Сайлау • 10 Желтоқсан, 2020

Сарапшылар сайлауға талдау жасады

649 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде келесі жылдың басында Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы өтетіні белгілі. Соған орай Еуразиялық интеграция институтының ұйымдастыруымен Шығыс Қазақстан облысында «Сайлау-2021: ерекшеліктері мен маңызы» атты сарапшылар кеңесі өтті.

Сарапшылар сайлауға талдау жасады

Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаудың ерекшеліктері мен рөліне сарап­тамалық талқылау жасап, ел азамат­тарының саяси мәдениетін арттыру мақсатында өткен дөңгелек үстелге қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Еуразиялық интеграция ин­сти­ту­ты­ның директоры Ерлан Саировтың айтуынша, еліміз парламенттік сай­лау­дың жауапты кезеңіне аяқ бас­ты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, сая­­си реформалардың алғашқы па­ке­ті әзірленді. Соның шеңберінде митин­гі­лер туралы жаңа заң күшіне енді. Бұдан басқа жеті заңнамалық актіге өзгерістер енгізілді. Онда әйелдер мен жастардың сайлау партиялық тізімдеріне қатысуының 30%-дық квотасы бекітілді, саяси партияларды тіркеу шегі 50%-ға төмендетілді. Алғаш рет парламенттік оппозиция институты енгізілді. Бұл ретте Қазақстан – тұрақсыз әлемдегі тұрақты мемлекет екенін, ал алдағы сайлау – елдің эволюциялық даму жолындағы және азаматтардың саяси мәдениетінің деңгейін арттырудағы келесі қадам екенін есте ұстаған жөн. Нәтижесінде барлық саяси жұмыстар, соның ішінде сайлау жұмысы қоғам мен азаматтардың бірігуі жолында жұмыс істеуі керек.

– Әлемде болып жатқан короновирус инфекциясына қарамастан, елі­мізде әлеуметтік салаға мән бе­рі­лу­де. Соңғы төрт жылда Қа­зақ­стан­да 3 мыңнан астам балабақша, 2 мыңнан астам мектеп салынған. Осындай оңды өзгерістер арқасында халықтың билікке деген сенімі артып келеді, – деді Ерлан Саиров.

Дөңгелек үстелде сөз алған Шығыс Қазақстан мемлекеттік уни­вер­­ситетінің ректоры Мұхтар Төле­ген­нің пікірінше, алдағы сайлау әдет­те­гіден өзгеше шешім қабыл­дайтын көшбасшы жастарды анық­тайды.

– Сайлау науқаны басталғанға дейін еліміздің қоғамдық-саяси өмі­рі­не барлық санаттағы азамат­тар­дың қа­ты­суын арттыру бойынша шаралар жүргізілді. Бұл пропорционалды модель әлемдік демократиялық тә­жіри­беге толық сәйкес келеді, са­я­си жүйені нығайтуға, демократия­ны дамытуға ықпал етеді, саяси партиялардың қызметін жандандырады. Алдағы сайлау осыған дейінгілердің барлығынан ерекше. Оның ерекшелігі, үгіт-насихатқа де­йінгі ұзақ кезең, яғни 51 күн, – деді Мұхтар Төлеген.

Ал саясаттанушы Қазбек Майгел­ди­нов Парламент Мәжілісі депутат­тарының кезекті сайлауына қатысты мәселелер Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес, еліміздің басқа аймақтарында, аудандарда талқыға салынғаны дұрыс екенін алға тартады. Оның айтуын­­ша, 10 қаңтарда болатын сайлау ерекше режімде өткізілмек. Олай дей­тіні, бұл сайлау коронавирус пандемиясына, әлемдегі экономикалық дағдарысқа тұспа-тұс келіп отыр. Кейбір үміткерлер осыны пайдаланып әдемі сөздерді, құрғақ уәделерді үйіп-төгуі де мүмкін. Сондықтан халық таңдау жасар кезде жан-жақты ойланып, өз таңдауларын жасауы тиіс.

Сондай-ақ өзге де сарапшылар өз ойларын ортаға салды. Олардың ішінде праймеризге қатысып, іріктеу сыннан өткендер де болды. Ендеше, сайлаудың әр қазақстандық азамат үшін маңызды екенін қаперімізде ұстап, жауапкершілік танытқан абзал. Дөңгелек үстелде сайлау нәтижесі мемлекеттің алдағы 5 жылына тікелей әсер ететіні де айтылды.

 

Шығыс Қазақстан облысы