Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Бас қаланың мәдени өміріндегі басты оқиғаның куәсі болуға ұлт әдебиеті мен мәдениетінің кіл мықтылары жаңа театр ғимаратында бас қосып, режиссер Әлімбек Оразбековтің қолтаңбасында қойылған әйгілі «Абай» трагедиясын тамашалады. Олай болуы заңды да. Өйткені тарихы ел Тәуелсіздігімен егіз өріліп келе жатқан өнер ордасының елорданың мәдени рухани өмірінен алар орны айрықша. Отыз жыл бойы ұлт өнерінің мәртебесін биіктетіп келе жатқан шығармашылық ұжымның тарихы да, тағдыры да тағылымды. Бұл киелі ордада небір ұлы тұлғалардың саусақ табы қалған, ізденіске толы іргелі ізі сайрап жатыр.
Жаңа ғимарат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен салынды. Қараша айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті театр ғимаратына арнайы келіп, шығармашылық ұжыммен кездесіп, ақ батасын берген болатын. Бүгінде театр басшылығы да жас мамандармен толығып, жақында ғана театр директоры лауазымына «Құрмет» орденінің иегері Ернар Жұматаев, театрдың көркемдік жетекшісі жауапты қызметіне актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев тағайындалған болатын. «Жас келсе – іске» дейді. Демек, жаңа ғимараттағы жаңа маусымнан күтер жаңалық көп.
Мерейтойлық маусымның ресми бөлімін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ашып берді. Қойылым алдында театр ұжымына шығармашылық табыс тілеген министр көрерменінен сүйінші де сұрады. Қуанышты жайттың себебі – осы сәттен бастап театр қалалық әкімдіктің қарамағынан шығып, Мәдениет министрлігінің құзырына өтуі. Яғни Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры жаңа ғимаратпен бірге ресми түрде республикалық мәртебеге де ие болды.
– Құрметті театр ұжымы! Сіздерді елорда төрінен бой көтерген сәні мен салтанаты келіскен жаңа ғимаратқа қоныстануларыңызбен және ХХХ театр маусымының ашылуымен құттықтаймын. Тәуелсіздікпен қатар іргесі қаланып, қазақ кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, аңыз актер Қалибек Қуанышбаевтай дара тұлғаның есімін иеленген театр бүгінде халықтың ыстық ықыласына бөленіп, ұлт руханиятына елеулі үлес қосып келе жатқан өнер ордаларының бірі. Театрдың әр маусымы халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай» қойылымымен ашылуы ұлттық мәдениет пен өнерді ұлықтаудың айшықты үлгісі. Ағымдағы жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында жаңа ғимаратта көрсетілетін қойылымның «Абай» спектаклі болуы да заңдылық, – деген министр барша театр ұжымын айтулы қуанышпен және Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамовты «Парасат» орденінің кавалері атануымен, театр актрисасы Зибагүл Каринаны «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын иеленуімен құттықтап, бірқатар сахна қызметкерлерінің, атап айтсақ, гримм маманы Ләйлә Ысқақова, дирижер Ерлан Бейсембаев және сахна суретшісі Шынар Елембаеваның кеудесіне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тақты.
Бұл «Абайдың» өзге аттас қойылымдардан ерекшелігі сол – спектакльде екі Абай ойнайды. Бірі актер – Нұркен Өтеуілов болса, екіншісі – аға Абай – Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов. Сондай-ақ аталмыш қойылымдағы тағы бір айта кетерлік ерекшелік, жаңа ғимаратқа көшуіне байланысты, режиссер «Абайды» жаңа сахнаның мүмкіндігіне сай заманауиландырып, ұтымды да ұтқыр шешімдерге батыл барған. Бізді қуантқаны – қойылым құрамы жас актерлермен толығыпты. Атап айтсақ, Айдар – Олжас Жақыпбек, Ажар – Сағыныш Нұрхайдарова, Әбіш – Жанат Оспанов, Мағыш – Ақжан Құрмашева, Керім – Жасұлат Ерболат сынды актерлер ойыны жастық жалын, қайталанбас қуатымен көрерменін бірден баурап алды. Театрдың сақа актерлері: Оразбай – Болат Ыбраев, Жиренше – Жанқалдыбек Төленбаев, Нарымбет – Жәнібек Мұсаев, Тәкежан – Боранбай Молдабаев, Көкбай – Қасымхан Бұғыбай, Әйгерім – Айнұр Бермұхамбетова, Қарлығаш – Сая Тоқманғалиева ізденістері де өз шеберлігімен тәнті етті.
Иә, бұл актерлерді жекелей тәптіштеп, жеке-жеке бекер тоқталып отырған жоқпыз. Дәл қазіргі таңда қазақ сахнасында қаһарман бейнесін кескіндеуші актерлердің тапшылығы, типтік бейне алшақтығы айналасынан өрбитін түйткілдер жиі айтылып, жазылады. Мәселе етіп көп көтеріліп те жүр. Әйтсе де бұл түйткілдің Қ.Қуанышбаев театры актерлеріне қатысы аздау. Себебі сайдың тасындай әртістер ойынына біз дәл осы театр қойылымдары арқылы куәміз: Толғанай мен Найман ананы кемеліне келтіре кейіптеген Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Әспетова, Абай болмысын бейнелілік биігіне көтерген Нұркен Өтеуілов, Абылайға айбын сыйлаған Қуандық Қыстықбаев, жалын жұтқан Жанна Д’Арктың өр рухын өткір бейнелеген Айнұр Бермұхамбетова, Гамлет болып күңіренген Сырым Қашқабаев бастаған талантты һәм суреткер актерлердің шебер ойыны қай уақытта да көрерменін көркем ойлауға, зиялы пайымдауға жетелеп келеді. Қаһарманы бар театрдың қарымы да алымды. Бұл тұрғыдан келгенде, «Қаллеки» театрының бәсі биік, ұпайы түгел. Ендеше, жаңа театр маусымында да жарқын бейнелер, сапалы қойылымдар көп болсын дейік. Өнер тойы құтты болсын!