"Бүгін елімізде аниматорлардың дайындығымен Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы мен Қазақ ұлттық өнер университеті айналысады (Аталған жоғары оқу орындарында 117 болашақ аниматор оқиды). Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының "Анимациялық фильмнің режиссурасы" және "Суретші-аниматор" мамандықтары бойынша оқитын студенттері үшін ресейлік "Союзмультфильм" және "WizartAnimation" анимациялық студияларында тағылымдамадан өту мәселесі пысықталуда", деді Ералы Тоғжанов.
Ералы Тоғжановтың айтуынша, алдағы уақытта "Қазақфильм" киностудиясын жаңғырту жоспарлануда. Осы жұмыстар аясында киностудияны заманауи кино түсіру және монтаж жабдықтарымен техникалық жарақтандыру, арнайы көлік құралдарын сатып алу, инженерлік тораптар мен ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу, сондай-ақ түсіру алаңын салу көзделіп отыр.
"Жаңғырту жұмыстары киностудияның анимациялық бірлестігін де қамтиды. "Кинематография туралы" заңның 9-бабына сәйкес кинотеатрларда көрсетілетін барлық фильмдер қазақ тілінде дубляждалуға, субтитрленуге немесе кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуі тиіс. Қазақ тіліне аударылмаған фильмдерге отандық прокатқа шығуға рұқсат берілмейді. Жалпы депуттатық сауалда сіздер атап өткен отандық анимацияны дамыту жөніндегі ұсыныстар мемлекеттік тапсырыс арқылы жасалатын мультфильмдердің мазмұны мен сапасын арттыру барысында ескерілетін болады", деді Үкімет басшысының орынбасары.