Атырау облысында әлеуетті инвесторлармен 50 миллиард теңгенің меморандумына қол қойылды
Атырау облысында әлеуетті инвесторлармен 50 миллиард теңгенің меморандумына қол қойылды
Атырау облысының табиғи байлыққа молдығы да, экономикалық өркендеуі де тек елімізге ғана емес, күллі әлемге кеңінен танымал. Алдымен, бұл өңірге 1993 жылы «Шеврон» корпорациясы мол инвестиция салып, «Теңіз» кен орнын игеруге қадам жасады. Содан бері мұнайлы Атырауға дүйім дүниенің әр елінен, әлемдік нарықтағы алпауыт компаниялардың қызығушылығы артып келеді. Әлі де бәсеңдеген жоқ. Тіпті, алдағы жылдары қазіргіден де арта түсетіндігі «Atyrau Inbest-2013» халықаралық инвестициялық форумы барысында анық байқалды. Биыл бұл форум Атырауда бірінші рет өткізілді. Соған қарамастан оған әлемнің АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Түркия, Ресей, Финляндия, Чехия, Польша секілді он екі елінен әлеуетті өкілдер қатысты. Форум аясындағы көрмеге 70-ке жуық қазақстандық және ресейлік компанияның өнімдері қойылды.
Қазір бұл өңір әлемнің 52 елімен сауда байланысын орнатып үлгерді. Олардың арасында, әсіресе, АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Франция, Қытай, Канада секілді елдермен 450 бірлескен кәсіпорын жұмыс жасайды. Ұлыбритания, Италия, Германия елдері Атырауда сауда-инвестициялық өкілдіктерін ашып қойды. Ал ресейліктермен әріптестіктің үлесі соңғы жылдары еселей түсті. «Біз өңірдің жан-жақты өркендеуі үшін инвестиция салғысы келетін инвесторлардың жобаларын қолдауға әзірміз», деп мәлім етті облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов.
Инвестициялық форумда баяндама жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаевтың мәлім етуінше, шикізаттық қор мен табиғи ресурстардың молдығы инвестициялық ахуалына оң әсер етеді. Өңірдің географиялық тұрғыдан Еуропа және Кедендік одақ елдеріне жақын орналасуы да, инфрақұрылымдық дамуы да инвестициялық ахуалының жақсаруына сеп болып отыр. Бұл күндері өңірде 600-ден астам өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс жасайды. Жалпы қоры 4,5 миллиард тонна мұнай және 2 триллион текше метр газды құрайтын «Теңіз», «Қашаған» секілді екі ірі кен орны бар. Тек соңғы үш жылдың өзінде өнеркәсіп өнімдерінің тұрақты өсімі байқалып келеді. Мәселен, биылғы 9 айда өнеркәсіптік өнім көлемі 22,5 миллиард долларды құраған.
– Бүгінгі таңда өңірде тұрақты жұмыс жасайтын 28 мың шағын және орта деңгейдегі кәсіпорын бар. Шағын және орта бизнес саласында өндірілетін өнімдер көлемі 2-2,5 миллиард долларды құрап отыр. Әлемнің бірнеше елімен орныққан сауда байланысының ішінде мұнай-газ саласында Франция, Нидерланды, АҚШ, Канада мен Түркияның үлесі басым, – деп атап өтті Ғ.Дүйсембаев. – 2000-2012 жылдары Атырау облысының негізгі капиталына 34,7 миллиард доллар көлемінде инвестиция салынды. Бұдан өзге Индустрияландыру картасы шеңберінде 9,3 миллиард долларлық 34 инвестициялық жоба іске асырылуда.
Қазыналы өңірдің қарқынды өркендеуіне бетбұрыс жасайтын форум аясында жалпы сомасы 50 миллиард теңгенің бірнеше маңызды меморандумына қол қойылды. Соның ішінде үнділік «SAVA Global» компаниясының жобасы көңіл аударуға тұрарлық. Өйткені, фармацевтика саласында еуропалық стандартпен өнім шығаратын бұл компания енді Атырауда жаңа кәсіпорын салуды көздейді. Сөйтіп, жергілікті компаниямен 3 млрд. теңгенің меморандумына уағда жасасты. Ал «Атыраунефтемаш» пен итальяндық «Continental flanges and fittings Italia» SPA компаниясы арасындағы меморандум 4,2 млрд. теңгені құрайды. Сонымен бірге, «Атырау» ӘКК мен «Антарес» компаниясы 21,1 млрд. теңгені құрайтын жел электр стансасын салуға ұйғарым жасады. Айтқандай, «Атырау» ӘКК «Enprode» компаниясымен бірге осы салада 16 млрд. теңгелік тағы бір жобаны іске асырмақ. Бұдан өзге Кедендік одақ шеңберінде Удмуртия Республикасы мен Атырау облысы арасында ынтымақтастық жөнінде ортақ меморандум жасалды.
– Қазақстан мен Удмуртия Республикасы арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Қазір сол іскерлік байланыстарды одан әрі өрістетудің оңтайлы сәті түсіп тұр. Біздің елдің кәсіпорындары Қазақстанға 55 млн. доллардың өнімін экспорттаса, біз Қазақстаннан 5 млн. доллардың тауарларын сатып алып отырмыз. Осы форум кезінде тағы да қосымша маңызды келісімшарттар жасастық. Енді екі ел арасындағы сауда айналымы бұрынғыдан молаяды, – деді Удмуртия Республикасы Президенті мен Үкіметі әкімшілігінің басшысы Александр Горяинов. Сондай-ақ, Белоруссияның Гомель облысынан делегациясының жетекшісі Олег Борисенко да Қазақстанмен, әсіресе, Атырау облысымен іскерлік байланыстың нәтижелі болатындығына сенім білдірді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.