«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» АҚ-ның «Менің Елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында ауданы 1400 шаршы метрден асатын спорт кешенінің құрылысына қаражат бөлді. Мұнда түрлі спорттық іс-шаралар, аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстар, сондай-ақ жаттығу жиындары өтеді. Кешенге үлкен арена, әмбебап зал, бокс және күрес залы және 4 киім ауыстыратын бөлме кіреді.
«Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға үлкен көңіл бөледі. Біздің облыста 13 дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде, оның төртеуі Қордай ауданының ауылдарында. Әлжан ана ауылында жаңа спорт кешенінің ашылуы салауатты өмір салтын ұстануға ықпал ететініне сенеміз. Енді ауылдың ұлдары-қыздары да, өзге тұрғындар да аудан орталығына баруға уақыт пен қаражат жұмсамай, жақын жердегі кешенде сүйікті спорт түрлерімен айналыса алатыны қуантады», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтау сөзінде.
Сондай-ақ, спорт кешенінің ашылу салтанатына Жамбыл облысының тумасы, ІВА бойынша кәсіби бокстан әлем чемпионы, Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Марат Мәзімбаев та қатысты. Кәсіпқой спортшы жақын арада осы тамаша кешеннің қабырғасынан тәуелсіз Қазақстанның әнұранын әлемдік аренада шырқататын олимпиада және әлем чемпиондары шығатынына сенім білдірді.
Барлық спорт залдары қажетті құрал-саймандармен жабдықталған, оның ішінде бокс рингі орнатылған, күрес маты және жамылғы, бокс сөмкесі және басқа да тренажерлар сатып алынған. Мұнда жергілікті Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 120 оқушысы 6 жаттықтырушымен бірге жаттығатын болады.
Айта кетейік, ғимарат пандустармен және арнайы дәретханалармен жабдықталған. Сонымен қатар, мұнда алғашқы медициналық көмек көрсету үшін дәрі-дәрмектермен жабдықталған медициналық кабинет бар.
Бұл «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан іске асырып жатқан Жамбыл облысындағы алғашқы жоба емес. Осылайша, 2020 жылы өңірде әмбебап спорт алаңдары ашылды, Қордай ауданында білім алуында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеті мен ресурстық орталық ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар, жақын арада Таразда Елбасының «Қамқорлық» бастамасы аясында оңалту орталығы және мүгедек балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеті ашылады.