Аймақтар • 17 Желтоқсан, 2020

Ақтөбелік 30 отбасы баспаналы болды

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні мерекесін 30 ақтөбелік отбасы жаңа пәтерлерінде қарсы алды деп хабарлайды Egemen.kz

Ақтөбелік 30 отбасы баспаналы болды

2006 жылдан  бері үй кезегінде тұрған көп балалы, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған азаматтарға қаладағы  "Қарғалы" тұрғын үй алабында жаңадан салынған №19 және №35 үйлерден кезең-кезеңімен пәтерлер берілді. ҰОС қатысушысына теңестірілген тыл ардагерлері, 1 және 2 топ мүгедектері мен  ата-анасыз қалған балалар «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданындағы тоғыз қабатты үйден бір, екі, үш бөлмелі пәтерлерге ие болды. Жаңадан тапсырылған үйлер мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өз бетімен  кіріп-шығуы үшін ыңғайлы, әсіресе кіреберіске электронды көтергіштер орнатылған.

Өңірде әлеуметтік осал топ өкілдерін тұрғын үймен қамтамасыз етудің ауқымды жобалары осылайша жүзеге асып жатыр. «Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында ел экономикасы қарқынды дамып, халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы әлеуметтік бағдарламалар  жүйелі түрде  іске асырылуда. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында  24 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр.  2006 жылы кезекке тұрған азаматтарымызға 1 желтоқсаннан бастап жаңа аудандағы жаңа үйлерден баспаналар беріле бастағанына өздеріңіз куә болып отырсыздар. Алдағы уақытта да бұл жұмыс нәтижелі түрде жүзеге асырыла беріледі», деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин пәтер кілттерін тапсыру кезінде.

 Жаңа тапсырылған үйлерге мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кіріп-шығуы үшін ыңғайлы электронды көтергіштерді Ақтөбедегі "Пандус Ок" ЖШС-інің шеберлері жасаған. Соңғы жылдары жұртшылықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету  мақсатында қолға алынған жобалардың ең ауқымдысы–«Бақытты отбасы –2-10-20» бағдарламасы аясында осы жылы 3 млрд теңгеге 302 өтініш мақұлданды. Ал,  «Шаңырақ – 5-10-20» бағдарламасымен 278 отбасы  2,38 млрд теңгеге ипотекалық несие рәсімдеген. Ағымдағы жылдың 17 тамызынан бері қолға алынған "Шаңырақ" пилоттық бағдарламасы арқылы  1,4 млрд теңгеге 148 қарыз берілген.

Айта кету керек, Ақтөбе қаласында  желтоқсанның соңына  дейін тағы да  782  тұрғынға  жалдамалы-коммуналдық пәтер кілттері табысталады.