Қазақстан • 10 Желтоқсан, 2020

Қазақстанда Өсімдіктер әлемі туралы Заң жобасы әзірленді

694 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда сирек кездесетін және жойылу алдында тұрған өсімдіктерді сақтау мәселесі реттеледі. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында айтты. Қазір аталған мақсат үшін Өсімдіктер әлемі туралы Заң жобасы әзірленген.

Қазақстанда Өсімдіктер әлемі туралы Заң жобасы әзірленді

«Қазақстанда өсімдіктер дүниесін сақтау мәселелері Орман кодексімен ғана және тек мемлекеттік орман қоры аумағында реттеледі. Бұл ел аумағының небәрі 11%-ы ғана (30 млн. га). Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, босалқы жерлер және өнеркәсіп жерлері сияқты басқа санаттардағы жерлер бойынша бұл мәселелер реттелмеген. Осыған байланысты Министрлік Өсімдіктер дүниесі туралы заң жобасын әзірледі»,- деді Мағзұм Мырзағалиев.

Оның шеңберінде өсімдіктер дүниесі ресурстарын қорғау, молықтыру және пайдалану жөніндегі барлық мәселелерді заңнамалық тұрғыдан ретке келтіру, өсімдіктер дүниесі ресурстарын сақтауға және молықтыруға жауапты мемлекеттік органдарды айқындау көзделуде. Бұл олардың республикадан тыс жерлерге шығарылуын бақылауды күшейтуге мүмкіндік бермек.

«Өсімдіктер дүниесінің есебін, мемлекеттік кадастры мен мониторингін жүргізу, сондай-ақ ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларын жасау және ұстау тәртібін айқындау көзделуде. Бұдан басқа заң арқылы өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, эндемикалық және реликті түрлерін сақтау, табиғи экожүйелерге бөтен текті түрлерді жасанды жолмен енгізуге тыйым салу мәселелері реттелетін болады»,- деп атап өтті министр Үкімет отырысында.