Технология • 11 Желтоқсан, 2020

Зеңбірек жасайды

1183 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Республикамыздың батыстағы қақпасы – Орал қаласында өндірістің өзге салаларына қарағанда машина жасау және қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен сынды стратегиялық сипаттағы салалар жақсы дамыған. Яғни, еліміздің аталған кешен аясындағы басты бағытын айқындайтын факторлар Ақжайық аймағында қалыптасқан десек қателесе қоймаспыз.

Зеңбірек жасайды

«Қазақстан инжиниринг» ҰК АҚ құрамына кіретін өңір­де­гі қорғаныс кә­сі­порындары соңғы уақытта ар­найы өндіріс түрлерін конвейерге қою үшін жаңаша бір бетбұрыс жасай бастағаны байқалады.

Солардың бірі Батыс Қа­зақ­­стан машина жасау ком­па­ниясы болып отыр. Рас, атал­ған кәсіпорын кейінгі кезде бұйығы күй кешіп, томаға тұйық қалғандай көрі­нетін. Әйтсе де бұл тек сырт­қы құбылыс болып шыққанына сүйсінбесек рен­жімейтін шығармыз. Шын­туай­тына келгенде, мұнда бұған дейінгі моральдық тұр­ғыдан ескірген құрал-жаб­дық­тар ығыстырылып, жаңа заманауи технологиялар енгі­зіліп жатыр екен. Соның негі­зінде кеңестік кезеңдегі «Метал­лист» қару-жарақ зауытында биыл жаңа жобалар қолға алына бастапты.

Соның бірі – мем­ле­кеті­міз­дегі құрлық әскерлерінің негізгі қаруы болып табылатын зеңбірек деуге әбден болады. Осылайша елімізде тұңғыш рет күші жойқын зеңбірек шығару өндірісі басталды деу­ге толық негіз бар. Сөйтіп алдымыздағы 2021 жылдан бастап отандық кәсіпорында мемлекеттік-қорғаныстық тап­сырысқа сәйкес аталған қару түрі жасалмақ. Бұл үшін зауыттағы бұған дейінгі сынақ орталығы қайта жарақ­танды­рыл­ған. Сондай-ақ қару-жарақ өндірісіне қажетті полигон мәселесі де өз шешімін та­уып үлгерген. Батыс Қазақстан машина жасау компаниясына құрлықта қолданылатын қаруларға қоса теңіз қару­ла­рын құрастыруға да лицензия берілген.

 

 

ОРАЛ