Жылына бірнеше рет Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында «Қан тапсырып, өмір сыйла!» атты науқан аясында қан тапсыру акциясы өтеді. Жуырда өткен кезекті акцияға 230-дан аса дәрігер қатысып, науқас жандар үшін 160 литр қан тапсырды.
Педиатрия орталығының дәрігерлері мен қызметкерлері донор ретінде қан тапсыруды әдетке айналдырған. Соңғы қайырымдылық шараға 80-нен аса ерікті қатысты. Солардың бірі, Медициналық статистика бөлімінің қызметкері, орталықтың тұрақты доноры – Құралай Смағұлова. Ерікті осымен 22 жыл қатарынан донацияға қатысып жатыр. Акцияға қатысушылардың әрқайсысы 450 миллилитр қан тапсырды. Бұл істі игі дәстүрге айналдырған ақ халаттылар кезекті рет бір кісідей акцияға атсалысып, талай бала мен адамдардың өміріне араша түсіп отыр.
Шараның тұрақты түрде ұйымдастырушысы, клиникалық трансфузиология бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Үмбетовтің айуынша, «Қан тапсырып, өмір сыйла!» ұранымен өтетін шара жылына екі рет ұйымдастырылса, биыл үшінші рет өткізілген.
«Қан тапсырмас бұрын, донорлар алдымен медициналық сауалдама толтырды. Соның қорытындысы бойынша ғана қан тапсыруға рұқсат алды. Ақ халаттылар тапсырылған қан көлемі мен оның мінсіз сапасына баса назар аударады. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында қан тапсыру 2013 жылдан бастап өткізіліп келеді. Жылына 2-3 рет қан өткізіп тұратын тұрақты донорлар бар. Соңғы екі жыл ішінде орталық қызметкерлері шамамен 180 литрдей қан тапсырды. Бұл игі іске орталық қызметкерлерімен қоса орталықта ем алып жатқан балалардың ата-аналары да қатысып келеді.
Орталықтан жылына шамамен 130-160 адам қан тапсырады. Медициналық тексерістен өткен адамнан стандарт бойынша 450 миллилитр қан алынады. Жыл сайын донацияға қатысушы қызметкерлер саны артып келеді. Біздің орталықта қан және оның компоненттері осы орталықта ем алып жатқан науқас балаларға қолданылады. Клиникада қатерлі дертке шалдыққан, жүрек ақауларымен туған балалар, ауыр хирургиялық ота қажет болған науқас балалар мен жаңа туған нәрестелер ем алады. Ота кезінде, сүйек кемігінің қатерлі ісіктерінде, оған қоса сүйектің кемік майын трансплантациялау кезінде және басқа да жағдайларда дәрігерлердің тағайындауымен қан және оның құрамдас бөліктері құйылады. Науқастарға қолданылатын барлық медициналық құрылғылар бір реттік. Бұл бұйымдардың барлығы балалардың ата-аналарының қатысуымен ашылады. Қан құю барлық медициналық талапқа сай жүргізіледі», дейді Қ.Үмбетов.
Дәрігердің пікірінше, қан тапсыру ағзаға пайдалы. «Қан тапсырудың пайдасы мен зияны қоғамда көп талқыланады. Медицина маманы ретінде қан тапсырудың негізгі пайдаларын атап өткім келеді. Біріншіден, ең бастысы – қан тапсырған әр адам 3 адамның өмірін сақтап қалуға тікелей көмегін тигізеді. Екіншіден, ағзаңыздың қан құрамы жаңарады, қан құрамының жаңаруы теріге өте пайдалы. Үшіншіден, қан тапсыру арқылы адам бойындағы қан қысымы реттеледі. Төртіншіден, қан тапсырудың семіздіктің алдын алуға септігі бар. Бесіншіден, адам өмірін ұзартады. Сонымен қатар Сіз қан тапсыра отыра, ағзаңыз туралы ақпаратты ала аласыз. Қан тапсырудың ағзаға еш зияны жоқ. Үлкен адам ағзасында шамамен 4,5-5литрдей қан болады, қан тапсыру барысында әр адам 450 миллилитрден аспайтын қан тапсырады. Бұл ағзаға зиянын тигізбейді», дейді Қ.Үмбетов.
Балалар дәрігерлерінің ішінде жүйелі түрде қан тапсырып отыруды әдетке айналдырған белсенді донорлар да бар. Солардың бірі – анестезиолог дәрігер Гүлжахан Абдуллаева.
«Қан тапсыруды азаматтық міндетім деп білемін. Бір донор – бір өмір. Біздің игі ісіміз көптеген адамдардың өмірін құтқаруға септігін тигізеді. Осы көмек арқылы біз біреудің анасының, әкесінің, баласы мен бауырының өмірін сақтап қаламыз. Педиатрия орталығындағы балаларға да көмегі тиюі мүмкін. Осы әрекетімізбен азаматтарды қан тапсырып, көмек көрсетуге шақырамыз. Қан тапсырып – өмір сыйлайық!», дейді Г.Абдуллаева.
«Донор» сөзінің латын тілінен аудармасы «Өмір сыйлаушы» деген мағынаны білдіреді. Көптеген науқас үшін бұл екінші өмір секілді. Қазіргі кезде орталықта осындай жандарға қол ұшын созып жүргендердің саны 200-ден асады. Қайырымдылық шарасына ұдайы қатысатын ақ халаттылар ішінде алғаш рет қан тапсырып, донор атанған қызметкерлер де бар. «Донор қаны – өмір нәрі. Шынымен елімізде сан мыңдаған адам қанға мұқтаж. Кез келген оқыс жағдайда, немесе ота кезінде өмір нәрі ауадай қажет. Қан құюға мұқтаж жандарға көмегім тисе болғаны. Осында өзімнің бір адамға болсын септігімді тигізуге келіп отырмын», дейді алғаш рет қан тапсырған орталық қызметкері, телемедицина координаторы Ұлжан Әлмен.
Бүгінде орталықтың аферез бөлімінде 68 литр қан сақтаулы, бұл дегеніміз – 227 доза. Қор үнемі толықтырылып отырады, материалдың сирек түрлерінің болуы бақыланады. Осындай шаралардың нәтижесінде орталықта кез келген уақытта ауыр науқасқа қажетті қан табылады.
Елімізде жасы 18-ден асқан, медициналық көрсеткіші нәтижелі кез келген азамат донор бола алады. Ерлер жылына 6 рет, әйелдер 4 рет қан тапсыруға мүмкіндігі бар. Айта кетерлік жайт, орталықта жылдан-жылға ерікті қан тапсырушылар саны артып келеді. Акцияға қатысқан әрбір донор қан тапсырып, біреудің өміріне араша болып қана қоймай, өзінің денсаулығы туралы да көп ақпарат ала алды. Атап айтқанда, ол өзінің гемоглобинінің деңгейін, түрлі инфекциялық аурулармен ауырған, ауырмағанын, сондай-ақ қан тобын біле алды.