Спорт • 07 Желтоқсан, 2020

Әупірімдеп жүріп жеңдік

237 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Нұр-Сұлтанның «Барысы» өз мұз айдынында Подольскінің «Витязь» клубымен шеберлік байқасты.

Әупірімдеп жүріп жеңдік

«Барыс» үшін бұл бәсеке сәтсіз басталды. Кездесудің 4-минутында Линус Хультстрем есеп ашса, үзілістен кейін Каспарс Даугавиньш екінші шайбаны қақпаға енгізді. Елордалық хоккейшілер тек екінші кезеңнің соңында ғана есеп айырмашылығын қысқарта алды. 39-минутта Мэтт Фрэттин нысананы дәл көздесе, үшінші кезеңнің үшінші минутында Никита Михайлистің кремет пасынан кейін Роман Старченко таразы басын теңестірді – 2:2. Бұл есеп матчтың соңына дейін сақталды. Овертаймда қос команда бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Ал буллит соғу барысында «Барыстың» бағы жанды – 3:2.

Осы күнге дейін 30 кездесу өткізген «Барыстың» еншісінде 33 ұпай бар. Олар тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде 18 орындап тұр. Өзінің келесі кездесуін елордалық клуб 11 желтоқсанда Төменгі Новгородтың «Торпедосына» қарсы өткізеді.