Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас анестезиолог-реаниматологы Тілеуберді Қуандықов айтты.
«Алматыда жаңа дертпен күресуде теңдесі жоқ шаралар қабылданды. Аз уақыттың ішінде 15 инфекциялық стационар, соның ішінде инфекциялық емес клиникалардың базасында ашылды. Аталған стционарлардың реанимация бөлімдерінде күн сайын ауыр жағдайдағы 160 науқас жатты. Қаланың денсаулық сақтау саласына қаншалықты үлкен жүк артылғанын елестете беруге болады. Пандемия қатты өршіген кезде жағдайылары ауыр науқастарға тиімді ем жасау үшін барлық стационарлардың жұмысын біріктіретін құрылым құру туралы шешім қабылданды. Осы мақсатқа жету үшін біз Орталық құрдық, оның мақсаты жансақтау бөлімдеріндегі науқастарды емдеу сапасын арттыру үшін барлық инфекциялық стационарлардың жұмысын үйлестіру болды», - деді дәрігер.
Құрылған Анестезиология және реаниматология орталығының құрамына осы саладағы қаланың үздік мамандары кірді. Жұмыстың мәні коронавирус инфекциясы бар ауыр науқастарға қарқынды терапия көрсететін дәрігерлерге кеңес беру, әдістемелік және практикалық көмек көрсету болды. Ол үшін осы орталықтың мамандары күн сайын сол жұқпалы аурулар стационарларына барып, сол жерде реаниматологтарға көмек көрсетеді.
Практикалық көмек көрсетуден басқа, бригадалардың дәрігерлері ауыр науқастарға кеңес берді. Қажет болған жағдайда бұл жұмысқа жетекші профессорларды тартып, түрлі онлайн платформаларды пайдалана отырып консилиумдар жүргізді. Осы кезеңде мамандар бригадасының шақыртулар бойынша 2 мыңнан астам рет барып, ауыр науқастарға арналған 5 мыңнан астам консультация жүргізіп, бейне байланыс және «орнында» 100-ге жуық консилиумдар жүзеге асырылды.
«Біз реаниматология орталығын шілденің бірінші жартысында құрдық және оның жұмысының нәтижесін пневмониядан өлім азая бастаған кезде, бірнеше күннен кейін алдық. Бірінші аптаның ішінде ол бірнеше есе азайды. Жақсарып, үйіне шығарылып жатқан науқастар көбейді. Біз денсаулық сақтау министрлігі үнемі өткізетін республикалық конференция-семинарларда анестезиология және реаниматология қызметінің жұмысын ұйымдастыру тәжірибесін республикамыздың барлық өңірлерімен бөлістік», - дейді Тілеуберді Қуандықов. Спикер пандемия кезіндегі тиімді шаралардың бірі ретінде коронавирустық инфекцияны, оның ішінде қарқынды емдеу хаттамасын әзірлеуді атап өтті.