«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова баяндама жасады.
Айта кетерлігі, аталған құжат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Заң жобасы мынадай негізгі бағыттарды қамтиды: уәкілетті органның, жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейту, спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету, білім беру саласындағы жаңалықтар. Уәкілетті органның құзыретінде ұлттық спорт түрлері бойынша тізбе бекітіледі.
«Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті келесі қызметтермен толықтырылды: Дәрігерлік және дене шынықтыру диспансерлерінің санын арттыру. Халықпен жұмыс істеу барысында дене шынықтыру және спорт нұсқаушыларын қамтамасыз ету. Ауыл халқы арасындағы дене шынықтыру мен сауықтыру қызметі. Балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтыруға баулитын клубтар желісін кеңейту.
Спорт инфрақұрылымы бойынша жұмыс мына бағытта жүреді: Тұрғылықты жерлерде және көпшілік демалатын орындарда спорт объектілерінің санын арттыру. Сондай-ақ мүгедектер мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына да жағдай жасалады. Тұрғын үй кешендерін салу кезінде мүгедектер мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының жағдайын ескеріп, спорт алаңдарымен қамтамасыз ету. Білім беру саласындағы жаңалықтар мыналар: Дене тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлерін енгізу», деді Мәдениет және спорт министрі.
Ведомство басшысының айтуынша, заң жобасын қабылдау арқылы бірқатар нәтижеге қол жеткізілмек. Мәселен, дене шынықтырумен және спортпен айналысатын халықты қамтуды 45 пайызға ұлғайту жоспарда бар. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың патриоттық сезімдерін дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту жөнінде халықпен жұмысты ұйымдастыру, спортшыларға медициналық бақылау жасауды жетілдіру көзделген.
Заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин өз пікірімен бөлісіп, заң жобасының маңызын алға тартты.
«Бұқаралық спортты дамыту – болашағымыз үшін, оның ішінде, жастарымыз үшін өте маңызды. Себебі бүгінде еліміздің абыройын көтеріп жүрген Олимпиада және әлем чемпиондары бұқаралық спорттан шықты. Әсіресе, бокс пен күрес чемпиондары ауылдан шыққанын білеміз. Сондықтан спорт нұсқаушыларының жалақысын көтеру, олардың жұмыстарын ұйымдастыру Мәдениет және спорт министрлігінің басты міндеттерінің бірі болу керек», деді Н.Нығматулин.
Енгізілген жаңа нормалар бұқаралық спортты дамытып, дене шынықтыру және спорт саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Заң жобасында жүріп-тұруы шектеулі адамдардың дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндік беретін нормалар да қарастырылған.
Сондай-ақ дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерін құру, білім беру бағдарламаларына ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті шартты енгізу ұсынылады. Бұл нормалар дене шынықтыру және спорт саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар отырыста палата депутаттардың бастамасымен әзірленген микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Аталған құжат азаматтардың кредитті бұдан әрі тым көп алуына жол бермеу және тұтынушылық кредит берудің оңтайлы өсу қарқынын қамтамасыз ету мақсатында әзірленді. Өзгерістер мен толықтырулар Азаматтық кодекске, сондай-ақ «Микроқаржылық қызмет туралы» және «Коллекторлық қызмет туралы» заңдарға енгізіледі.
«Президент тапсырмасына сәйкес, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қарыз жүктемесін азайту бойынша көптеген жұмыс жүзеге асырылды. Осы орайда тиісті шаралар қолданылып, тұтынушылық несиелеу нарығындағы тәуекелдерді төмендетуге жағдай жасалды. Дегенмен бұл салада проблемалар әлі де бар. Бұл жайында Мемлекет басшысы биылғы қыркүйекте жариялаған Жолдауында айтқан болатын», деді аталған құжатты таныстырған Мәжіліс депутаты Альберт Рау.
Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мироқаржы ұйымдарында микронесиелер 170 мың кәсіпкерге және 810 мың жеке тұлғаға тиесілі. Жекелеген несиелер бойынша қарыз алушылардың 38 пайызы төлем мерзімін өткізіп алған, осы орайда 300 мыңға жуық адам қамтылған. Құжатта коллекторлық агенттіктер жауапкершілігін арттыру қарастырылған.
Жалпы отырыс барысында ратификацияланатын заң жобалары да мақұлданды. Атап айтқанда Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы ЮНЕСКО аясында мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын құру мәселесі қаралды.
«Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының базасында Алматы қаласында ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы құрылмақ.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында этносаралық келісім мен дінаралық өзара түсіністікті нығайтуды жалғастыру қажетін атап өтті. Осыған орай, шартты ратификациялау халықаралық деңгейде еліміздің беделінің артуына ықпал етеді. Халықаралық шартты ратификациялау аяқталғаннан кейін Орталық бұл жұмысты еліміздің мәдени саясатының басымдықтарына және БҰҰ-ның 2030 жылға дейін тұрақты даму саласындағы күн тәртібіне сәйкес жалғастырады. Орталық этностардың, мәдениеттер мен діндердің шығу тегі саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге, түрлі өркениеттер мен мәдениеттердің өзара әсер етуінің кешенді процестерін қамтып, Ұлы Жібек жолын зерттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мәдениетаралық қоғамдардың қалыптасуы және олардың ғаламшардың әр түпкірінде бірегейлігіне, түрлі этностардың мәдениеттерін жақындастыру бойынша форумдар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, ашық дәрістер, тренингтер, онлайн-дәрістер өткізуге жағдай жасайды. Халықаралық аудитория арасында бейбітшілік пен тұрақты даму мүддесінде мәдениетаралық диалог құндылықтарын таратуға бағытталған халықаралық ынтымақтастыққа арналған бірегей платформаға айналмақ», деді аталған заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова.
Сондай-ақ Қазақстан мен Грузия үкіметтері арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге түзетулер енгізу туралы хаттама ратификацияланды. «Хаттама екіжақты және транзиттік, сондай-ақ үшінші елге/елдерден автокөлікпен жүк тасымалдауға рұқсат беру жүйесін енгізуді көздейді. Қазіргі уақытта екі ел арасында автокөлікпен жүк тасымалдау «рұқсатсыз» негізде жүзеге асырылады. Рұқсатсыз жүйе Грузия көлік операторларына автомобиль тасымалын орындау кезінде басым болуға мүмкіндік береді. Егер 2018 жылы экспорт-импорт тасымалының 53 пайызын Грузия көлік операторлары орындаса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 69 пайызды құрады», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Екінші оқылымда депутаттар техникалық реттеу және жол жүрісіне қарасты заң жобаларын талқылады. Заң жобасында жүргізушілердің Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу құжаттарын өзімен бірге алып жүрмегені үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастауды қарастырып отыр. Алайда жүргізушілер өзімен бірге жеке куәлігін алып жүруге міндетті болады. Бұл түзетулер шетел жүргізушілері мен шетелдік көлік құралдарына қолданылмайды.
Сонымен қатар палата мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, отбасылық және гендерлік саясат мәселелеріне қатысты заң жобаларымен жұмысты жалғастыру туралы ұсыныспен келісті.
Жалпы отырыста Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.
Отырыс соңында бірқатар депутат мемлекеттік органдардың басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына сауал жолдаған Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары құрамында генетикалық түрлендірілген организмдер (ГМО) бар өнімдерді Қазақстанда сатуға жол бермеу мәселесін көтерді. «Қазіргі кезде ЕАЭО-ның барлық елінде генетикалық түрлендірілген организмдерге (ГМО) және олардан жасалған өнімдерге қатысты жалпы саясат қалыптастырылды. Гендік инженерия негізінде алынған ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын сатуға және егу үшін пайдалануға заң жүзінде тыйым салынған. Құрамында ГМО көп кездесетін импорттық өнімдер түрлі шектеулер мен тыйымдардың көмегімен одақ аумағынан жүйелі түрде шығарылады», деді депутат Айқын Қоңыров.
Оның айтуынша, ЕАЭО аумағында құрамында ГМО бар ауылшаруашылық өнімдерін өндіру жағдайлары тіркеліп жатыр. Бұл жартылай фабрикаттар мен тамақ өнімдерін өндіруде қолданылады. Қытайдың Бас кеден басқармасы биылғы шілдеде Ресейден келген бірқатар өнімде ГМО компоненттерінің табылғаны туралы хабарлады. Осыған назар аударған Қазақстанның Халық партиясы фракциясы ГМО тұқымдары мен дайын өнімдерінің айналымына қатысты бақылау жеткіліксіз екенін жеткізді. «Біздің ойымызша, сауда серіктестері алдындағы өз міндеттемелерін орындамау ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен халық үшін тікелей қатер төндіреді. Осыған байланысты Еуразиялық экономикалық комиссияның алаңында ГМО-ға қатысты проблеманы көтеруді және ГМО тұқымдарының енуін, қолданылуын және дайын өнімді ЕАЭО аумағынан Қазақстанға өткізуді болдырмау үшін қосымша Ұлттық қорғау тетіктерін құруды ұсынамыз», деді А.Қоңыров.
Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалында қазақ тілі терминологиясы саласындағы мәселелерді көтерді. Оның айтуынша, қазақ тіліндегі терминдерді қалыптастыру процесін жетілдіру және оларды біріздендіру қажет. «Былтыр Мәжілісте «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында терминологияның өзекті мәселелерін талқылауға арналған ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, оның қорытындысы бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар жолданған. Алайда қазіргі қазақ тілі терминологиясы саласындағы көзге ұрып тұрған кемшіліктер әлі де толық түзетілмей, қоғам тарапынан орынды сынға ұшырап жүр. Үкімет жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдердің ішінде көңілге қонбайтын аудармалар аз емес. Мәселен, орыс тіліндегі «гостиница» терминінің қазақ тілінде үш түрлі атауы бар: «мейманхана», «қонақүй», «қонақүйі»», деді Кәрібай Мұсырман. Депутаттың сөзіне қарағанда, мұндай кемшіліктің үш себебі бар. Біріншіден, Республикалық терминология комиссиясының құрамына тіл мәселелерімен айналысатын мемлекеттік қызметшілер, филологтар, аудармашылар, журналист-жазушылар енгізілген. Олардың арасында медицинадан басқа, әлеуметтік және экономикалық салалардың мамандары жоқ. Екіншіден, комиссияның жұмысына ашықтық жетіспейді. Үшіншіден, оның қабылдаған терминдері ұсынымдық сипатқа ие, яғни оларды қолдану міндетті емес.
«Республикалық терминология комиссиясының мәртебесін қайта қарау және ол бекіткен терминдердің мемлекеттік органдарда, меншік түріне қарамастан, кәсіпорындар мен ұйымдардың барлығында, қоғамдық бірлестіктерде іс қағаздарын жүргізуде, білім беру ұйымдарының оқу бағдарламаларында, көрнекі жарнамада бұрмаланбай, бірізді қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау қажет. Аталған комиссияның құрамын әлеуметтік және экономикалық салалардың тәжірибелі мамандарымен, белгілі сарапшы-ғалымдармен, үкіметтік емес ұйымдардың әрі зиялы қауымның өкілдерімен толықтырған жөн», деді К.Мұсырман.
Бұдан бөлек, жалпы отырыс барысында Ирина Смирнова, Кеңес Абсатиров, Меруерт Қазбекова, Арман Қожахметов, Екатерина Никитинская және Азат Перуашев құзырлы органдар басшыларына депутаттық сауал жолдады.