Қоғам • 21 Желтоқсан, 2020

Әлеуметтің әлеуеті артып келеді

780 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемді әбігерге салған індет еліміздің де шекарасын айналып өтпегені анық. Сол себепті әлеуметтік саладағы жұмыстар да өзгеше сипат алды. Неге десеңіз, осы уақытқа дейінгі жоспарланған түрлі жобалар, мақсаттар мен идеялар тұралап қалды.

Әлеуметтің әлеуеті артып келеді

Атқарылуға тиіс ауқымды шаралар тоқтатылды. Десек те Үкімет осын­дай тұтқиылдан келген індетке тиісті шаралар қолданып, ел-жұртты аман сақтап қалу жолында іргелі істер атқарғанын айтып өту керек. Халықтың басым бөлігі ауырып, ауырғандар айығып, құрбан болғандары да бар екенін білеміз. Жалпы алғанда мемлекет өлім-жітім санының аз болуын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік сала төңірегінде жүйелі жұмыстар жүргізді.

Әлеуметтік психологиялық тұрғыдан халықтың көзі енді ашылды ма деп ойлаймын. Оған себеп – індетпен бірге келген түрлі жаңашылдықтар мен құбылыстар.

Өмірдің өзі күрес пен майдан дей­міз ғой, бұл енді екі еселене түсері хақ. Халық соны түсінген сияқты. Со­нымен қатар осы уақытқа дейін «Денсаулық – зор байлық» деп ауызша айтқанымызбен, жүрекпен һәм санамен сену болмады. Ауру асқынғанда дәрігерге көрінетініміз шындық, дей тұрғанмен өзіміздің тән саулығымызға мән беріп, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейтін дәрежеге жет­кендейміз. Денсаулық бұған дейін адами құндылықтар санатының үштігіне енсе, бұл жолы да сол биігінен түскен жоқ. Керісінше адамдар оның қадір-қасиетін терең түсінгендей. Елдегі азаматтар көбі табысынан айырылғанына қарамастан, аман-есен жүргеніне, бір жұтым ауаны емін-еркін жұтқанына шүкір етіп, тәубесіне келіп отыр. Себебі көрінбейтін жаумен соғыса жүріп аман қалудың өзі үлкен олжа болды.

Мемлекет дамуының әр саласына әсер еткен пандемия кемшілігімізді де, жетіспеушілігімізді де айқындап берген сияқты. Бізде оқу саласындағы олқылықтар мен кемшін тұстарымызды саралап, төтеп беру үшін түрлі амал-тәсілдер ойластырып жатырмыз. Қашықтан оқыту немесе онлайн оқы­туды білім саласында бұрында қол­данғанбыз, бірақ толық меңгермеген екенбіз. Техникалық, методикалық-дидактикалық жағынан оқы­тушылар қауымы бейғам жүрді. Себебі бұл бұрын аса қажеттілік тудырмады. Бұрын информатика біреудің кәсібі, біреудің мамандығы болды. Қазіргі уақытта бәріміз бірінші информатик, содан кейін барып ғалым немесе журналист болуымыз керек. Пандемия жұртқа информатиканың жеке-дара кәсіп емес екенін, керісінше қоғамдық қолданбалы дағдымыз екенін үйретті. Сол арқылы біліміңді, білгеніңді, қарым-қабілетіңді көрсететін деңгейге жеткізді.

 

Рамазан САТТАРҰЛЫ,

әлеуметтану ғылымдарының

кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті