Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Кенеттен тап болған бұл жағдайда бірден оқу-тәрбие ісін жалғастырып әкету оңай емес екені айтпаса да түсінікті жайт. Жоспарда бекітілген пән бойынша сабақты қашықтан оқытуға болатын шығар. Бұрын оқушы тәуліктің жартысына жуық уақытын мектеп қабырғасында өткізіп, сабақтан кейін түрлі іс-шараларға қатысып, қызығушылығы мен бейімділігіне байланысты әртүрлі үйірмелерде, секцияларда уақытын өткізді. Ал қазіргідей қашықтан оқыту жағдайында мектеп тарапынан үздіксіз тәрбие беріп, баланың үйде зерігіп, қандай да теріс ықпалға түсіп, зиянды әрекеттерге үйір болмауы үшін не істеу қажет?
Бұл жағдайды ескере отырып, Нұр-Сұлтан қаласы Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясында тәрбиелік іс-шараларды қалай ұйымдастырғанымыз жөнінде тәжірибемізбен бөліскіміз келеді.
Тәрбие тұжырымдамасында 8 бағыт қамтылған тәрбие жоспарын құрдық. Жоспар құруда ұлттық құндылықтарға негізделген отбасылық тәрбие мен адамгершілік тәрбиені басты назарда ұстадық. Оқушылардың ғаламтор, телефон, ноутбук сияқты құрылғыларға қолжетімділіктерін ескере отырып, қашықтан тәрбиелік іс-шараларымызды бастап кеттік. Мектебіміздің Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ғалия Кауыпбаева «Интерьерді жабдықтауға арналған сәнді бұйымдар жасау» тақырыбында қолөнер бағытында курс ұйымдастырды. Бұл курсқа мектебіміздің оқушылары ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінен басқа да оқушылар мен ата-аналар ғаламтор желісі арқылы қатысты. Тікелей эфирде байланысқа шыққан ата-аналар, өз пікірлерін парақшаға жазып, шебер ұстаздан үйренгендерін бірге жасады.
Сонымен қатар әріптесіміз жүннен әртүрлі эпизодтарды суреттеп, картина жасауды үйретті. Ұдайы бір ай бойы оқушылармен бірге жасаған бұйымдарын ғаламтор желісі арқылы сатылымға қойды. Адамдардың картинаға қызығушылығы жоғары болды. Мұғаліммен бірге қылқаламын серік еткен оқушылар қашықтан оқу барысында ғаламтор желісі арқылы табыс көзіне де ие болды.
Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, мектебіміздің үлгілі ата-аналарының бірі Шәкен Тұрар пандемия кезінде мектеппен тығыз байланыста болып, балдырғандарға әже әңгімесі мен ертегісін тарту етіп отырды.
Мектебіміздің оқушылары мен ата-аналары қашықтан ұйымдастырылған барлық іс-шараға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Оқушылардың карантин кезінде психологиялық күйзеліске түспеуіне қашықтан ұйымдастырған бұл тәрбиелік іс-шаралардың маңызы зор болды деген ойдамын. Алдағы уақытта қандай да бір белгіленген мерзім аралығында қашықтан білім берген жағдайда тұжырымдамада көрсетілген 8 бағытты қамтып, оқушы және ата-аналармен бірлесе отырып тәрбие жұмысын үздіксіз жүргізе береміз деген ойдамын.
Еркін ТУЛБАКАН,
Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары
Нұр-Сұлтан