Білім • 10 Желтоқсан, 2020

Ауған әйелдерінің екінші тобы Қазақстанға келді

545 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еуропалық Одақ қаржыландыратын білім беру жобасының шәкіртақысын иемденген ауған әйелдерінің екінші тобы Қазақстанға білім алу мақсатымен келді, деп хабарлайды Egemen.kz.  10 студенттен тұратын жаңа топтың академиялық сапары Almaty Management University тіл мектебіндегі ағылшын тілін үйрену бойынша онлайн сабақтарынан басталды. Тілдік даярлауды сәтті аяқтағаннан кейін грант иегерлері Қазақстанның үздік университеттерінің бірі Қазақстан-Британ техникалық университетіне тау-кен ісі мамандығы бойынша оқуға түседі.

Ауған әйелдерінің екінші тобы Қазақстанға келді

Ауғанстандық 30 әйелден тұратын алғашқы топ Алматыға 2019 жылдың қазан айында келген еді. Шәкіртақы иегерлері тілдік дайындықты ойдағыдай тәмамдап, Сәтбаев, Қазақ ұлттық аграрлық және Қазақстан-Британ техникалық университеттеріне тау-кен ісі, ауылшаруашылық және қаржы мамандықтары бойынша бакалавриат, магистратура және техникалық және кәсіптік білім беру (TVET) бағдарламаларына түсті. Қазіргі уақытта COVID-19 шектеулеріне байланысты студенттер академиялық курстарын онлайн режимінде өтіп жатыр.

Жоба ауған әйелдерінің жоғары білім алу жолындағы құлшыныстарын қолдау мақсатында Еуропалық Одақ (ЕО) бөлген 2 миллион еуро грант аясында жүзеге асырылады. Жалпы алғанда, 2025 жылға дейін 50 ауған әйелі Қазақстан мен Өзбекстандағы үздік университеттердегі жоғары, техникалық және кәсіптік білім алатын болады. Білім беру арқылы әйелдердің мүмкіндіктерін арттыру әр жеке әйелдің өмір сүру сапасына ғана емес, сонымен қатар жалпы елдің экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Бағдарлама аясында алынған білім ауған әйелдеріне отанына оралғаннан кейін өз әлеуеттерін жүзеге асыруға және жергілікті қауымдастықтардың дамуына зор үлес қосуларына мүмкіндік береді.

«Әйелдер экономикалық өсу мен тұрақты дамудың негізі болып табылады және олардың экономикалық әлеуеттері кез келген елдің алға басуындағы рөлі өте маңызды. Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты одан әрі дамыту жолындағы ынтымақтастықты нығайту Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдерінің ортақ мүддесі. Басқаша айтқанда, Ауғанстанда бейбітшілік орнамай, Орталық Азияның гүлденуі мүмкін емес. Ауғанстан, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы «білім беру көпірі» елдердің әлеуметтік және экономикалық байланысын одан әрі күшейте алады. Осылайша қауіпсіздік мәселелерін шешуге үлес қосып, аймақтың бейбіт және гүлденген болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - дейді Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Свен-Олов Карлссон.

Ауған әйелдері білім алу және жұмысқа орналасу жолында ер азаматтармен салыстырғанда анағұрлым көп кедергілерге тап болады. Адам әлеуетін дамыту туралы БҰҰДБ-ның 2019 жылдағы баяндамасына сәйкес ересек ауған әйелдерінің тек 13 пайызы ғана орта мектепті бітірген болса, ер адамдардың арасында бұл көрсеткіш 37 пайызды құрайды. Кедейлік, қауіпсіздік мәселелері, гендерлік стереотиптер мен әлеуметтік нормалар ауған әйелдерінің білім алу жолындағы негізгі шектеуші себептерінің бірі болып табылады.

Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) бастаманы жүзеге асырушы серіктес ретінде тағайындалған болатын. «Қазақстандағы БҰҰДБ-сы бұл маңызды бастамаға қатысуын мәртебе санайды. Біз кез-келген қоғамның дамуы сол қоғамдағы әйелдердің толық және белсенді қатысуынсыз мүмкін емес деп сенеміз. Қалыптасқан кедергілер мен теңсіздіктерді жою арқылы әйелдердің мүмкіндіктерін арттыру олардың өз қоғамдарындағы теңдікті қалпына келтіруге және өз қоғамдастықтары мен экономикаларының дамуы үшін өте маңызды».

Осы жазда жоба Өзбекстанда ресми түрде жалғасты. Он ауған әйелі Термез қаласындағы Ауғанстан азаматтарын оқытуға арналған білім беру орталығында (ECTAT) ауылшаруашылық мамандығы бойынша оқитын болады. Осылайша, 50 ауған студенттерінің барлығы іріктеліп, қазіргі уақытта олар Қазақстан мен Өзбекстандағы білім алу жолындағы әртүрлі кезеңдерінде орналасқан.