Қоғам • 10 Желтоқсан, 2020

Мұқтажға мейірімі түскендер

653 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандылық өнертапқыш Павел Ивачевтің «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мобильді баспалдақ көтергіші» жобасы «Мен жастарға сенемін!» атты республикалық байқауда үздік шықты.

Мұқтажға мейірімі түскендер

Павелдің басына бұл идея осыдан үш жыл бұрын Қарағанды медициналық университетінде оқып жүрген кезінде келген екен. Ал жобаны жұртқа көрсетудің мүм­кіндігі Қарағандыда алғаш рет өткен мейкатон өнер­тап­қыштар байқауында туындапты.

– Мен байқауға қатысушы команданың капитаны болдым. Конкурс талаптарына сай, әр командаға нидноуэр – көмекке мұқтаж мүмкіндігі шектеулі адам бекітілді. Біздің қарамағымызға бесінші қабатта тұратын, арбаға таңылған бойжеткен тиді. Ал бес қабатты үйлердің жеделсатымен жабдықталмайтыны белгілі. Содан үш күннің ішінде мобильді көтергіштің прототипін жасап шығардық. Ол баспалдақпен жүріп қана қоймайды, сонымен қатар ауыр жүкті де көтере алады, – дейді Павел Ивачев.

Міне, осылайша аталған бай­қау дәл осы бағытта әзірлемелер даярлауға мықты серпін берген болатын. Павел өзінің пікір­лестерімен бірге бірнеше прототиптер жасап шығарды. Олардың кейбіреулері жүзеге сәтті асырылды да. Түптеп келгенде осының бәрі қарағандылық өнертапқышты өзінің еңбек қызметін ерекше адамдардың өмірін жеңілдетуге бағытталған инновациялық технологиялармен байланыстыруға итермеледі.

Қазіргі таңда ол досы және жұмыс бойынша әріптесі Тимур Коробейниковпен бірге Қазақстан аумағында өз өндірі­сінің сапалы және бағасы бойынша қолжетімді өнімін сатуды қолға алған.

– Біздің елімізде мұн­дай өн­діріс жоқ. Оңалту жабдық­та­ры­ның үлкен тізімін жасауды жос­парлап отырмыз. Біз вертикализаторларды, балалар мен ересектерге әртүрлі арнайы костюмдер шығарамыз, – дейді Павел.

Қарағандылық іскер жас­тар елімізде оңалту өнімдерін өн­ді­руге арналған материалдар мен жинақтауыштар жоқ бол­ғандықтан, оларды Қытай мен Ресейден тапсырыс беріп алдырады.

Таяуда Павел Ивачев пен Тимур Коробейников Қарағанды облысы әкімінің гранттарын тапсыру байқауының жеңімпаздары атанып, олардың әрқайсына кәсіпкерлік қызметті одан әрі дамыту үшін 1 миллион теңгеден берілді.

 

ҚАРАҒАНДЫ