Аймақтар • 09 Желтоқсан, 2020

Атырауда үздік волонтерлер марапатталды

185 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда мейірімділік пен қайырымдылықты серік етіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созған үздік волонтерлер марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда үздік волонтерлер марапатталды

«Бірлік – біздің қасиетті туымыз» деп Елбасы айтқандай, бірлік пен татулық қоғамымызға күш беріп отыр. Соның нәтижесінде коронавирус пандемиясын бірлесе еңсеріп келеміз. Тегінде қиындыққа рухани күш-жігермен төтеп беру – ынтымақ пен бірліктің айқын белгісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «...Еріктілердің бойындағы қайрат, жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Бұл – ең алдымен, өркениетті елдің және жауапкершіліктің белгісі» деп атап көрсетті. Волонтерлерге зор сенім артып, әдайым абыройлы, табысты болуына тілекшімін»  деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Волонтер жылының қорытындысымен «Жомарт жүрек» номинациясы бес волонтерге берілді. Алтынгүл Шакимова корпоративтік еріктілігі, Арман Хайруллин қоршаған ортаны сақтауға қосқан үлесі, Гүлназ Қосмұрзиева әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысқаны үшін үздік деп танылды.

Жергілікті кәсіпкер Марат Өмірзақовқа «Жыл меценаты» берілсе, NCOC компаниясы «Жылдың үздік ұйымы» атанды.

«Былтырғы наурызда еріктілер корпусының құрамында қайырымдылық мақсатта қаржы жинауға қатыстым. Бір айда 7 миллион теңге жинадық. Бізге ірі компаниялармен бірге, қарапайым тұрғындар да көмек берді. Соның нәтижесінде 2 мыңға жуық отбасы азық-түлік себетін алды. Пандемия кезінде дәрі-дәрмектерді Ресейдің Астрахань қаласынан алдырып, мұқтаж адамдарға тараттық. Бізге 90-ға жуық автоволонтер зор қолдау көрсетті»  дейді Гүлназ Қосмұрзиева.

Бір топ волонтерге «Халық алғысы» медалі табыс етілді.