Осылайша, Президенттің елді мекендер мен ауылдық жерлерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы іске асып, Қордай ауданына қарасты Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе, Масаншы, Қаракемер, Қарасу, Өтеген, Қызылсай, Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 ауылдары газбен қамтамасыз ету желілеріне қосылды.
Қысқа мерзімде жүзеге асқан бұл жоба биыл маусым айында ғана қолға алынған. Күздің ортасында, яғни 15 қазанда салтанатты жағдайда Қарасу мен Өтеген ауылдарына көгілдір отын кіргізілген еді. Көп ұзамай, енді міне, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 57 мыңдай тұрғыны бар сегіз елді мекенде газ құбырларының құрылысы аяқталып, жұрттың қолы жылу көзіне жетіп отыр.
Компания мамандары атап өткендей, Қордай ауданында 392 шақырымдық газ құбыры тартылып, газ тарату желілері арқылы табиғи газ әлеуметтік және кәсіпкерліктің 274 нысанына жеткізіледі. Оның ішінде, жоғарыда атап өткендей, 10 елді мекеннің 7 мың шаңырағы да бар.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев 70 жылдан астам уақыт бойы Қордайды газбен қамту мәселесі шешімін таппай келгеніне тоқталды. «Биылғы жылды тарихи деп атауға болады. Ел Президенті қолдауының арқасында 100 мыңнан астам тұрғыны бар ауданның 22 ауылын газдандыруға 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде қордайлықтарды көгілдір отынмен қамту деңгейі 47 пайыздан 95-ке дейін көбейеді. Мұндай ауқымды жұмыстар бұл аймақта бұрын-соңды жүргізілген жоқ», деп атап өтті облыс әкімі.
Осы қуанышты күнмен жерлестерін аудандық Қоғамдық келісім Кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов құттықтады.
– Өздеріңіз білетіндей, жыл басында Президент келіп кеткен еді. Сол сапар барысында біз Мемлекет басшысынан аудандағы бірқатар түйткілді шешуге жәрдем жасауын өтініп едік. Сол мәселелердің ішінде газдандыру да бар. Өтінішіміз ескерусіз қалған жоқ. Осы салтанатты сәтке қатысы бар барша жанға алғысымызды білдіреміз. Біз үшін бұл айтулы мереке және дүнген бауырларымызбен бас қосып, бір-бірімізді құттықтап, пікір алмасатын жақсы себеп болды. Бәріміздің мақсатымыз – бірлік, – дейді Ә.Сейілханов.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Сәкен Исмайловтың айтуынша, ауылдарға газ жеткізетін құбырлардың құрылысы «Қордай» автоматты газ тарату стансасын (АГТС) жаңғырту және оның өткізу мүмкіндігін арттырумен қатар жүргізілді. Аталған жұмыстар Қордай ауданының тағы 12 елді мекенін газдандыруды жоспарлауға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде, Қордайдағы 41 ауылдың 29-ы толықтай газдандырылуы тиіс. Демек, бұл аудан халқының көпшілігі газ игілігін көретін күн алыс емес деген сөз.
Салтанатты жиыннан кейін облыс әкімі өзгелермен бірге үйіне газ кіргізген жергілікті тұрғын Муса Машанлоның шаңырағына бас сұқты.
– Газ қосылғаннан кейін бізде жаңа өмір басталды. Үйімізде әрдайым жайлылық пен жылу болады. Еліміздің басшылығы мен газ мамандарына отбасымыздағы қуаныш үшін алғысымыз шексіз, – деді Сортөбе ауылының тұрғыны Мәдина Молдажанова.
Көгілдір отын ошақты маздатып қана қоймай, монша, мектеп, медицина мекемелерін де жылытып, жанға рақат сыйлайтыны жұртты қуантып отыр. Ең бастысы, техникалық қауіпсіздікті қаперден шығармау керек.
Мұнан да бөлек, ұлан-ғайыр даламыздың барлық аймақтарына газ жеткізу – еліміздің экологиялық ахуалына да тигізетін септігі орасан. Оның үстіне көгілдір отынға қатысты атқарылып жатқан жобалар мемлекетіміздің энергетикалық қауіпсіздігінің бір парасы болғандықтан, Үкімет те бұл мәселеге жіті назар аударып отырғаны баршамызға белгілі.
Бұл жердегі объективті қиындықтар мынада, мұнай-газ кен орындары негізінен республикамыздың батыс өңірлерінде орналасқандықтан, мыңдаған шақырымдарға созылған газ құбырларын тартып, оны сәйкес инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету орасан күш, қомақты қаражат пен уақытты талап етеді.
Қуантарлығы, «Сарыарқа» газ құбыры арқылы отандық газ жеткізілген елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының алғашқы жүздеген тұрғыны биылғы қысты көгілдір отынмен қарсы алып отыр. Қазіргі кезде климаты қатал, ауа райы суық орталық пен солтүстік үшін аса маңызды осы жобаның екінші кезеңін іске асыру ісі жоспарлануда.
Жамбыл облысы,
Қордай ауданы