Абай • 21 Желтоқсан, 2020

Бішкекте Абайға құрмет көрсетілді

425 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай Бішкек қаласында қазақ-қырғыз бауырластығын бекемдеген және ұлы ақын Абайға құрмет көрсетілген үлкен оқиға болды. Қырғыз Республикасының А.Осмонов атындағы Ұлттық кітапханасында Абай Құнанбайұлы атындағы Қырғыз-Қазақ мәдени орталығы ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бішкекте Абайға құрмет көрсетілді

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігі Абай мәдени орталығын ашу туралы бастама көтеріп, Ұлттық кітапхана және Қырғызстан қазақтары қауымдастығы бірнеше ай орталықты ашуға әзірлік жасады.

Орталықтың салтанатты ашылу рәсімінде кітапхана директоры Жылдыз Бақашева іс-шараның Қырғызстанның мәдени өміріндегі зор оқиға екенін баса айтып, оны жасақтауға қолдау көрсетіп, қолғабыс жасаған Қазақ елшілігіне және Қазақ қауымдастығына ризалығын білдірді.

Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Нұрпейісов Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын оқып берді. Министр Абай орталығының ашылуы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында болып отырғаны кездейсоқ жағдай емес екенін, Қазақстан мен Қырғызстан ортасындағы дербес әрі бауырлас мемлекеттер ретіндегі екіжақты ынтымақтастық тәуелсіздік жарияланған жылдан бастап жаңаша  өріс алғанын атап өткен. «Абай мәдени орталығы қырғыз оқырмандарының, әсіресе, жас буынның қазақ пен қырғыздың тамырлас екендігін терең сезінуіне, келешекте бауырлас елдердің қарым-қатынасын арттыруға дәнекер болмақ», - делінген құттықтауда.                                      

  – Қырғызстанның Ұлттық кітапханасының ғимаратындағы Абай орталығының төрінен Абайдың алтын іспетті жарқыраған мүсіні орын алуы өте маңызды. Оны жасаған қырғыздың талантты жас мүсіншісі – Кубаныч Токторалыұлы. Оқырмандардың назары бірден Абай бейнесіне түседі. Ойға шомған Абай осы көрінісімен-ақ оқырмандарға ой салады. Жастарға, студенттерге қазақ мәдениеті, әдебиеті және өнерімен танысудың тағы бір мүмкіндігі туды. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы, сондай-ақ Елшілік Қырғызстан Ұлттық кітапханасының қорын толықтыру үшін 500-ден астам  кітап табыс етті. Қазақ, қырғыз, орыс және ағылшын тілдеріндегі бұл томдардың ішінде Қазақстан тарихы, философия, әдебиеттану, өнер саласындағы басылымдар, сондай-ақ қазақтың классикалық және қазіргі заманғы әдебиеті бар. Орталық екі елдің рухани-мәдени байланысының өркендеуіне дем береді деген ойдамын, - деген Қ.Нұрпейісов Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын халықаралық деңгейде атап өтуге белсенді ат салысқан қырғызстандықтарға және Қырғызстандағы қазақстандық іскерлерге Елшіліктің алғыс хаттарын тапсырды. Елші, сондай-ақ, орталықтың ашылуына ұйытқы болған Ұлттық кітапхананың директоры Жылдыз Бақашеваның және Қырғызстан қазақтары қауымдастығының төрайымы, Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңешінің депутаты Гүлшат Асылбаеваның орталықты ашудағы еңбектерін жоғары бағалады.

– Қазақ пен қырғыз біртуған ел, қанымыз, жанымыз, тірлікте –

базарымыз, өлсек – мазарымыз бір. Бүгін бауырластарымызбен гуманитарлық, рухани және интеллектуалдық байланысқа тағы бір жол ашылды. Кезінде Мұхтар Әуезов атамыз Шыңғыс Айтматов ағамыздың бүкіл әлемге танылуына айтарлықтай үлес қосқан. Ал енді, Айтматов қазақтың бірегей мәдениетін, өзіндік тұрмыс-тіршілігін шығармаларына кеңінен арқау еткен. «Жәмила», «Қиямет» ж.б. повесть-романдарында қазақ тақырыбына ауқымды орын берілген. Орталықтың ашылып жатқаны жақсы нышан. Біз де осындай орталықты Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ашсақ жақсы болар еді. Мәдениетіміздің, тіліміздің ұқсастығы – зор дәулет. Мен Абай шығармаларының қырғызша, орысша нұсқаларын оқыдым, енді түпнұсқасында – қазақ тілінде оқуға ниет етіп отырмын. Абай орталығы рух, ақыл ордасы, еліміздің бірлігін шыңдаған орталық болсын. Кітаптарды шаң баспасын. Біз де келіп оқып тұрайық, - деді Қырғызстанның мәдениет, ақпарат және туризм министрі Нұржігіт Қадырбеков құттықтау сөзінде.

Қырғызстанның сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нұран Ниязалиев қазақ-қырғыз достығын нығайтуда Абай Құнанбайұлы атындағы Қырғыз-Қазақ мәдениет орталығы үлкен рөл атқара алатынын тілге тиек етіп, екі республиканың ынтымағын бекемдеуге бағытталған іс-шараларға тоқталды. Оның айтуынша, 2021 жылы Қазақстанда Қазақ-қырғыз мәдениет күндері, 2022-жылы Қырғызстанда Қырғыз-қазақ мәдениет күндері өтуге тиіс. Бішкекте Абайдың, Нұр-Сұлтан қаласында Манастың ескерткішін тұрғызу жоспарлануда.

Қырғызстан ел Ассамблеясының кеңесінің төрағасы, филология ғылымының докторы, академик Абдығаны Эркебаев: «Абай орталығының Ұлттық кітапхананың бір қапталын алып, кең орналасқаны маған ұлан-байтақ қазақ даласын елестетті. Абай сөз жауһарын таба білген ұлы тұлға. Немістер үшін Гете, ағылшындар үшін Шекспир, орыстар үшін Пушкин, Лев Толстой, Достоевский қандай парықты болса, Абай қазақ үшін де олардан кем емес. Оның дәрежесі қырғыз елі үшінде биік. Абайдың шығармаларын бұрынырақ оқығанмын, Шәкәрімді егемендіктің алғашқы жылдарында оқудың сәті түсті. Абайдың 175 жылдығына арналып Семей жерінде ашылған кешенді теледидардан көріп сүйсіндім. Жол түссе, Абайға, Шәкәрімге зиярат етуге барамын», - деп сөзін қайырды.

  «Зиялылықтың, өз жұртының адами-рухани мәдениетінің айнасы болған Абай төрткүл дүниенің теңдессіз жетістігі екені сөзсіз», - деп залқар жазушы Шыңғыс Айтматовтың ұлағатты мәтелін мысалға келтірген Қырғыз Республикасының халық ақыны, Тоқтағұл атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қырғызстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі болған Акбар Рысқұлов Абайдың өлеңдері, қара сөздері, сазды әуендері қырғызға да қымбаттығына тоқталып, Абайдың өміріне байланысты бірер жәйтті алға тартты: «Абайдың ақындық талантын оятқан кім? Ол ақын – Шөже Қаржаубайұлы. Абай жасөспірім кезінде Семей қаласында, көшеде екі адамның қолтығында жыр айтып келе жатқан кісіні көреді Оның бүркіттей саңқылдаған дауысы Абайды өзіне баурап алады. Сонда Абай осы кісідей ақын болсам деп армандапты. Шөже ақын қырғыздың солто руынан. Абылай ханның кезінде арқаны қоныстаған қырғыздардың бірі Қаржаубайдың баласы. Ал енді М.Әуезовтың «Абай» романындағы кейіпкер Ізғұтты да қырғыз. Оны Абайдың әкесі Қүнанбай қажылыққа бірге ертіп барған. Ізғұтты Құнабай Өскенбаевтың оң қолы болды. Міне біздің бауырластығымыз, жақындығымыз осындай».

Қырғыз Ұлттық ғылым академиясына қарасты Ш,Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының директоры, филология ғылымының докторы, академик Абдылдажан Акматалиев Абай мұраларының Қырғызстанда жариялану, зерттелу мәселелерін баяндап, бәсеңдеп қалған қырғыз-қазақ ғылыми байланыстарын қайта жандандырудың қазіргі технология заманында қиын еместігіне тоқталды. Абдылдажан Амантұрұлының қазақ ғылыми ортасымен байланысы бұдан 35 жыл бұрын басталыпты. 1985 жылы желтоқсанда Қазақстанда Қырғыз әдебиетінің онкүндігі өтіп, алып ақын Аалы Тоқамбаев бастаған делегацияның құрамында бірқатар облыстардың орталықтарында болған. Айтуынша, содан бері бұл үрдіс жалғасып келеді. 2008-2012 жылдары Қазақстандағы диссертациялық кеңестің мүшесі ретінде Алматыға барып тұрған. «Өмірімде Қазақстанға жүз мәрте барған шығармын», - деген А.Акматалиев пандемия тікелей қарым-қатынасқа тұсау болып отырғанын, бұйырса жақсы күндердің келетінін, министрліктің мәдени күндер туралы мәліметі жақсы жоралғы екенін айтты.            А.Акматалиевтің қазақ тіліндегі алғашқы кітабы 1989 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан. 1990 жылы Абайтану бойынша зерттеу еңбегі қазақша жарық көрген. 1995 жылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойына қырғыз елі де әзірленіп жатқанда «Кыргыз Туусу» газетіне Абайдың шығармашылығы жөніндегі мақаласы жарияланғаны есімде. Қырғызстанның сол кездегі Президенті Асқар Ақаев бастаған делегацияның құрамында Алматыда өткен мерейлі мерекеге бірге барғанбыз.

Абай мәдени орталығының негізгі мақсаты – Қазақстан мен Қырғызстанның мәдениетін, өнерін, дәстүрі мен тарихын насихаттау. Академик А.Эркебаев атап өткендей, орталықтың кеңдігі – 420 шаршы метр орынды алып тұр. Арнайы тапсырыспен жасалған сөрелерге Ұлттық кітапхананың қорындағы қазақ-қырғыз қарым-қатынасына қатысты кітаптар, қазақ ақын жазушыларының, оның ішінде Абай мен Шәкәрімнің шығармалары, зерттеу еңбектер және Қазақстан сыйға тартқан томдар қойылған. Залдың қабырғаларына Манастың, Ш.Уәлихановтың, Абайдың, М.Әуезовтың, Ш.Айтматовтың, және т. б. тұлғалардың портреттері ілінген. «Абайдың» авторы – Қырғызстанның белгілі суретшісі, қазақстандық «Достық» орденінің иегері Сапарбай Осмоналиев. Мәжіліс залы өз алдына үлкен бөлме. Келіссөздер-сұқбаттасу залы заманауи техникамен жабдықталған.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

Қырғыз Республикасының жалпыұлттық «Қырғыз Туы» газетінің қызметкері

Арнайы «Егемен Қазақстан» үшін