Вице-премьер бастаған делегация «Медеу» базалық стансасы мен «Шымбұлақ» ТШК ең жоғары нүктесіндегі визит-орталықтарды, Tenir Eco Hotel глэмпингтік құрылыс алаңындағы жұмыстарды көрді.
Алматы қалалық туризм басқармасының басшысы Сабина Аманкелді биыл инвесторлардың қаражатына жоғарыда аталған 2 визит-орталық салынып, Tenir Eco Hotel глэмпингтік аймағының құрылысы аяқталғанын мәлімдеді. Үш жобаға тартылатын жеке инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 1 млрд теңгені құрайды. Бүгінде «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының ең биік 3200 метрлік нүктесінде іске қосылған визит-орталықта курорт туралы ақпараттар, кәдесыйлар мен «Шымбұлақ» лейблі бар фирмалық киімдерді, жабдықтарды жалға алуға, тау шаңғысы мен сноубордта сырғанауды оқытатын нұсқаушының қызметін және тауға жаяу жорық, қарда жүру, парапланмен ұшу қызметтерін сатып алуға болады.
Желтоқсан айында «Медеу» базалық стансасында «Денсаулық соқпағына» шақыратын және туристерге экотуризм бойынша ақысыз білім беретін визит-орталық іске қосылды. Биыл жыл соңында пайдалануға берілетін Tenir Eco Hotel глэмпингтік аймағынан Іле Алатауы шыңдарының ғажайып көрінісі ашылады. Жоба инвесторы Владимир Сарыбеков эко-үйлер толығымен қазақстандық зауыттарда жиналғанын, рециркуляциялық тазарту жүйесімен жабдықталғанын, бұл экологияны сақтау үшін маңызды екенін атап өтті. Кешеннің өзі халықаралық стандарттарға сәйкес және 30 төсектік орындық 10 эко үйден тұрады.
Қазіргі таңда курортта Қазақстандағы ең ірі тау шаңғысы мектебі – «Шымбұлақ» тау шаңғысы және сноуборд мектебі жұмыс істейді. Жыл сайын мектепте тау шаңғысы мен сноубордтан 10 мыңнан астам сабақ өтеді, ал оқушылар саны 15 мың адамнан асады.
Туристік нысандарды аралап шыққан Премьер-Министрдің орынбасары қонақүйлер, тау шаңғысы кешені, мейрамхана, дәмхана, хостелдер және әртүрлі бағыттағы демалыс орталықтары бар курорттың барлық маусымда да қызмет ететінін ескере отырып, емдік-сауықтыру туризмін дамытуға да ерекше назар аударылуы қажеттігін жеткізді. Әсіресе пандемия жағдайында қала тұрғындары мен қонақтары денсаулықтарын нығайтуы үшін тауға баруға барлық жағдай жасалуы қажет.
Алматыда туристік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде 3 жылда 1 мың шақырымға жуық таудағы жаяу маршруттар цифрланып, жалпы ұзындығы 325 шақырым болатын 25 тау маршруты абаттандырылған. Биыл Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында жалпы ұзындығы 171 шақырымдық 11 тау маршруты жөнге келтірілді. Бұл бағыттарда ақпараттық тақталар, стендтер, бағыттамалар, сәкілер, отыру орындары орналастырылған. Осылайша, қала тұрғындары мен қонақтары таулы жерлерде серуендегенде жолдан адаспай демалысын ұйымдастыра алады. Сонымен қатар қалада туристерге ақпарат беретін 8 орын жұмыс істейді
«Халықаралық тәжірибеге сәйкес визит орталықтары – туристерді белгілі бір жерді таныстыратын бірінші нүкте. Мұнда келушілер алғашқы сәттен бастап өздеріне ғана емес, қоршаған ортаға да қамқорлық жасау керегін түсінеді. Дәл осы тұжырымдаманы басшылыққа ала отырып, біз Шымбұлақ таулы курортында да осыған ұқсас тәсіл қолдануды ұсындық», деді Kazakh Tourism ҰК басқарма төрағасының орынбасары Қ.Садуақасов.
«Қазіргі заманауи өзгерістер туристерді экологиялық бағдарланған демалыс форматына көбірек тартып жатыр. Егер мұндай ойын-сауықты әдеттегі жайлы тұру әдісімен үйлестіру мүмкін болса, онда саяхатшылардың көпшілігіне сапар шегетін бағыттарды таңдауға гламмингтер шешуші рөл атқарады. Экологиялық технологияларды қолдануды ескере отырып, мұндай жобалар барлығының көңілінен шығуы керек», дейді инвестор В.Сарыбеков.
Жұмыс тобы сонымен қатар 2021-2022 жылдары Алматы облысының туристік қызығушылығы бар жерлерде жүзеге асырылатын S.N.E.G қонақүй желісінің жобасымен танысты. Инвестор құрылыстың бірінші кезеңі үш түрлі жерде басталатынын хабарлады.
Сонымен қатар Е.Тоғжанов шаңғы және сноуборд мектебінің балаларымен және нұсқаушыларымен әңгімелесті. Былтыр тау курорты кешенінде қалалық әкімдіктің қолдауымен 1200-ден астам бала ақысыз жаттыққан. Осы арада ұзақ отбасылық демалыстарға қызығушылық артып келе жатқанын атап өткен жөн. Әлемдік нарықтағы басқа да тау шаңғысы курорттарымен, қонақүйлермен және туроператорлармен жүйелі жұмыс жүргізілуде.
«Қазір өзге елдермен шекаралар жабық болғандықтан, ішкі туризмді дамытатын кез келді. Туризм нарығындағы азаматтар бірігуге кірісті, бұл туристік өнім қолжетімді бола бастады дегенді білдіреді», деді «Шымбұлақ» демалыс орнының бас директоры Ринат Әбдірахманов.
АЛМАТЫ