Онлайн режімде өткен жиында «Ауыл» ХДПП төрағасы Ә.Бектаев кіріспе сөз сөйлеп, үгіт-насихат науқанының негізгі басымдықтарын атап өтті.
Республикалық қоғамдық штабтың басшысы Т.Рахымбеков штабтың дайындығы туралы баяндады. Орталық сайлау комиссиясы мен аумақтық сайлау комиссияларында «Ауыл» партиясының партиялық тізімі бойынша, оған барлығы 625 адам депутаттыққа кандидат ретінде ресми тіркелді, оның ішінде Парламент Мәжілісіне – 19 адам, облыстар мен республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына – 98 адам, облыстық маңызы бар аудандық және қалалық қалаларға – 508 адам. Үгіт-насихат науқанына 14 облыс орталығы мен республикалық маңызы бар 3 қалада 17 өңірлік штаб өз жұмысын бастады. Сонымен қатар әр аудан орталығында аумақтық штабтар ашылды.
Іс-шара барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды (Бағдарламаның толық мәтінімен «Ауыл» партиясының ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында танысуға болады).
Үгіт-насихат науқаны кезінде онлайн режімінде өңірлерде сайлаушылармен кездесулер, акциялар, дебаттар, флэшмобтар өткізіледі. Әртүрлі деңгейдегі депутаттыққа кандидаттар «Ауылдан ауылға» акциясы шеңберінде шалғай ауылды қамти отырып, әрбір ауыл тұрғынымен кездеседі және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.
Пандемияға байланысты үгіт-насихат кезеңінде сайлау заңнамасының талаптарын және санитарлық-эпидемиялық нормаларды қатаң сақтау қажеттігі өңірлерге ескертілді. Штабтың ашылу салтанатынан Facebook-тегі ресми аккаунтында БАҚ өкілдері үшін онлайн көрсетілім ұйымдастырылды.