Суретті түсірген Болат Омарәлиев
«Egemennіń» белді журналистерінің бірі Арман Октябрьдің мерейтойлық сұхбаты «Надежда апай, 80 дейтін белестің биігіндесіз. Есенқұл ініңіз айтқандай, тіршілікте адам шіркін қашқанға да, қуғанға да ілесіп, жақсыны да, жаманды да көреді. Қолыңызға домбыра ұстаған моншақтай күніңізден Алаштың аялы алақанында келесіз. Асқан асу, аттаған белес, жүріп өткен жолыңызға осы биіктен көз тастағанда нені көресіз?» деген сауалымен өрілген екен.
Өнегелі өнер иесі: «Аспанкөңіл қазақтың аппақ ниетін көрем. Зау биікпен астасқан асқар шыңдары бар салқар даланы көрем. Алатаудай айбынды, Алакөлдей айдынды халқымды көрем. Алақанына салып, құшағын ашқан, көңілі тау бұлағындай таза ақеділ ағайынды көрем. Қадірі алтыннан биік қаранар ағаларды, тектілікті тұмар еткен аяулы аналарды көрем. Міне, осылар менің өнерім мен өмірімді өрге сүйреді, басымды төрге сүйреді, жығылғанда жаныма жалау болды. Атымды бәйгеден келтіріп, ақыным деп арқамнан қақты. Ақ тілегін аяған жоқ. Алла аузыма сөз салып, басыма бақ қондырса, қандай да бір биікке жеткен болсам, арманы биік адамдардың ақ-тілегінің шарапаты деп білем», деген екен.
Ендеше, әлеуметтік желіден осыдан 50 жыл бұрын түсірілген жаны сұлу ақынның сирек суретін тауып, оның сырын оқырманмен бөлісіп отырған жайымыз бар.
– Бұл суретті 1970 жылы түсіріппін. Өзімде 50 жыл сақтаған екенмін.
Өмірде қызғаншақ емеспін, бірақ өз фотоөнеріме келгенде қызғаншақпын. Айтыскер және жазба ақын Надежда Андреевна Лушникова қазақтың ортасында, ауылда туып-өскен, қазақы тәрбиеленген дарынды қыз. Мектепті де, жоғары оқу орнын да қазақша бітірген. Бұл суретті Надя Қызылорда педагогикалық училищесінде оқып жүргенде түсірудің сәті келіпті.
– Алматыдан Әсет Бейсеуов пен Тұманбай Молдағалиев екеуі келіп, педучилищеде оқырмандарымен, студенттермен кездесу кеші өтті. Сонда басқа да ақын қыздармен бірге өлең оқыды. Интернетті қарасам, Надя Қазақ педагогикалық институтын 1969 жылы бітіріпті. Өзі біраз оқып кеткен педучилищеде де мұғалім болды деп естігенмін. Ал суретті 1970 жылы түсірдім. Сонда Надя 30 жаста екен, – дейді қызылордалық ардагер фототілші Болат Омарәлиев.
«Сол күні есімде, Тұманбай жаңа өлеңдерін оқыды. Әсет жаңа жазылған «Алтыным» әнінің осы жерде тұсауын кесіп, тұңғыш рет орындап жатқанын айтты. Көп нәрсе есте қалмапты, қайта Тұманбай мен Әсеттің келгенін ұмытпаған екенмін», деп еске алады шығармашылық қоржыны қазынаға толы байырғы фототілші.
АЛМАТЫ