
Қазақ музыка өнерінің есімі аңызға айналған көрнекті өкілі, КСРО және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, қазақ халқының сүйікті әншісі Бибігүл Төлегенова жайлы кітап жарыққа шықты. Кеше елордадағы «Қазақстан» концерт залында «Бибігүл Төлегенова: сүйіспеншілік, үміт және сенім» деп аталатын сол кітаптың тұсауы кесілді.
Қазақ музыка өнерінің есімі аңызға айналған көрнекті өкілі, КСРО және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, қазақ халқының сүйікті әншісі Бибігүл Төлегенова жайлы кітап жарыққа шықты. Кеше елордадағы «Қазақстан» концерт залында «Бибігүл Төлегенова: сүйіспеншілік, үміт және сенім» деп аталатын сол кітаптың тұсауы кесілді.



Белгілі тұлға жайлы кітап жазу қызық деп ойлаймыз. Өйткені, оның тіршілігі өз шаңырағының, қала берді туған-туыс, дос-жаранның маңайында ғана өрбитін анау-мынау қарапайым адамның өмірінен анағұрлым күрделі, әсерлі болса керек. Әсіресе, әсем әнімен, бұлбұл үнімен талайлардың жанын тербеген, жүрегіне сәуле себелеген, осы күні сексеннің сеңгіріне шыққанымен, сахналардан әредік жалт етіп көрініп жүрген Бибігүл Төлегенова сынды аңыз әншінің өмір жолында танымдық та, тағылымдық та оқиғалар жиі кездесуі тиіс. Бұл жерде әнші туралы кітапты кім жазғаны да маңызды. Күні кеше өмірден озған қазақтың қадірлі әншісі Ермек Серкебаевтың қызы, осыған дейін үш кітабын оқырманға ұсынып үлгерген, Бибігүл апайға кішкентай кезінен етене өскен Ирина Серкебаева жазып отыр. Кітаптың алғысөзінде Ирина «Менің жұмыс үстелімде оның рамаға салынған портреті тұрады. Жап-жас кезі. Қыз Жібек образында ұлттық киімдегі таңғажайып ару. Әлдебіреуге қарап күлімсіреген оның жайдары жүзіне көз алмай қараймын. Мен үшін Бибігүл Төлегенова дауысы – тау бөктеріндегі көктем лебі, кеңсірігіңді кере дем алатын гүл жайнаған алма бағы, кәусәр бұлақты көмкерген аппақ тастар тізбегі мен тау суындай мөп-мөлдір менің балғын балалық шағым. Өз басым қанша жерден тізгінсіз Стив Тайлерге табынушылардың бірі болсам да, менің жан дүниемді желеп-жебеуші әуенім әрқашанда «Қазақ вальсі». Тіпті, мына бір шалғайдың шалғайы Америкада жүрсем де дәл солай» – деп ой толғайды. Осы кітаптың жазылуына әншіні жанына жақын тұтып, шын жүрегімен жақсы көргені, одан қалса ата-анасының Бибігүл Төлегенова туралы мазмұнды, ғибратты әңгімелері себеп болғанын баяндайды.
Кітап әншінің өзі баяндап берген естеліктері негізінде жазылған. Онда басты кейіпкердің өмірі, отбасы, өнер жолы, қызметі, өмірінде маңызды орын алатын адамдар түгелге жуық қамтылған. Тұсаукесер шарасында әнші өзі жайлы жазылған дүниенің жарыққа шығуына септігін тигізген «Атамұра» баспасына, қаржылай қолдау көрсеткен «ПетроҚазақстан» және Норт Каспиан Оперейтинг компанияларына алғысын білдірді. Әншілік ғұмырының естеліктері өрнектелген кітабы арқылы қалың елімен ой бөліскенін, сырын ақтарғанын жеткізді. Кешке арнайы қонақ ретінде қатысқан қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров әншінің әсем үнін Мәскеудің Орталық стадионынан тыңдаған сәтін, қазақтың сұлу сазын естігендегі тебіренісін, сол сазды жеткізе білген үнде өмір сүруге құштарлықты оятатын, арман-мақсатыңа жетуге талпындыратын күш-қуат болғанын өміріндегі ең бір ұмытылмас оқиғалардың біріне балап, аңыз әншіге інілік ілтипат білдірді.
Кеш барысында Бибігүл Төлегеновамен кездесуге жиналған қауым Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың, Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Наталья Коржованың, Норт Каспиан Оперейтинг компаниясының төрағасы Пьер Оффманның жүрекжарды лебіздерін тыңдап, операда өзіндік өрнектері бар жас әншілер Дина Хамзина, Азамат Жылтыркөзов, Елена Низамутдиновалардың өнерін тамашалады.
Шара соңында әнші кешке жиналғандарға өзі жайлы кітапты өз қолтаңбасымен үлестірді.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.