Елорда • 21 Желтоқсан, 2020

№1 индустриялық паркінің өндірістік кәсіпорындары қалай жұмыс істеуде?

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

№1 индустриялық парк аумағында 5 өндірістік кәсіпорынның құрылысы аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz

№1 индустриялық паркінің өндірістік кәсіпорындары қалай жұмыс істеуде?

Соның бірі – «Central Beton Company» ЖШС. Мұнда тәулігіне 3 мың текше метр бетон өндіріледі. Сондай-ақ компанияның теміржол тұйығында бір мезетте 3 мың тонна цемент сақтай алатын қоймасы бар.

«Өндіріс қарқынына індет кеселі де, әдетте құрылыс жұмыстары саябырситын қыс маусымы да еш кері әсер еткен жоқ. Мұнда үзіліссіз күндізгі және түнгі ауысымда 150-ден астам адам жұмыс істейді. Биыл жаңадан екі қондырғы сатып алып, қайта өндірістің қуатын 80 пайызға арттырдық. Соның арқысында жаңадан тұрақты 30 жұмыс орнын аштық», дейді компания директорының орынбасары Александр Пахомов.

Кәсіпорынның өнімдері Нұр-Сұлтан қаласында және Ақмола облысының аумағында таралады.

«Баракат Инвест» ЖШС цемент пен гипс негізінде құрғақ қоспалар шығарады. Зауыт директоры Ержан Баймұқаштың айтуынша, бүгінде цемент негізінде жасалатын құрғақ қоспа шығаратын 1-желі жұмыс істеп тұр.

«Үкіметтің өндірістік саясатты білікті жүргізуінің арқасында серіктестік жұмысы қыстада тоқыраған жоқ. Өйткені қалада құрылыс жұмыстары, әсіресе үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Оның үстіне халықтың баспана сатып алуы үшін түрлі жеңілдіктер қарастыратын мемлекеттік бағдарламалар іске қосылған. Мұның бәрі біздің кәсіпорынның өнімдеріне деген сұранысты арттыра түседі», деді Ержан Баймұқаш.

«ModeX Astana» ЖШС-да үй құрылысына қажетті блок қабырғалар өндіріледі. Зауытта пәтерлер толықтай жинақталады, сосын құрылыс басында тұтас ғимарат қалпында құрастырылады. Соның арқасында құрылыс жұмыстарына жұмсалатын уақыт әжептәуір қысқартылады. Жаңа технология комфорт санаттағы баспананың нарықтық құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, бұл құрылыстың сапасына еш кері әсер етпейді.

«Болашақ 2019» ЖШС – кәсіпорын Нұр-Сұлтан тұрғындарын медициналық маскалармен қамтамасыз етіп, ҚР барлық өңірлеріне өнім жеткізеді.

Сондай-ақ «Kerim Plastic Pipes» ЖШС-полиэтилен және полипропилен құбырларын және пенополиуретанды оқшаулаудағы металл жылу оқшаулағыш құбырларды өндіру зауыты ашылды.