Дәл сол жылдың қоңыр күзінде Кеңес Одағы әскерлері Мажарстанға баса-көктеп кіріп, жергілікті халықты қан-жоса еткен еді. Кейбір дереккөздерге сүйенсек, көтеріліс кезінде 4 мыңға тарта адам өліп, 15 мыңнан астамы түрлі жарақат алған екен. Соған наразылық білдірген Испания, Швейцария және Нидерланд сынды мемлекеттер Олимпиадаға қатысудан бас тартты. Суэц дағдарысына байланысты Ирак, Ливан және Камбоджа бойкот жариялады. Тайпейді жарысқа қатыстырдыңдар деген желеумен Қытай Халық Республикасы жасыл құрлықтағы жарысқа келмеді. Ол аздай, бюджеттен бір тиын да шығармаймыз деп, жергілікті билік байбалам салды. Бірақ жоғарыдағы келеңсіз жайттардың кесірінен Олимпия ойындарының қызығы еш кеміп қалған жоқ. Жарыс жолына шыққан спортшылар жеңіс тұғырына көтерілу үшін барын салып, өрелі өнерлерімен сан миллион жанкүйерді қуаныш пен шаттыққа бөледі.
Жасыл құрлықтағы жарыстың жалпыкомандалық есебінде КСРО құрамасы алдына жан салмады. Олар 98 (37 алтын+29 күміс+32 қола) медаль олжалады. Екінші орын алған АҚШ спортшылары 74 (32+25+17) жүлде иеленді. Үшінші сатыға жайғасқан Аустралия 35 (13+8+14) медаль еншіледі. Сондай-ақ Мажарстан (9+10+7), Италия (8+8+9), Швеция (8+5+6), Германия (6+13+7), Ұлыбритания (6+7+11), Румыния (5+3+5) және Жапония (4+10+5) өрендері үздік ондықтың қатарына енді. Бұл жарыста барлығы 25 мемлекеттің әнұраны шырқалып, тағы 45 елдің туы көкте желбіреді.
Жекелеген спортшылар арасынан да теңдессіз өнерімен төрткүл дүниені тамсандырғандар аз болған жоқ. Мәселен, спорттық гимнасшылардың жарысында сарапқа салынған 16 бас жүлденің 11-ін КСРО өрендері олжалады. Бір ғажабы, бас-аяғы бір сағат ішінде Мельбурндегі зәулім спорт кешенінде Кеңес Одағының әнұраны 11 мәрте шырқалды. Солардың арасында Лариса Латынинаның (суретте) шоқтығы биік болды. Украинаның Херсон қаласында дүниеге келген 22 жастағы қыз 4 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иемденіп, Олимпиаданың абсолютті чемпионы атанды. Аустралиядан оралған бетте Лариса сыйақыға алған 50 мың сомның 32 мыңына су жаңа «Волга» автокөлігін сатып алды.
Мажарстанның тумасы Агнеш Келетидің де қарқыны күшті болды. Өз елінің қоржынындағы төрт алтынның барлығын да дәп осы гимнасшы жеңіп алды. Одан бөлек, ол тағы екі рет екінші орын алды. Жарыс аяқталған бетте Мажарстандағы төңкерістен соң коммунистік режімге ашық түрде наразылығын білдірген Агнеш сол мемлекеттің 44 атлетімен бірге Аустралияда қалып қоюды жөн көрді. Кейіннен әйгілі спортшы Израильге қоныс аударды.
Гимнасшылардың ерлер арасындағы бәсекесінде Виктор Чукарин мен Валентин Муратов үш реттен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Сондай-ақ Чукарин бір күміс пен бір қолаға қол созса, Муратов екінші орынға табан тіреді. Валентиннің зайыбы Софья Муратова да дәл осы жарыста жасындай жарқылдап, 1 алтын мен 3 қола еншіледі.
Жеңіл атлеттер жарысында АҚШ құрамасы алдына жан салмады. Сарапқа салынған 33 бас жүлденің тең жартысына жуығын америкалықтар иемденді. Әсіресе, Бобби Марроудың мықтылығы еш күмән туғызған жоқ. 23 жастағы Техас штатының тумасы 100 және 200 метрге жүгіруде, 4х100 эстафеталық сайыста шашасына шаң жұқтырмады. Әйелдер арасында Бетти Катберттің қарқыны қуантты. 18 жастағы аустралиялық бойжеткен де дәл сол қашықтықтарда қарсыластарынан қара үзіп кетті.
Мельбурндегі додада мажарстандық боксшы Ласло Папп қатарынан үшінші мәрте Олимпиада чемпионы атанды. Кейіннен бұл нәтижені Куба қабыландары – Теофило Стивенсон мен Феликс Савон қайталады. Алайда әлі күнге дейін осы көрсеткішті ешкім жаңарта алған жоқ. Былғары қолғап шеберлерінің бәсекесін КСРО құрамасы үш алтынмен қорытындылады. Міне, жасыл құрлықтағы ойындардың басты қаһармандары осылар.
XVI жазғы Олимпия ойындарында Кеңес Одағы құрамасы сапында Қазақстанның өкілі Евгений Кадяйкин де өнер көрсетті. Ол 3 000 метр қашықтыққа кедергілер арқылы жүгіруде бақ сынады. Бірақ жерлесімізге жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырмады. Есесіне айтулы жарыста Қазақстанның үш бірдей түлегі Мельбурнде олжаға кенелді. Олар – Владимир Сухарев, Анатолий Самоцветов және Геннадий Николаев. Енді осы спортшылар жайынша қысқаша мәлімет берейік.
Жеңіл атлет Владимир Сухарев 1924 жылы қазіргі Жамбыл облысының Қордай ауданында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман-есен оралған соң спортқа мықтап ден қойды. Бүкілдодақтық жарыстарда көзге түскеннен кейін халықаралық додаларға қатыса бастады. 1952 жылы ол Хельсинки Олимпиадасының 4х100 эстафеталық сайысында күміс медальді мойнына ілді. Арада төрт жыл өткен соң жасыл құрлыққа сапар шекті. Құрамында Леонид Бартенев, Борис Токарев, Юрий Коновалов және Владимир Сухарев сынды желаяқтары бар КСРО құрамасы Мельбурн Олимпиадасында екінші орынды иеленді. Бұл жолы да олар АҚШ-тың жүйіріктерінен қалып қойды.
Балға лақтырудан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Анатолий Самоцветовтің қай өңірдің түлегі екені жайында қолымызда нақты мәлімет жоқ. Кейбір деректерде оның Иркутскіде өмірге келгені көрсетілсе, кейбірінде Алматы облысының Сарқан ауданының тумасы деп жазылған. Қалай болғанда да, Анатолийдің балалық және жастық шағы Жетісу өңірінде өткені анық. Бойы 184 сантиметр, салмағы 100 килодан асатын алып талай дүбірлі додада атой салды. Мельбурндегі ойындарда Самоцветов қола медаль олжалады. Ол америкалық Гарольд Коннолли мен өзінің командалық әріптесі Михаил Кривоносовтан ғана қалып қойды.
Жүзуші Геннадий Николаев Ашғабадта туды. Десек те Алатау баурайында жаттығып, елеулі табыстарға біздің елде жүріп қол жеткізді. Эстафеталық сайыста Николаев әлемдік рекордты бір және Еуропа рекордын алты мәрте жаңартты. 200 метрге еркін тәсілмен жүзуде КСРО рекордшысы. Мельбурнде ол дәл сол қашықтықтың эстафетасында қола медальді мойнына ілді. Сол команданың сапында жерлесмізден бөлек, Виталий Сорокин, Владимир Стружанов және Борис Никитин өнер көрсетті.
АЛМАТЫ