Президент грантының иегері Александр Тасболатов ардан аттама, аттасаң адамдықтың туын көтеріп, содан қалайда арылу керек деген ойды қозғап, бұрын «Арылу» атты кітап жазса, енді, міне, «Шындық» деген жинағын оқырмандарына тарту етіп отыр.
Президент грантының иегері Александр Тасболатов ардан аттама, аттасаң адамдықтың туын көтеріп, содан қалайда арылу керек деген ойды қозғап, бұрын «Арылу» атты кітап жазса, енді, міне, «Шындық» деген жинағын оқырмандарына тарту етіп отыр.
Әріптесіміз тағы да шыр-пыр болып шындықты іздейді. «Тірліктің тірегі ақиқат, рас, екеуі кейде кешігіп жатады, түбі мәреден көрінбей қоймайды», дейді. «Оған дейінгі жол сан тарау, соқпағы көп, ақиқатты айтқызбау үшін аяқтан шалатын содыр батыраштар да жоқ емес. Оның ішінде ел сенгендер де бар, билік тұтқасын ұстағандар да жетіп-артылады», деп бір қайырып тастайды. Оған келтірер дәлел де молынан. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан алатын құдіретті күшім жоқ, бар мақсатым келеңсіздікті жұртқа қалам қуатымен жеткізіп, алдын алу, түп-тамырымен отап тастамасам да, қасиетсіздіктен табан тарту керектігін талқыға салу, бір сөзбен айтқанда, қолынан келгендер халықтың жүйкесіне тимесін, жақсылық үйлесім тапсын, жамандық күйресін деу», дейді. Естір құлақ, қане?!
«Шындық» атты көлемді кітап төрт бөлімнен тұрады. Алғысөзін Жоғарғы Соттың бұрынғы төрағасы Бектас Бекназаров жазыпты. «Александр... құқықтық тақырыпты қозғағанда журналист те судья сияқты бейтарап болу керектігін біледі. Сондықтан тек оқиғаны, жағдайды қаз-қалпында баяндап, шындықтың жүзін ашады да, тұжырым жасау, шешім қабылдауды өкілетті құқық қорғау органының еншісіне қалдырады», дейді. Осы сөздер әріптесіміздің жаңа кітабының бүкіл болмысын айқын ашып тұрғаны анық.
Абзал іске бүкіл саналы ғұмырын арнаған журналист кітабының бірінші бөлімі – дерегі бар дүниелер. Тақырыптың өзі-ақ не туралы екенін тайға таңба басқандай көрсетіп тұр. Үңілелік: «Зорлық», «Жала», «Сабақ», «Жауапкершілік», «Шатақ», «Қиянат», «Бұрмаланған билік», тағы басқа болып жалғасып кете береді. Мәселен, «Зорлықта» кейбір құқық қорғаушылардың қолдан ұйымдастыратын жат қылықтары жан-жақты айтылады. Үш бірдей адамның тағдырымен ойнағандар олай емес, былай деген куәгерлердің сөзін де құлаққа қыстырмайды. Тіпті, бірін-бірі ұнатқан жастардың арасына от салып ойнауы қисынсыз-ақ. Үш жігітке қыз зорлады деген желеумен күйе жағып түрмеге тоғытады. Соттайды. Сөйтіп, құқық қорғайды дегендердің өздері азаматтарға айыпсыз зорлық көрсетеді. Жазықсыз жәбірлейді. Бұл санаңа сыймайды. Қылдан тайсаң, қолдан ұйымдастыру дегеніңіз осы шығар.
Заң алдында қара да, хан да жауапты деген мәселені А.Тасболатов «Жауапкершілік» деген жазбасында жан-жақты қозғайды. Ал баспана мәселесі, әсіресе, ауылдың ойраны шыққаннан кейін қазақтың бас қайғысына айналды. Әріптесіміз бұл туралы да жан-жақты ой тербейді. Ол «Шатақ» атты дүниесінде көрініс тапқан.
Ата Заңымызда көрсетілген басты құндылық – адам, оның өмірі, бостандығы, құқығы екенін біле тұрып соны бұзатындар жайлы терең толғам жасайтын «Бұрмаланған билік» атты дүниенің айтары аз емес. Әсіресе, сот орындаушыларынан жапа шегетіндер «жырланады».
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары Абай атамыздың «Адамды сүй» деген сөзіне бағып, елімізге келгендердің бәріне, оның ішінде дін өкілдері делінетіндерге де құшағымызды айқара ашып, ашық мемлекет екенімізді айтып жүрдік. Есігімізді ашу былай тұрсын, төрімізді ұсындық. Сөйтсек, олардың арасында арам ниет иелері де бар екен. Сондайлардың кесірінен қазақ отбасыларының кейбірі ала-құлалыққа ұрынды. Бір үйдің ұл-қыздары аран-аран болды. Осы жерде Кенияның тұңғыш президенті Джумо Кеньятанның: «Миссионерлер Африкаға келген кезде бізде жер, олардың қолында «Жаңа өсиет» (Библия)» болды. Олар біздің көзімізді жауып, Құдайға бас июге мәжбүрледі. Ақыр аяғында көзімізді ашқанда жеріміз олардың иелігіне өтті де, ал біздің қолымызда «Жаңа өсиет» қалды», деген сабақ алар сөзі ойға оралады. Александр Тасболатовтың бұл жинағына 15 көркем әңгіме кірген екен. Қай туындысын алсаң да, әділдікті арқау етіп, адамдар арасындағы мейірім мен шапағатты жоғалтып алмайық, жолда қалдырмайық, кейінгіге әрін кетіріп, бояуын оңдырып алмай тапсырайық дегенді сөз етеді.
Кітаптың соңғы бөліміндегі танымдық мақалалар мен сұхбаттар да оқырманның көңілінен шығары анық. Бір сөзбен айтқанда, әріптесіміздің «Шындығы» шымыр шындықтың жоқшысы, әділдіктің айбынын көрсететін дүние дей келіп, шырғалаңды оқиғалар соңында әдемі шешімін тауып жататынын баса айтқанды жөн деп білеміз.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».