Қоғам • 05 Желтоқсан, 2020

Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған ғылыми-теориялық онлайн-конференция өтті

867 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматыда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы  Тарих және этнология институты,  Білім басқармасы және ТЭИ Жас ғалымдар кеңесі Ш.Ш. Уәлихановтың 185 жылдығына арналған «Рухани жаңғыру аясындағы Ш.Ш. Уәлихановтың тарихи-мәдени мұрасы» атты Халықаралық ғылыми-теориялық онлайн-конференциясын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған ғылыми-теориялық онлайн-конференция өтті

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Зиябек Қабылдиновтың модераторлығымен өткен бұл жиында Қазақстанда және ТМД елдерінде шоқантанушы ғалымдардың бір-бірімен пікір алмасуына мүмкіндік берді.

Жиынға қатысқан тарихшылар Шоқанды зерттеу бағыты КСРО кезінде табылған тарихи деректерге көбірек сүйенетінін айтты. Жиынға қатысқан тарихшылар, шоқантанушы ғалымдар айтып өткендей, оның бойында тарихшының, географтың, әдебиетшінің, тіл білімін зерттеушінің және жауынгердің таланты үйлесім тапты. «Пенде атаулыда сирек кездесетін ұлы талант оған шынайы достарды сыйға тартты”, – деп жазады Олжас Сүлейменов..  

Астаналық шоқантанушы Раушан Нұрханқызы Иманжүсіп Шоқанның жұмбағы күні бүгінге дейін ашылмағанын тілге тиек етіп өтті. ХХ ғасырдың да  Шоқанға ықыласы оң болды. Қам­шы­ның сабындай аз ғана ғұмы­рын­да халқына мол мұра қал­дыр­ған Шоқанды зерттеудің әлі жет­кі­ліксіздігін, тіпті ХХІ ғасырда бұл жұмыстың енді басталуы керек­тігін айтты ғалымдар. ХХ ғасырдағы зерттеулер Ресей архивтерінде сақталып қалған деректер бойынша жазылғанын айтқан Раушан Нұрханқызы  Шоқанның достары, мысалы Г. Потаниннің жеке қоры ашылғанын, онда Шоқан жайлы жаңа деректердің табылып жатқанын, мұны ресейлік тарихшылар хабарлап жатқанын тілге тиек етті. Шоқан жайлы Бішкек, Мәскеу, Сан-Петербор архивтеріндегі, Шоқанның достарының атынан ашылған жекелеген қорлардағы деректерді елге алдыратын кез келді. Шоқан Уәлихановтың қоғамдық-саяси және философиялық көзқарастары ХІХ ғасырдың 60-жылдарындағы күрделі тарихи жағдайда, яғни Қазақстанның Ресейге «өз еркімен қосылуы» процесі аяқталған және сол уақытта басыбайлылық дағдарысқа байланысты қалыптасты. Ресей өзінің саяси және идеологиялық күресін күшейтті. Ұлы ғалымның шығармашылық және ғылыми мұрасы қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында өзектілігін сақтауды жалғастыруда. ХІХ ғасырдың алдыңғы қатарлы мәдениетінің көрнекті өкілі, көптеген ғылыми бағыттарда зерттеу жүргізген Ш.Ш. Уәлихановтың 185-жылдық мерейтойын атап өту – ХХІ ғасыр ұрпақтарының ғылыми жетістіктерінің өзіндік қорытындысы болмақ. Оның ғылымның дамуына қосқан өте құнды үлесі және бай тарихи-мәдени мұрасы адамзат игілігіне қызмет етуде.

Қырғызстаннан   келген тарихшы Чолпон Турдалиева Шоқанның қырғыз тарихы мен мәдениетінде ерекше орны бар екенін айтты. Бұл тақырыпқа ол өзінің көптеген еңбектерін арнады. Оларда қырғыз жұртының қалыптасу кезеңдеріне, тарихи мекендеріне, руаралық қатынастарына, шаруашылықтары мен салт-дәстүрлеріне барынша кең көлемде сипаттама береді. Жекелеген ру басыларына анықтама жасап, олардың халық арасындағы қызметтеріне талдау жасайды. 

Шоқан Уәлихановтың бұл зерттеулері қырғыздар туралы кеңінен тараған ауызша деректермен қатар, орта ғасырлардан бергі белгілі шығыс, орыс, батыс ғалымдарының, өлкетанушыларының шығармаларымен танысу, оларға ғылыми тұрғыда сараптама жасауы негізінде дайындалған. Оның пайдаланған сан-салалы деректерінің мазмұны бай, талдаулары мен қорытындылары өз дәуіріндегі және қазіргі мерзімдегі ғылыми ортада құндылығымен ерекшеленеді.

 Қырғыз жерінде болған кезінде қазақ ғалымы қырғыздың ұлттық киімдері, күнделікті тұрмыста қолданған заттары туралы жәдігерлер жиған. Бірақ қазір Шоқан жиған артефактттар жоқ. Немесе басқа біреулердің атында музейлерде тұруы әбден мүмкін.   

Шоқан Уәлиханов Орта Азия халықтарының тарихына, этнографиясына, әдебиеті мен мәдениетіне белсенді қызығушылық танытып, Орталық Қазақстан, Жетісу, Тарбағатайға саяхат жасады, материалдар жинады және дала өлкесінің тарихы, әдет-ғұрыптары мен қазақтардың діні туралы мақалалар жазды.

Шоқан Уәлихановтың қоғамдық-саяси және тарихи-философиялық көзқарастары ХІХ ғасырдың 60-жылдарындағы күрделі жағдайда, яғни Қазақстанның Ресейге «өз еркімен қосылуы» үрдісі аяқталған және сол уақыттағы шаруалардың басыбайлылық дағдарысына байланысты қалыптасты. Ресей өзінің саяси және идеологиялық күресін күшейтті. Бұл Шоқан Уәлихановтың дүниетанымына әсер етпеуі мүмкін емес еді. Ол өзінің әлеуметтік-саяси көзқарастарында Ресейдің прогрессивті, демократиялық бағытын ұстанды, алға бастаушы, демократиялық реформалардың табанды жақтаушысы болды және сол заманның жаман жақтарын жоюға көмектесуге тырысты. Оның қызметі ағартушылық сипатта болды, бірақ онда өз заманындағы құрылысты сынаудың белгілері, қазақ қоғамының өмірінде елеулі өзгерістерге қол жеткізуге ұмтылыс болды, бұл Ш. Уәлихановты ағартушы-демократ, өз халқының үлкен патриоты және гуманисі ретінде сипаттайды.Ұлы ғалымның шығармашылық және ғылыми мұрасы қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында өзектілігін сақтауда. ХІХ ғасырдың алдыңғы қатарлы мәдениетінің көрнекті өкілі, көптеген ғылыми бағыттарда зерттеу жүргізген Ш.Ш. Уәлихановтың 185-жылдық мерейтойын атап өту – ХХІ ғасыр ұрпақтарының ғылыми жетістіктерінің өзіндік қорытындысы болмақ. Оның ғылымның дамуына қосқан өте құнды үлесі және бай тарихи-мәдени мұрасы адамзат игілігіне қызмет етуде.

Ол Қазақстандағы ғылыми және қоғамдық ойлардың бастауында тұрды, Орталық және Орта Азияның, Оңтүстік Сібір мен Қазақстанның тарихын, этнографиясын, географиясын зерттеуге үлкен үлес қосты, оның ішінде Орталық Қазақстан, Жетісу мен Тарбағатайды зерттеуге ерекше назар аударды.

Конференция жұмысына отандық және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылар құрамы, орта мектептерінің мұғалімдері, докторанттар, магистранттар, БАҚ өкілдері қатысты. Құттықтау сөздерін Институт директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов, Алматы қаласы Білім басқармасының қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының ғылымиәдістемелік және инновациялық жұмыс бөлімінің басшысы Ә.Ә. Сайлыбаев, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музейінің жетекшісі М.О. Рахатова және публицист-зерттеуші Ник Филдинг айтты. Іс-шара барысында ҚР Орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары М.Ғ. Жылысбаева «Ш. Уәлиханов туралы архив құжаттарынан» атты қолжазбалар мен құжаттардың көрмесін жасады. Баяндамашылар ретінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері, профессор К.Ш. Хафизова, Орталық Азиядағы Американдық университетінің профессоры (Қырғызстан, Бішкек қ.) Ч.Д. Турдалиева, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Шоқан Жолдары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Р.Н. Иманжүсіп, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Қазақстандық филиалының профессоры Ж.А. Ермекбай, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалы әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдары кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА академигі Р.Ж. Әбділдина, Институттың бас ғылыми қызметкері, профессор М.Ж. Әбдіров, К. Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университетінің Қырғыстан тарихы мен Шетелдік Шығыс кафедрасының меңгерушісі, Қырғызстанның еңбек сіңірген білім қызметкері Д.Б. Сапаралиев және т.б. болды. Сонымен қатар Академик Қ.И. Сәтбаевтың мемориалдық музейі «Шоқан Уәлиханов туралы» фильм ұсынды. Конференция секциялық мәжілістерімен жалғастырылды.

Халықаралық ғылыми-теориялық конференция аясында Ұлы даланың ұлы есімдерін зерттеу контекстінде Ш.Ш. Уәлихановтың өмірі мен қызметін, оның этнографиялық мұрасын; Ш.Ш. Уәлихановтың қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарды дамытуға қосқан үлесі және басқа да маңызды қырлары қарастырылды.