Саясат • 04 Желтоқсан, 2020

Мемлекеттік комиссияның міндеті айқын

168 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекет­тік комиссияның бірінші отырысы өтті, деп хабарлады akorda.kz сайты.

Мемлекеттік комиссияның міндеті айқын

Биыл 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.

Осыған орай кеше Нұр-Сұлтан қала­сында Қазақстан Республикасы­ның Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшер­баевтың төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірін­ші отырысы өтті.

Мемлекеттік комиссия құрамына Президент Әкімшілігі мен Үкіметінің өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжіліс­тің депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйымдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еліміздің ғалым­дары бар. Барлығы Комиссия құрамына 49 адам кіреді.

Мемлекеттік хатшы өзінің сөйлеген сөзінде Мемлекеттік комиссияның бас­ты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру екенін атап өтті. Материалдарға жан-жақты әрі кешенді зерделеу жүргізгеннен кейін, халықаралық тәсілдер мен стандарттар негізінде толықтай заңды, ал жекелеген санаттарға қатысты – қуғын-сүргін құрбандарын саяси ақтау жос­парланып отыр.

Отырыс барысында Мемлекет­тік ко­мис­­сияның қызметін ұйымдас­тырудың мін­дет­­тері мен негізгі сәттері, оның 2020-2021 жыл­дарға арналған жұмыс жоспары, қу­ғын-сүргін құрбандарының түрлі топтарын ақтау жөніндегі қызметті әдіснамалық қам­тамасыз ету мәселелері қаралды. Қу­ғын-сүр­гінге ұшыраған әртүрлі топтарды ақ­тау ба­ғыттарын пысықтау үшін арнайы жұ­мыс топтарын құру ұсынылды. 

Отырыс қорытындылары бойынша Мемлекеттік комиссия төрағасы Қырым­бек Көшербаев мүдделі мем­лекеттік және жергілікті атқарушы органдарға Мем­лекет­тік комиссия қызметі мәселелері жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.