04 Желтоқсан, 2013

Аптадағы айшықты оқиғалар

353 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің өкілі Алтай Әбибуллаев журналистерге осы аптада болатын ресми шаралар туралы баяндаған брифинг өткізді.

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің өкілі Алтай Әбибуллаев журналистерге осы аптада болатын ресми шаралар туралы баяндаған брифинг өткізді.

Алдымен ол 5 желтоқсанда Премьер-Министр Серік Ах­ме­тов және басқа да Үкімет мүшелері Спорт және дене-шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев­тың Қазақстан құрама коман­да­сының Сочиде болатын ХХІІ Қысқы Олимпия ойындарына баруға дайындығы туралы баян­дамасын тыңдайтынын айтты. Біздің мемлекет спорт­тың қысқы түрлеріне де ба­сымдық береді, оған Астана мен Алматыда VІІ Қысқы Азия ойындарының табыспен өт­кізілгені куә, деді өкіл.

А.Әбибуллаевтың айтуына қарағанда, 4 желтоқсанда Бәсекелестіктің еуразиялық бағдарламасы бойынша ал­ғашқы дөң­гелек үстел өтеді. Мұнда Қа­зақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қа­тарына ену мәселесі сөз болмақ.

Мемлекеттік қызмет іс­те­рі жөніндегі агенттіктің төр­ағасы Әлихан Байменов 5 желтоқсанда жұмыс сапарымен Париж қаласына барып, француздық әріптестерімен ынтымақтастықты терең­дету мәселелері бойынша келіссөздер жүргізеді. Одан әрі Ә.Байменов Түр­кияға сапар шегіп, өзінің ондағы әріптестерімен де ынтымақтастық мәселелері бойынша келіссөздер жүргізеді екен.

Осы аптадағы инвес­ти­циялық жобалар жөніндегі ең үлкен жиын Алматыда өтеді. Онда 3-4 желтоқсанда І Халықаралық Алматы ин­вестициялық форумы болып, оңтүстік ас­та­на­ның инвестициялық мүм­кіндіктері мен жобаларды қаржыландырудың жаңа те­тіктері, көлік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту, туризм мен ұлттық ин­но­­ва­циялық жүйені одан әрі жандандыру және т.б. мәсе­лелер талқыланады. Форум жұмысына Үкімет өкілдері, халықаралық қаржылық институттар басшылары, көрнекті экономист ғалымдар және салалық ұйымдар жетекшілері қатысатын болады, деді А.Әбибуллаев.

Сонымен бірге, брифингте Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың 5-6 желтоқсанда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің 20-шы мерейтойлық отырысына қатысу үшін Киевке баратыны айтылды. 2015 жылдың 1 қаңтарында Украинаның аталмыш ұйымдағы төрағалығы аяқталады. Оты­рыс барысында осы елдің ха­лықаралық ұйымға төрағалық етуінің нәтижесі шығарылатыны да белгілі. Отырыс жұмысының барысында Ерлан Ыдырысовтың ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Заньер, Ұлттық азшылықтар жөніндегі Жоғарғы комиссар Астрид Торс және кейбір мүше елдердің сыртқы істер министрлерімен кездесулері жос­парланыпты. Сондай-ақ, Киевте ҰҚШҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлері бейресми жағдайда кездеседі деп күтіліп отыр екен.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдығына арналған форумда айтқан сөздері мемлекеттің жастар ісі мен білім беру сала­сындағы негізгі саяси бағдары екені анық. Жастар ұйымдары жұмысын үйлестіру жөніндегі кеңестің 6 желтоқсанда болатын отырысында осы мәселелер талқыланып, жаңа жоспарлар белгіленбек көрінеді.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар