюджеттерін қалыптастыру жүріп жатыр және ұсынылған заңдар әкімдіктерді бюджет ақшасын Қазақстан халқының – балаларының мұқ­таждық­тарына жұмсауды міндеттейді, спорт секциялары мен өнер үйірмелерін тегін етуге және оған қатысушылардың бар­лығы (жеке ұйымдарды қоса алғанда) спорттық қызмет көрсететін секциялар мен шығармашылық үйірмелер – ата-аналардан емес, мемлекеттік тапсырыс бойынша ақша ала алады дейді. Бұл бала­ларға сүйікті ісімен айналысуға, өз қабі­лет­тері мен дарындарын дамытуға,  елге лайықты азаматтарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Барлық меншік түріндегі қолда­ныс­тағы және болашақ секциялар мен шығармашылық үйірмелерде балаларды жаттықтыратын-оқытатын ересектер үшін мыңдаған жұмыс орнын ашады.

 

Сандар, көрсеткіштер және тағдырлар

Білім беру, денсаулық сақтау, әлеу­мет­тік қорғау ұйымдарында, қоғам­дық және жеке ұйымдарда білім беру бағ­­дарламалары бойынша оқыту­мен, тәрбиемен және оңалту-педа­го­ги­­ка­лық қолдау бағдарымен 155 647 бала қамтылған, бұл 96,58%-ды құ­рай­ды. 2019 жылмен салыс­тыр­ғанда ерекше білім берілуіне зәру балаларды оңалту-оқытумен қам­ту 1%-ға ұлғайды (2019 жылы – 95,58, 2020 жылы – 96,58%). Оның ішінде: арнайы білім беру ұйымдарында – 21 479 бала (13,3%), жалпы білім беретін мек­тептердің арнайы топтарында/сыныптарында – 18 511 бала (11,5%) бар.

Ал инклюзивті топтарда/сыныптарда (дені сау балалармен бірлесіп оқыту) – ерекше білім берілуіне зәрулігі бар 69 701 бала немесе 43,2%ы оқиды. Сонымен қатар үйде білім алатын 12 982 (8%) бала есепте тұрса, кәсіптік мектептер мен колледждерде 2 306 ұл мен қыз (2,2%) білім алып отыр. Жеке, қоғамдық білім беру ұйымдарында – 14 970 бала (9%) тіркелген. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен оңалту орталықтарында тү­зе­ту – пе­дагогикалық қолдау бар­­лығы 40 610 балаға (25,2%) көр­сетіледі, оның ішінде ауыр пси­хи­ка­лық ауытқуларға байланысты мектеп ұйымдарына бармайтын балалар – 2 415 (2,3%). Әлеуметтік қорғау жүйесінде психикасының ауыр бұзылыстары бар (ауыр және терең ақыл-ой кемістігі бар, білім беру ұйым­дарында білім беру стандартын мең­геруге қабі­лет­сіз) 4 493 (2,7%) бала тү­зету-педагогикалық қолдау алады.

Жалпы еліміздің білім беру жү­йесінде ерекше білім беріл­уі­не зәру ба­ла­ларға тегін пси­хологиялық-педа­гогикалық қол­дау көрсету үшін 98 арнайы мектеп, 38 арнайы балабақша, 15 оңалту орталығы, 75 психо­ло­гиялық-медициналық-педа­го­ги­ка­лық кеңес, 200 психо­ло­гия­лық-педагогикалық түзету ка­бинеті жұмыс істейді.

 

АЛМАТЫ