Ғылым • 16 Желтоқсан, 2020

Жабық жердегі жаһандық жаңалықтар

493 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Әлемді, адамзатты ғылым құтқарады. Жер жаһанды жайлап, дүниені дүрліктірген індет бізге осыны анық ұғындырды. Қазіргі таңда әр ел өз халқын вирустан сақтап, қауіптен қорғау жолында жанталасып жатыр. Себебі індеттің алдын алатын ең сенімді қорғаныш – вакцинаны әлі нақты ешкім тауып, өндіріске енгізген жоқ және әр мемлекет шығарған екпе өз азаматтарына ғана толық жеткілікті әрі экономикалық тұрғыдан тиімді болады. Осы жағдайда біз бар екенін білдіріп, іске кіріскен ғалымдарымыздың еңбегімен таныстық. Шыны керек, сол саладағы мамандар болмаса, бізді көзге көрінбейтін қауіп-қатерден қорғап, түрлі инфекциялардан сақтаумен айналысатын жабық институттың барын, онда қаншама білікті ғалымдарымыздың еңбек ететінін білмедік. Білместіктің астарында бағасына жетпеу де бар-тын. Ал енді сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында Отарға жол тарттық. Жабық жердегі жетістіктерді жадымызға түйіп, санамызға сіңіргенде ғылым құлдырап, ғалымдар көше кезіп кеткен тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінен аман қалып, беделін, сапасын жоғалтпай жұмыс істеп тұрған мекеннің бары – егемендіктің ең үлкен жетістігі екен-ау деген ой түйдік.

Жабық жердегі жаһандық жаңалықтар

 

Кеше

Ширек ғасырдан аса уақытқа кері шегінейік. Қазіргі таңда елдің, халықтың, мем­лекеттің қауіпсіздігі жолында өлшеу­сіз еңбек етіп жатқан Биологиялық қа­уіп­сіз­дік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты (БҚПҒЗИ) 1958 жылы Кеңес ода­ғы­­ның оңтүстігіндегі аймақтарды жан­уар­лар мен өсімдіктерден келетін аса қауіп­ті аурулардан қорғау мақсатында КСРО Министрлер Кеңесінің және КОКП ОК қаулысымен Ауылшаруашылық ғылы­ми-зерттеу институты (АШҒЗИ) болып құрылды. Бірнеше жылға созылған қарқынды құрылыстан кейін Жамбыл облы­сындағы Отар стансасына 3 шақы­рым жерде әлеуметтік-тұрмыстық инфра­құ­ры­лымы (балабақша, мектеп, емхана, мәдениет үйі, дүкендер, пошта мен қазандық) бар біртұтас ғылыми қала­шық және қалашықта сол уақыттағы биоло­гиялық қауіпсіздікке қойылатын талап­тар­дың барлығына сай келетін мекеме пайда болды. Институт орналасқан жеріне қарай халық арасында «Отар институты» деген атпен белгілі болды.

Үлкен іспен, шындығында қауіпті қызметпен айналысуға КСРО-ғы ең бе­дел­ді ЖОО-нан жас мамандар тартылды. АШҒЗИ-ына мақсатты және жос­парлы түрде жіберілген кадрлар көбіне Мәскеу ветеринариялық академиясының, Воронеж университетінің, С.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік универ­си­тетінің, Алматы зооветери­нариялық институтының түлек­те­рі мен КСРО-ның басқа да ғылыми-зерт­теу инсти­тут­та­ры­ның мамандарынан құрал­ды.

Кеңес одағы құлап, ғылым «ала дорба арқалап кеткен» қиын-қыстау кезеңде инс­титутқа ветеринария ғылымдарының кан­дидаты, кейін докторы, профессор Сейдіғапбар Мамадалиев басшылық етті. Ол бар күш-жігерін салып, институтты сақтап қалды.

Институт аумағы әуелде тәулік бойы КСРО Ішкі істер министрлігінің жеке взводымен күзетілді. 1970 жылдардың басын­да өзге республикалардан әскери бөлімдерді қалашыққа орналастыру бас­­талып, кенттің бақылануы мен тір­ші­лі­гі­нің қам­тамасыз етілуі КСРО-ның, кейін Қазақ­стан Республикасының Қорғаныс минис­трлігіне берілді.

Осы жерде оқырманда «Бұл институт аумағы неліктен күзетіледі?» деген сұрақ туатыны заңды. Әлгінде атап өткеніміздей, инс­титут әуелден аса қауіп­ті инфекциялық ауру­ларға қарсы вак­цина және басқа да биопрепараттар әзір­леумен айналысады. Сол себепті мұнда бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынады. Кіргенде де нақты мақсатпен, алдын ала рұқсатпен, аса сақтықпен ғана кіруге мүмкіндік беріледі. Өйткені адамды өлімге әкелуі мүмкін вирус­тармен тек соған машықтанған маман ғана бетпе-бет келіп, күресе алады. Екінші жағынан биологиялық қауіпсіздік – мемлекеттің қауіпсіздігі. Ал қауіпсіздік әрдайым қорғаныста болуы тиіс.

 

Бүгін

Астанамыздан аттанған отарба ойға алған Отар стансасына тоқтады. Инс­титут елордадан ат арытып келген қо­нақ­ты күтіп алатын елгезек адамды дайындап қойыпты. 3 шақырымды артқа тастап діттеген жерімізге жетіп, арнайы күзетпен қоршалған әскери базаның пос­тынан тексеріспен өттік. Мұнда кіруге алдын ала тиесілі органның рұқсатын алғанбыз.

Көп ішінде қазір «жабық институт» аталып жүрген жерді жат планеталықтар тұратын, тұрғындарының өзінше заң­дары бар, өмір сүру тәртібі біздікінен бөлектеу мекен сияқты елестеткеніміз бар. Күтке­німі­зді көрмегендіктен, аздап таңырқап қалдық. Әскери базаның қызметкерлері мен аталған институттың мамандары тұ­ра­тын қалашықта кәдімгі күйбең тірлік. Постыдан өткеннен кейін қалашықтың көшелерімен жүріп өткенде осыған анық көз жеткізгендей болдық. Баласын жетектеген ана, таяғын сүйеніп жол жиегінде ілбіп келе жатқан әже, жұмысына жанық­қан орта жастағы ер адам, таң бозарып атқан­нан жыбырлап жұмыс істеп жүрген жұ­мысшы жігіттер, қолтығына нанын қыса дүкеннің шиқылдаған есігін жауып шыққан қыз сізді күнделікті жұмысыңызға бір бейтаныс жолмен бара жатқандай күйге түсіреді.

Осыны ойлап бола бергенде инсти­тут­тың қонақтарға арналған жатақха­на­сына да жеттік. Адам аяғы аз болғаннан ба, салқын. Алайда адамдары – жылы жүзді. Өз жағдайыңды қалауыңша жасап алуға бар мүмкіндік қарастырылыпты. 

Енді негізгі нысан – институтқа бет алдық. Ғылыми мекеме де арнайы күзет­пен қоршалған. Ондағы арнаулы бекет те бөгде адамды рұқсатнамасы бойын­ша ғана өткізеді. Бізді өзінің жып-жина­қы кабинетінде күтіп алған Институт бас директорының өндірістік қызмет жө­ніндегі орынбасары, ветеринария ғылым­дарының кандидаты Мархабат Мелісбек­ұлы өз сөзін:

– Сенсеңіз, қазір институттың барлық мамандары, әсіресе осынау қатерлі ке­зең­де елдің сенімін ақтау, азамат­та­ры­мыздың өмірін сақтау жолындағы мылтықсыз май­дан­ның алдыңғы шебінде жан алысып, жан берісіп жүрген ғалымдарымыз жұ­мыс уақыты, демалыс дегенді ұмытты. Міне, алда мереке күндері келе жатыр, оған көпшілік кемі 3-4 күндеп демалады. Ал біз күні-түні тынбаймыз, Тәуелсіздік күнінде де егемен елімізге еңбек ететініміз анық», – деп бастады.

«Күндіз-түні не істейді?» дейсіз ғой. М.Мелісбекұлының айтуынша, қазір инс­­титут – республиканың ветеринариялық вирусология, иммунология, молекулалық биология, микология, фитопатология және биологиялық қауіпсіздік саласындағы ірі ғылыми орталықтарының бірі. Мұнда медициналық және ветеринариялық мақ­сат­тағы, балаулық (диагностикалық), емдік-терапевтік және профилактикалық пре­параттардың биотехнологиясын әзір­леу бойынша зерттеулер жүргізіледі. 

Бүгінде институттың құрылымына 2-ші және 3-ші деңгейлі биологиялық қауіп­сіздігі (BSL – Biosafety lеvel) бар 13 ғылы­ми зертхана, қосалқы техно­логиялық, ғылы­ми-ақпараттық, инже­нер­лік-техника­лық және әкімшілік-шаруашылық бөлім­де­рі кіреді. Сондағы бүгінде корона­вирусқа қарсы отандық вакцинаны әзір­леу­мен тікелей айналысып жатқан Аса қауіпті індеттік ауру­лар зерт­ханасына жол тарттық. Зерт­ха­­наның меңгерушісі, ветерина­рия ғылымдарының докторы, қауым­дас­ты­рылған профессор Леспек Бекбо­латұлы АҚШ пен Қазақстанның ынты­мақ­тастығы нәтижесінде салынған ны­санға біз­ді бағыттады. Ішкі бекетте тұр­­ған күзетте толық тексерістен ұялы теле­фонымызды қалдырып, диктофонды ғана алып өте алдық. Себебі онда өте қауіпті, тіпті кей зертханаға осы инсти­тут­тың басшылары да кіре алмайды екен. Мұнда кіруге рұқсаты бар мамандарда арнайы чип болады, сол арқылы ғана бас сұға ала­ды.

Л.Бекболатұлының сөзіне сүйенсек, Аса қа­уіпті індеттік аурулар зертхана­сы құры­лы­сының ерекшелігі сол, ондағы қауіпті вирустармен ашық жұмыс істей­тін бөлмелердің төбесіне инфекцияны атмосфераға таратпай сүзіп, ұстап қала­тын сүзгі (HEPA-фильтр) орнатылған. Ыстық пен мұздай су тоқтаусыз келіп тұрады. Қажетті электр энергиясымен де қамтамасыз етілген. Егер бір себептермен зертхана жарықсыз қалса, қуаттылығы жоғары генератор 20 секундтың ішінде автоматты түрде іске қосылып, ондағы жұмыс жалғаса береді. Суға арналған резервуарлар да бар, оның да қызметі – автоматты. Ал мамандар арнайы құрал-жабдықтармен, қорғаныс киімдермен қамтылған. Сонымен қатар зертхананың негізгі аймағында жұмыс істейтін қызмет­кер­­­лердің кіргенде және шыққанда толы­ғы­­­мен тазаланып, жуынуы үшін де жағ­дай жасалған.

– Вакцина толығымен осы жерде жасалып жатыр. Қазіргі таңда COVID-19-ға қарсы 5 түрлі вакцина әзірленуде. Оның біріншісі – инактивтелген немесе өлті­ріл­ген вакцина. Бұл негізінен вакци­на­лардың ішіндегі қауіпсіз түріне жатады. Екіншісі – суббірлікті яки ақуыздық вакцина. Үшін­ші­сі – рекомбинат­ты (векторлы), яғни генді-инженерлік вак­цина. Мұнда қауіпті вирустың РНҚ-ы­нан қажетті бөлігін алып, қауіпсіз ви­рустың геномына салады. Сонда ақуызы синтезделіп, оны адамға салған кезде ағзада антиденелер пайда болады. Мәселен, біз каприпокс вирусына коронавирустың генін салдық. Сол кезде каприпокс вирусы коронавирустың антигендік ақуызын синтездейді. Дәл осы вакцинаны еккенде адамның иммундық жүйесі коронавирус келді екен деп антидене шығарады. Төртінші вакцина да – векторлы. Тек осы вакцинаның екінші түрінде каприпокс вирусының орнына тұмау вирусы қолданылады. Каприпокс пен тұмау вирусы адамға залалсыз. Мысалы, Ресей «Спутник» деп аталатын дәл осындай векторлы вакцинаны адено­вирустың генімен жасап шықты. Аденовирус негізінен ағзаға енгенде көбейеді, сөйтіп иммундық жүйеге әсер береді. Соның нәтижесінде адам ауырсынуды сезінеді, қызуы көтеріліп, кейбірі төсек тартып қалуы мүмкін. Бесіншісі – тірі вакцина. Бұл түрін дайындау үшін біз сол коронавирустың өзін алып, түрлі әдістермен зарарсыздандырамыз. Сонда вирус тірі бола береді, алайда ауру тудыра алмайтын жағдайға түседі. Бірақ тірі вакцинаны әзірлеуге кемі 1 жыл уақыт қажет. Міне, біздің институтта 5 түрлі вакцина дайындап жатырмыз. Әлемдегі ахуалға көз жүгіртсек, мәселен, Ресейдің өзінде бір институт бір ғана вакцинаны әзірлеумен айналысады. Дүниежүзінде вакцинаның 5 түрін жалғыз өзі дайындап жатқан институтты әлі кездестірген жоқпыз, – деді Леспек Бекболатұлы.

Әлбетте жұмыс жүйелі болуы үшін 5 вакцинаға 5 түрлі топ жасақталған. Тірі вак­цинаны дайындап жатқан топ­тың құрамындағы ғалым инактивтелген немесе басқа да вакцинаның түрін әзір­леуге араласпайды. Қазіргі таңда осы бесеуінің ішіндегі инактивтелген вакцина дайын. Бүгінде оны клиникаға дейінгі (тышқанға, атжалманға, қоянға, маймылға егу арқылы) сынақтан сәтті өткізіп, клиникалық сы­нау­ға жіберілді. Институт шығарған бұл вак­цина клини­ка­лық сынақтың 1-кезеңінде 18-50 жас аралығындағы дені сау 44 еріктіге; 2-кезеңінде 18-50 жас аралығындағы адамдарға ғана емес, егде жастағы жандармен қосқанда 200 еріктіге егіліп, қауіпсіздігі мен тиімділігі тексерілді. Енді 3-кезеңге дайындық басталды. Келесіде 3 мың адамға сыналатын вакцина дені сау немесе егде адамдарға ғана емес, түрлі аурулармен ауыратын науқастарға да ерікті түрде егіледі. Бекі­тіл­ген қаулыға сәйкес 2 мың адам Алматы қаласынан, 1 мың адам Тараз шаһарынан болмақ.

Инактивтелген вакцинаны әлемде Ре­сей, Қытай және Қазақстан дайындап жатыр. Ал тірі вакцинаны дүние жүзінде тек екі-ақ ел – вирусология саласында үздік Үндістан мен Қазақстан қолға алып отыр. Вакцина түрлерінің ішіндегі нақ осы екеуі ең сенімдісі саналады. Шын мәнінде тірі вакцинаны әзірлеуге тәуекел керек. Өйткені онда вирустың қауіптілігін жойғанда иммунногендігін сақтап қалу қажет. Бұл үшін үлкен тәжі­ри­­бе болуы тиіс. Ал тірі вакцинаны әзір­леуде БҚПҒЗИ-ның зор тәжірибесі бар. Инс­титуттағы Індеттік аурулардың мони­то­­­рингі зертханасының меңгерушісі, вете­ринария ғылымдарының кандидаты, профессор Мұхит Бармақұлы ірі қара мал­дағы түйінді дерматитке қарсы тірі вак­цинаны екі жылдың ішінде (2018 жылы) ойлап тауып, 2019 жылы өндіріске енгізді.

Л.Бекболатұлының бағалауына қара­ған­да, мұндай тәжірибе дүние жүзінде болма­ған. Айталық, Ресей 2015 жылдан бері аталған вакцинаны табуға әрекет етіп келе жатқанымен, әлі күнге қажетті деңгейдегі нәтижеге қол жеткізе алмады. Сондықтан қой күлі­не қарсы вакцинаны тиімділігі төмен екені­не қарамастан осы дерматитке қарсы қолда­нып отыр.

Айтпақшы, БҚПҒЗИ ғалымдары екін­ші вакцинаны клиникаға дейінгі сынау­ға кірісті. Жақсы нәтиже алынған жағдайда адамдарға клиникалық сынақтар жүргі­зі­леді. Кейін вакцина Денсаулық сақтау министрлігінде тіркелуі тиіс, содан кейін ғана вакцинаны адамдарды вакцинациялау үшін қолдануға болады.

Журналистік сапары­мыздың 2 кү­нін­­де де БҚПҒЗИ-дің Бас директоры Күнсұлу Закарьяны көрмедік. Барлық істің тігісін жатқызып жүрген инстиут Бас директорының қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Азамат Мұхтарұлы қарсы алғандағы сөзінде тұрып, әріптестерімен бірге басшысын жоқтатпады. Біз де ғалымдарды айрандай ұйытып, алпа­уыт істі үйріп әкетіп отырған басшының сөзін тарихқа таңбалап қалғымыз келсе де, бізден гөрі мемлекеттің қауіпсіздігіне жауап беру жауапты іс қой деп көндік. Оның үстіне жоғарыдағыдай, ұңғыл-шұңғылы көп, аса ыд­жағат­тылықты талап ететін ғылыми жұ­мыс­ты сол іспен тікелей айна­лы­сып отыр­ған ғалымдардан артық кім айта алар дейсіз...

Иә, сол мамандарымен мықты, бү­гін­де 60 млн дозада әртүрлі вакцинаны өндіруге қауқарлы институтта меди­ци­налық және вете­ринариялық вирусология, биоло­гия­лық қауіпсіздік, эпизоотология, иммунология, молекулалық биология, гендік инженерия, биохимия, биотехнология, микробиология және фитопатология бойынша мамандар жұмыс істейді. Оның ішінде 1 Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 4 профессор, 4 қауымдастырылған профессор, 3 ғылым докторы, 23 ғылым кандидаты, 2 PhD және 35 ғылым магистрі бар.

Институттың тыныс-тіршілігінен хабар беретін тоқсандық «Институт тынысы» ақпараттық газеті шығарылады. Және ең маңыздысы «Биоқауіпсіздік және биотехнология» ғылыми журналы жыл басынан бері жарыққа шыға бастапты. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері жазылатын ғылыми мақалалардың ға­лым­дар әлеуетін қалыптастыруда үлесі зор. Сол себепті институттың ғылыми журналы болашақта Scopus секілді ха­лық­аралық базаға енгізілсе, отандық ға­лым­дарды әлемге әйгілеуге жол ашылары анық.

1

 

Ертең

Әр адамның бүгінгі беталысынан болашағын білуге болатыны секілді, біз табан тіреген тарихи институттың қазіргі күйін көргеннен кейін келешегіне де көз тастауды көздедік. Институт жанындағы Оқу ғылыми-білім беру орталығының директоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Хайрулла Біләлұлы алдағы уақытта ірі істермен шұғылданатын зертханаларда докторанттарды даярлау қолға алынатынын айтты. Осы мақсатта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен келісім жасалған, сонымен қатар «Вирус­ология» мамандығы бойынша PhD-док­торлық жұмыстар қорғалатын маман­дан­ды­рылған диссертациялық кеңес ашу да алдағы күннің жоспарына енгізіліп отыр.

Ал институттың болашағын бағ­дар­лап беретін басты бағыт – әлемде санаулы елдерде ғана бар биоқауіпсіздігі 4-деңгейлі зертханаға қол жеткізу. BSL-4 зертханада әлемде әлі вакцинасы табылмаған, зардабы жоғары, жұқ­тыр­ған адам өліп кететін қауіпті вирус­тар­мен де жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Мысалы, Қызылорда облысында тара­ған кенеден жұғатын Конго-Қырым қызбасынан дәрігерлер ажал құшты. Егер био­қауіпсіздігі 4-деңгейлі зертхана болса, осындай кеселді дертке дер кезінде диаг­ноз қойылып, ауруға қарсы шаралар уақтылы қолға алынар еді.

Қазіргі кезде мекеме маңында GMP халықаралық стандарттары мен талаптарына сәйкес иммунобиологиялық препараттарды өндіруге арналған заманауи биофармацевтикалық зауыт құрылысы қарқын алған. Аталған зауыттың іргетасы биылғы маусымда Үкімет басшысы А.Мамин, Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев бастап, Білім және ғылым минис­трі А.Аймағамбетов қолдап қалан­ған болатын.

Институт аумағынан шығып бара жатқанда оң жақ қапталдағы қызу құры­лыс­қа көзіміз түсті. Онда 60 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Баспана мәсе­лесінің шешілуі зейнет жасына таяп қалған ғалымдардың бойындағы бар білгенін жиып-теріп, елдің ертеңі үшін аманаттап алып қалар білікті жас маман­дардың қызметке келуіне септесер деп сендік. Біз астанаға қайтқалы жат­қанда елордадан институттың қос ғалымы Отарға олжалы оралды. БҚПҒЗИ басшылығының ұсынысымен бас ғылыми қызметкерлер, ветеринария ғылымдарының кандидаттары, профес­сор Жайлаубай Қыдырбайұлы мен қауым­дастырылған профессор Мұрат­бай Әлдібайұлы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сай «Құрмет» орденін кеудеге тақты.

Біз ғалымдар үшін қуандық, түптеп келгенде бұл – ғылымға деген құрмет қой.