Бұл шараның аталған мұражайда өткізілуінің өзіндік себебі де жоқ емес. Яғни Қайым ғұлама Мұхтардың сүйікті шәкірті һәм сенімді серігі бола білген адам. Мұхаңның ақыл-кеңесімен кешегі аумалы-төкпелі заманда еш тайсалмастан Абай тақырыбына дендеп бойлай білген, хакім өлеңдерінің текстологиясымен өмірінің соңына дейін қажымай, талмай айналысқан, отыздан астам өлеңін қатарға қосқан, Абайдың ақындық мектебін түбегейлі зерттеген, Абай мұражайының іргетасын қаласып, алғашқы басшысы болған, басына қатер төнгендігіне қарамастан ұстазын сатпаған ол республика әнұранының авторы екендігіне қарамастан түрменің азабы мен мазағын бір кісідей-ақ көрген-ді.
Мұны бір десек, оның сыртында Мұхаң Қайымды әдебиет институтына қызметке бір емес екі рет шақыртқан екен. Ал оның реті болмаған соң айдаудан оралған шәкіртінің осында екінші қайтара ғылыми еңбегін сәтімен қорғап шығуына қамқорлық танытқан да Әуезов. Осы орайда астын сызып, бір атап айтарлық бір жайт сол, Қайым аға Абайдың 150 жылдығы қарсаңында ұстазының атындағы әдебиет институтында қызмет атқарып, ақынның мерекелік басылымының дұрыс шығуына, сонымен бірге «Абай» энциклопедиясының жарық көруіне аянбай атсалысып, лайықты түрде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған еді.
Міне, осындай қилы тағдырды басынан өткерген абайтанушы ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптың тұсаукесерін Әдебиет институтының Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, профессор Серікқазы Қорабай жүргізіп отырды. Тұсаукесер рәсімінде сөз алған белгілі абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, Педагогика ғылымдары академиясының президенті, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асқарбек Құсайынов, Шығыстану институтының директоры, белгілі ғалым, ақын Дүкен Мәсімханұлы, Әуезов мұражайының директоры, Мұхаңның жиен немересі Диар Қонаев, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әубәкір Қайран, Қайым Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет қоғамдық қорының директоры, ғылым докторы Дина Мұхамедханова көрнекті абайтанушыға арналған алғашқы кітаптың өзіндік ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды. Ана заманда Қайым жазған әнұранның сөзі бұрмаланып, «біз қазақ» болып өгертілгені, сол сөз енді өзіне орнымен қайтып оралғаны да айтылмай қалмады. Ұлы Жәнібектің демеушілігімен шыққан кітапты ендігі жерде мемлекеттік тапсырыспен шығару керектігі жөнінде оңды ұсыныс та айтылып жатты. Ақын Әубәкір ұстазына арналған өлеңін оқыды.
Ал кітап авторы Дәулет Сейсенұлы болса өз кезегінде осы шараға ұйытқы болған институт пен мұражай басшылығына, кітаптың рецензенті Тұрсын Жұртбай мен кітап авторының ғылыми кеңесшісі Дина Мұхамедханға, сонымен бірге жиында өз пікірлерін айтып, игі тілектерін ортаға салған шешендерге ризашылығын білдірді.
Абай жылының аясында өткен жиын соңында кітап авторы Отанымыздың ұлағатты ұлы Қайым Мұхамедхановты есте сақтап, оның шығармашылық мұрасын насихаттауға қосқан үлесі үшін оның мерейтойлық медалімен марапатталды. Оны Әуезов мұражайының директоры Диар Қонаев табыстады.
АЛМАТЫ