Алматыға арнайы жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Серік Ахметов кеше қаланың бірқатар әлеуметтік нысандарында болды. Алдымен түзету үлгісіндегі сөйлеу мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №182 бөбекжай-балабақшасына келді. Осыдан кейін Үкімет басшысы Алматы метросына отырып, бірқатар стансаларды аралап, тозығы жеткен баспаналардың орнына салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешенін көрді.
Алматыға арнайы жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Серік Ахметов кеше қаланың бірқатар әлеуметтік нысандарында болды. Алдымен түзету үлгісіндегі сөйлеу мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №182 бөбекжай-балабақшасына келді. Осыдан кейін Үкімет басшысы Алматы метросына отырып, бірқатар стансаларды аралап, тозығы жеткен баспаналардың орнына салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешенін көрді.
Үкімет басшысы арнайы келіп көрген қаладағы №182 балабақшасы құрылысының аяқталуын күтіп жүрген ата-аналар оңтүстік шаһарда бар еді. Жаңа балабақшаға баратын бүлдіршіндердің тілін түсіну қиын, әйтсе де оларды өмірге бейімдеп, сөзін түзеу үшін кішкентай күнінен бастап арнайы мамандардың көмегі қажет. Іші-сырты келіскен заманауи балабақшада мұндай бүлдіршіндерге керекті жағдайдың барлығы да жасалған. Енді кезекте тұрған ата-аналар арнаулы мекемеге перзенттерін бөбек кезінен апара алады.
Өткен жылы ғана құрылысы басталған мектепке дейінгі мекеме осы қарашада толық салынып, жабдықталған. Бір мезетте 120 баланы қабылдап, жасына қарай алты топқа бөліп, тәрбиелей алады.
Аталмыш балабақшадан бөлек кеше Алматыда 120 орындық тағы үш балабақша ашылды. Жалпы соңғы бес жылда Алматыда 29 балабақша салынып, халықтың игілігіне берілді.
Осыдан кейін Үкімет басшысы Алматы метрополитенінің «Абай» стансасына келді. Премьер-Министрді, қала әкімін таныған шаһар тұрғындары өздерімен жолаушылап келе жатқан Үкімет басшысына ілтипаттарын білдірді.
– Биыл Алматыда қоғамдық көліктерді дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. Қоғамдық көліктерді дамыту қаланың маңызды міндетінің бірі болып табылады. Мұнан да бөлек, біз жолдардың инфрақұрылымына үлкен назар аударып отырмыз. Алматыда жаңа жолайрықтар мен жолдар салынуда. Оған қоса қаланың ауасын ластамайтын қоғамдық көліктердің паркі ұлғайып келеді, – деді қала әкімі.
Бұл күнде оңтүстік астанада экология мен транспорт қозғалысы ең көкейкесті мәселе болғандықтан, қалалық әкімдік 195 жаңа троллейбус пен 17 трамвай сатып алған. Метро тармақтарын ұзарту үшін құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Қала қозғалысына жеңіл рельсті көліктерді кіріктіру жобасы көзделген. Сондай-ақ, табиғи газбен жұмыс істейтін 400 жаңа автобус пен 200-дей эко такси қалада түтіннің азаюына септеседі деп күтілуде. Оған қоса алдағы жылдың алғашқы үш айында газбен жүретін 300 автобус қоғамдық көліктердің санын көбейтіп, экологиялық транспорттарды жыл соңына дейін 60 пайызға ұлғайтылатын болады.
Үкімет жетекшісі аялдайтын үшінші нысан – ескірген үйлердің орнында бой көтерген жаңа тұрғын үй кешендері болатын. Медеу ауданындағы Мақатаев көшесінің бастауына тұрғызылған бұл үйге баспаналары бұзылған үйлердің тұрғындары қоныстанатын болады.
Қазіргі уақытта Алматыда 55 ескі үй немесе 563 пәтер бұзылады деп жоспарланған болса, олардың тұрғындары жалпы көлемі 27,6 мың шаршы метр болатын жаңа пәтерлерге көшірілмек. Үстіміздегі жылдың маусым айында Түркісіб ауданындағы Сейфуллин даңғылы, Молдағалиев, Сауранбаев, Чернышевский көшелері шаршысында 20 тұрғын үйдің алғашқы бесеуінің құрылысы аяқталып, жалпы көлемі 6,4 мың шаршы метр болатын 100 пәтер жаңа иелерін тапқан еді.
Үкімет басшысы арнайы атбасын тіреген Медеу ауданындағы 72 пәтерлік тұрғын үй де – иелерін күтіп тұрған игілікті істің бірі.
Үкімет басшысы биыл жыл басында құрылыс қолға алынып, межеленген мерзімде аяқталған жаңа үйді көріп, құрылыс материалдарының сапасын, тұрғындарға жайлы болуын қарап шықты.
Қала әкімі Ахметжан Есімов Премьер-Министрге Алматыдағы көнерген үйлерді бұзып, олардың иелерін жайлы пәтерлерге көшіру үдерісінің жай-жапсарын толығымен мәлімдеді. Ал ескінің орнына жаңа үйге қол жеткізген тұрғындар Елбасына, Үкімет басшысына алғыстарын жеткізуді аманаттап, баталарын беріп жатты.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.