Оқиға • 09 Желтоқсан, 2020

«Қап-қара адам» «Алтын глобус» жүлдесінен үміткер

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Режиссер Әділхан Ержа­нов­тың «Қап-қара адам» филь­мі «Алтын глобус-2020» сый­­лығының «Шетелдің үз­дік фильмі» номинациясына үміткерлердің тізімі­не енді. Бұл америкалық жүл­дені Голливудтың шетел баспасөз қауымдастығы (HFPA) жыл сайын кино және телефильмдердегі үздік жұ­мыс­тар үшін табыстайды.

«Қап-қара адам» «Алтын глобус» жүлдесінен үміткер

«Алтын глобус» сыйлығы Голливудта тұратын 90-ға жуық ха­­лықаралық журналистердің дауыс беру нәтижесі бойынша таң­да­ла­ды. Аталған жүлде әлемдік кино қауымдастығында «Оскардан» кейінгі беделді сыйлық саналады.

Ержановтың туындысымен қатар биылғы жылы үміткерлер тізі­мі­не Томас Уинтерберг, Агнешка Хол­ланд, Андрей Кончаловский, Вернер Херцог, Маттео Гарроне, Хирокадзу Корэеда, Наоми Кавасе, Оливье Ассаяс және т.б. әлемдік кинематограф мэтрлерінің жаңа фильмдері енді.

– Менің ойымша, фильмнің бұл жүлдеден үміткерлер тізіміне енуі – біздің продюсерлеріміздің жақсы жұмысын көрсетеді. Сонымен бірге «Қап-қара адам» командасын да құттықтаймын. Мен біздің бірлескен еңбегіміздің назардан тыс қалмағанына өте қуаныштымын, – деді режиссер Әділхан Ержанов.

Ержановтың картинасын Short Brothers (Қазақстан) және Arizona Productions (Франция) ком­па­ния­ла­ры­ның қатысуымен Astana Film Fund (Қазақстан) компаниясы түсірген. Фильмнің бас продюсерлері Ақан Сатаев пен Ернар Құрмашев. Басты рөлдерде Данияр Алшынов, Динара Бақтыбаева және Теоман Хос сынды актерлер ойнады.

«Қап-қара адам» фильмінің әлем­дік премьерасы 2019 жылдың 23 қыркүйегінде Испанияда өтті. Кар­тина Сан Себастьяндағы 67-ші Халықаралық кинофестивальдің не­гіз­гі конкурстық бағдарламасы аясында көрсетілді. 2019 жылдың қараша айында Әділхан Ержанов «Қап-қара адам» фильміндегі жұмы­сы үшін «Үздік режиссер» номинациясы бо­­йынша «Asia Pacific Screen Awards -2019» (Азиялық «Оскар») сыйлығына ие болған.

Сонымен бірге 2020 жылдың күзінде фильм Францияда прокатқа шығып, бұл елдің ірі қалаларындағы 60 кинотеатрда, соның ішінде Фран­ция астанасы Парижде 9 киноте­атр­­­­да көрсетілді. Сондай-ақ жа­қын­да Ресейде өткен «Киношок» кино­фес­ти­валінде фильм «Үздік режиссер» (Әділхан Ержанов) және «Үздік актер» (Данияр Алшынов) санаттарында марапаттарға ие болды.

Бү­гінгі қоғам тақырыбын эк­ран­­да жаңғыртқан фильмді қазақ­стан­дық және ресейлік онлайн-кинотеатрлардан көруге болады.