06 Желтоқсан, 2013

Биіктерді бағындырған бүлдіршін

470 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы «Тілеп қобыз» сарайында Бибімариям Омарованың «Мен қазақтың қызымын» атты ән кеші өтті.

Астанадағы «Тілеп қобыз» сарайында Бибімариям Омарованың «Мен қазақтың қызымын» атты ән кеші өтті.

Кішкентай ғана Бибімариям қазір 8 жаста. Кішкентай болса да бүгінде талай-талай жетістіктерге жетіп, тау шыңындай биік белес­терге ұмтылған жайы бар. Жас бүлдіршін бар жоғы алты жасында Лос-Анджелес қаласында өткен «Голливуд-2012» байқауына қатысты. «Бақытты балалық шақ» атты фестивалінде қазақ, испан, ағылшын тілдерінде ән айтып, актерлік шеберлігімен қалың көрерменді баурап алған Бибімариям 55 елдің өрендері ішінен оқ бойы озат шығып, бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, байқау барысында Нью Йорк фильм академиясының директоры Ден Маклер өрімдей жас қыздың өнеріне сүйсініп, «Talent Baby» атты балалар фильміне түсуге шақырды.

Жас өнерпаз өзінің тұңғыш жеке ән кешінің шымылдығын «Голливуд – Астана» әнімен ашты. Осыдан бөлек, Бибімариям «Мен қазақтың қызымын!», араб тілінде «Әке» әнін, америкалық әнші Уитни Хьюстон орындауындағы атақты «I will always love» әнін,  америкалық жас әнші әрі актриса Селена Гомездің орындауындағы «I love you like love song» әндерін орындады. Кішкентай жұлдызбен қатар кеш барысында №58 «Өркен» балабақшасының жас өнерпаздары, «Шұғыла», «Самұрық», «Гүлдер-ай» би ұжымдары да өз өнерлерін ортаға салды.

Концерт барысында кішігірім байқау ұйымдастырылып, 2 бүлдіршін Марат Омаровтың «Талант» халық­аралық өнер мектебіндегі вокал үйірмесінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде бұл мектепте Бибімарияммен бірге Еркеш Хасен, Томирис Бекмурзина сынды 150-ден астам дарынды балалар өз өнерлерін шыңдауда.

Бибімариям биыл Дубай қала­сында өткен «Dubai Music Festival» халықаралық фестивалінде 37 мемлекеттің жас өнерпаздарының арасында «хореография» аталымында үздік деп танылды.

«Болашақта қандай арманың бар?» деген сұраққа сүйкімді Бибімариям: «Мен ән айтамын, би билеймін, бірақ актриса болғым келеді. Арманым – «Оскар» сыйлығын алу», – дейді. Ендеше, кеште айтылған барлық тілектер мен баталар періштелердің құлағына шалынып, Бибімариямның арманы орындалсын!

Нұрзада КҮМІСБЕК,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті.

Соңғы жаңалықтар