Руханият • 22 Желтоқсан, 2020

Ұлы ұстаздан ұлағат

610 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биыл энциклопедист-ғалым, ұлы ойшыл, адамзаттың екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы қаулы жарияланып, оны дайындау мен өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Қабылданған жоспар бойынша халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейлерде сан алуан іс-шаралар өтті.

Ұлы ұстаздан ұлағат

Ұстазды ұлықтау

Әл-Фарабиді қазақ жерінің тумасы, қазақ елінің перзенті ретінде адамзаттық ауқымда дәріптеу, әлемге таныту – біз үшін үлкен мәртебе және сонымен қатар бізге үлкен жауапкершілік артуда.

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев: «...Дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде өз мемлекеттерінің баға жетпес символдық капиталы саналады əрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр», деген болатын. Осы орайда әл-Фараби есімі қазақ елі үшін бренд болып саналады. Бұл мерейтой бізге әлем­дік өркениет тарихында адамзаттың екін­ші Ұстазының рөлін анықтауға және әл-Фараби бейнесін қазақ елінің ұлт­тық брэнді ретінде дәріптеуге зор мүм­кіндік беріп отыр. Сондықтан ме­рей­­тойлық шараларды халықаралық ауқымда жүзеге асыруда Әл-Фараби атын­­дағы Қазақ ұлттық университеті БҰҰ «Академиялық ықпалдылық» бағ­дар­ламасының Жаһандық хабы ретін­де, әлемдік қауымдастықты тартуға ұйытқы болуда.

Әл-Фарабидің қайырымды қоғам жөнін­дегі идеясының негізінде «Универ­ситет 4.0.» жоғары оқу орындары (ЖОО) дамуының жаңа моделі жасалып, БҰҰ-ның Нью-Йорктегі Штаб-пәтерінде тұ­сауы кесілді. Ұсынылған үлгі бүгінде БҰҰ Өркениеттер Альянсымен бірлесе «Қайырымды қоғамды қалыптастыру. Заманауи университеттер миссиясы» жобасы қатарында халықаралық деңгейде кеңінен таратылуда. Дүние жүзінің 12 елін­де әл-Фараби орталықтары ашылды. Бұл орталықтардың санын арттырып, олардың негізінде ҚазҰУ филиалдарын ашу жұмыстары қолға алынуда.

Әл-Фараби мерейтойын университе­тіміз БҰҰ-мен бірлесіп, осы ұйымның басшыларының қатысуымен әлемдік деңгейде атап өтті. БҰҰ Бас хатшысы Ан­тонио Гутерриштің үндеуіндегі «...Біз қазір орасан зор қиындықтармен бетпе-бет кез­десудеміз. Жаһандық ын­тымақтастық біз­ге оларды жеңуге көмектеседі. Біріккен Ұлт­тар Ұйымының мәні осында..., мен адам­дардан бірігуді сұраймын», деген сөз­дері әл-Фараби ілімімен тікелей үндесіп жа­тыр.

Осы жиында сөз алған БҰҰ Бас Хатшы­сының орынбасары Фабрицио Хохшильд-Драммондтың: «Егер әл-Фараби қазіргі заманда өмір сүр­се, онда сөз жоқ Біріккен Ұлттар Ұйы­мын басқарған болар еді»,  деуі әл-Фара­бидің әлемдік деңгейдегі беделінің бү­гінгі заманда да қандай биік екендігін дәлелдейді. Халықаралық және респуб­ликалық деңгейлерде 200-ге жуық кон­фе­ренция, дөңгелек үстел, алқасөз, ғы­лыми вебинарлары ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ секілді беделді халықаралық ұйымдардың және Қазақстанның ше­тел­дердегі елшіліктерінің қолдауы­мен ұйымдастырылды. Аталған барлық ғылыми-тәжірибелік шараға дүние­жүзінің 50-ден астам елінен және 100-ден астам ЖОО-нан мыңдаған адам тартылды.

ҚазҰУ базасында ғылыми-техно­логиялық әл-Фараби алқабы жасалуда. Осы уақытта 1,5 млрд доллар инвес­тиция тарту үшін меморандумдарға қол қойылды. Қазақстан ғылымының ірі жетіс­тіктерінің бірі ретінде университет дайындаған «Әл-Фараби-1», «Әл-Фараби-2» наноспутниктері ғарышқа ұшы­рылды.

ҚазҰУ Голландия және Түркия медиакомпанияларымен бірлестікте үш деректі фильм түсірді және «Ұстаз­дың оралуы» деген жаңа киножобаны көрер­мендер назарына ұсынды. Университет ғалымдары ғұламаның бұрын жарық көрмеген 3 трактатын арабшадан қазақ­шаға аударып, ғылыми айналымға қос­ты. Жаңадан 10-нан астам монография мен оқулықтар, қазақ, орыс, ағылшын тіл­дерінде ұлы ойшыл нақыл сөздерінің жи­нағы оқырмандар қолына тиді. Әлемде тұңғыш рет «Әбу Насыр әл-Фараби» энциклопедиясы жарық көрді.

Мерейтойлық жылы халықаралық мәртебеге ие болған Әл-Фараби орталы­ғы ойшыл мұрасын зерттеуге байланыс­ты дүниежүзілік ақпаратты жинау және оны жүйелеу бойынша орасан зор жұ­мыс атқаруда. «Invisible College» қағи­даты бойынша тұрақты түрде жұ­мыс атқаратын халықаралық виртуалды платформа іске қосылды. Бұл платформа заманауи фарабитану саласында халықаралық деңгейде ғылыми зерттеулер мен жобалар, конференциялар мен симпозиумдар, осы тақырып бойынша жарияланымдар мен мақалалар туралы ақпаратты бір виртуал­ды кеңістікте жинақтап, әлемдік фарабитанушыларды бірігіп жұмыс жасауға мүмкіндік ту­дыруда.

Мерейтойлық жылда атқарылған ұлы ұс­таз мұрасын ұлықтауға арналған шара­лардың бастамасы алдағы уақытта да өз жалғасын табары сөзсіз.

 

Рухани мұра – сарқылмас қазына

Адамзатқа ортақ ұлы тұлға – әл-Фа­ра­­бидің мерейтойы жылы әлем оның бол­мысын бүгінгі күннің танымы биі­гінен тағы бір таныды. Жаһан­дық деңгейде өткен мұндай рухани шара, әрине ізсіз қалмайды. Негізгі мақсат – тек іс-шара өткізуде емес, біз­дің ұлы ұстаздан қандай сабақ алып, тәлім үйренетіндігімізде, ал­ған тағы­лы­мымызды қалай кәдеге жарата ала­тындығымызда. Бұл әрқайсымызды ойландыратын маңызды мәселе.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «ұлттың жаңа бол­мысын» қалыптастыруға қатысты маңызды жаңа міндеттер жүктеді. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін әл-Фараби бабамыздың рухани мұрасын барлық қазақстандықтардың, әсіресе өскелең ұрпақ бойына сіңіру – аса ма­ңызды. Ол санамызға сілкініс, дамуы­мызға серпіліс беруі тиіс деп ойлаймын.

Әл-Фарабидей ұлы тұлға, ғұлама дү­ние­ге келген елде ғылым мен бі­лім­нің деңгейі қандай және қандай бол­мақ деген заңды сұрақ туады. Сон­дықтан да отандық ғылым мен бі­лімді әлфарабилік биіктікке көтеру стра­тегия­лық мақсатымыз болуы тиіс. Әл-Фарабиді жан-жақты тану білімге және ғылымға деген көзқарасты жаңа сапаға өзгертеді. Әсіресе, жастардың бо­йына әл-Фарабиден жеткен таным мен тағылымды сіңіру арқылы болашақ әлфарабилерді даяр­лау өте маңызды.

Осы орайда әл-Фарабидің «әр адам ұстазға мұқтаж» деуі қоғам дамуындағы ұстаздың рөлі қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Ендеше, ұстаз мәртебе­сіне ерекше мән беруіміз керек. Өйткені  ұстаз­дың қоғамдағы беделін көтермей өркениетті ел болуымыз күмәнді.

Әрбір саналы адам өмірдің мәніне, мақ­сатына жауап іздейтіні хақ. Бұл тұрғыда Шәкәрімнің білімділерге қойған бес сауа­лына жауапты әркім ұлы ұстаз еңбектерінен таба алады.

Әл-Фарабиден алар тағылымның бірі – әр адамның өзін өзі үнемі жан-жақ­ты жетілдіру арқылы өз бақытына жету формуласы. Адам жетілуінің негіз­гі бағыты – рухани кемелдену болса, кемел­дену адал еңбекпен, ізденіспен, білім­мен, ғылыммен толығады. Кемел­дікке келудің мәні рухани толық адам деңгейіне көтерілуде.

Қазіргі рухани дамуымыздағы ерекше мән берілуі тиіс өзекті де күрделі мә­се­лелердің бірі – дін, дінге деген көз­қа­рас. Діни нанымнан ғылымды ажыра­тып алып, жеке қарастыру жолдарын түсіндірген ғұламаның Жаратушыны ақылмен тану идеясы бүгінгі заманда да өте өзекті. Әл-Фараби адамды «хайуан ақил» – «саналы жануар» ретінде анық­тап, қатып қалған қағидаттармен емес, әрекетшіл ақыл, жасампаз ақыл арқылы жетілуіне, Жаратушыны ақылмен тануға шақырған. Айта кететін бір жайт – әл-Фарабиді дәріптеу кезінде ғұламаны тану арқылы соңғы жылдары көп елде Исламға деген оң көзқарас қалыптаса бастағанын байқап отырмыз.

Ғылым мен технология қарышты дамы­ған қазіргі заманда қоғамда әртүрлі әлеуметтік қарама-қайшылықтар белең алып, адамзаттың рухани төмен­деуі тенденциясын ескерсек, ізгілікті қоғам­ның құндылықтарын қайта жаң­ғыр­ту мәселесі өте өзекті болып отыр.

Шындығында, қазіргі уақытта елі­міз­де дамыған азаматтық қоғам қалып­тастыру үшін Әбу Насыр әл-Фара­би­­дің қайырымды қоғам идеяларына қажеттілік туындауда. Ойшылдың: «Қайы­рымды қоғам – бұл шынайы бақыт және оған жетудің жолдары туралы нақты білігі мен білімі бар әрі сол білігі мен біліміне сай әрекет ететін адамдар қауымдастығы», деген ұлағаты адам­зат дамуы үшін бағдаршам болары сөзсіз.

Мемлекетті дамытушы күш қоғамда. Өйткені кез келген қоғамда әлеуметтік қатынастар жүйесін қолдайтын және өзін өзі іштей ұдайы реттеу арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жасампаз қабілет бар. Өзін өзі реттеу арқылы дамудың табиғи үрдісі ғұ­лама айтқан қайырымды қоғамға тән. Әл-Фарабидің пайымдауынша, «қоғам мем­лекетсіз бола алса да, мемлекет қоғам­сыз бола алмайды». Қоғамның жетілуі оның басшысының және әр мүшесінің бойындағы жоғары адами құндылықтарға байланысты. Ол құндылықтарды ұлы ұстаздың тарқата көрсет­кен болатын.

Қазіргі уақытта 146 ел қатысқан Қайы­рымдылық жасаудың әлемдік рей­тингінің қорытындысы бойынша, өкі­нішке қарай, Қазақстан 96-орында. Бұл – адами құн­дылықтарды биік бағалайтын біздің ұлты­мызға ауыр сын. Демек, бізге әл-Фараби­дің қайырымды қоғам орнату туралы ілі­мін, жоғары адами құндылықтарды күн­де­лікті өмі­ріміз­ге енгізу, қызметімізде, тұр­­мыс-тір­шілігімізде қолданысқа алу өте қажет.

Қайырымды қоғам адамдарының ру­хани жетілуі бірегейлікке бастайды. Дәл қазіргі біздің қоғамда осы ұлт­тық бірегейлік – өзекті мәселе. Себе­бі біз бірнеше ғасыр отаршылдық бұға­уын­да болған елміз. Отарлау сая­сат­тары бізді төл болмысымыздан ал­шақ­татқаны белгілі. Рухани құндылықтарымыздан ажырадық. Жерге, елге, тілге, қала берді жүзге, ру­ға бөліну толыққанды ұлт болып ұйы­суға, тұтастануға кедергі болып келе жатқаны жасырын емес. Әл-Фа­раби ба­қытқа жетудің күре жолын адам­дар­дың бірлікте, өзара ынтымақта өмір сү­руінде және достық қарым-қатынаста тір­шілік етуінде екендігін айқындаған болатын. Ендеше, жоғалтып алған та­биғи құндылықтарымызды жандандырып, нағыз ұлттық болмысымызды қалып­тастыру – бүгінгі күннің өзекті тақырыбы.

 

Өркениетке қазақстандық үлес

Талай ғасырлардан бізге жеткен өркениет философы әл-Фарабидің ілімі ешқашан өз маңызын жоғалтқан жоқ және жоғалтпайды да. Қазір әлемдік қоғамдастық ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде өркениеттік дамудың бесінші сатысына көтерілуде, яғни жапон елі ұсынып отырған «Қоғам-5.0» стратегия­сын жүзеге асыруға бет алған ке­зеңде тіршілік етуде. Жалпыға бел­гілі, жапон елі технологияның жаңа үлгі­лерін жасау мен пайдалануды ұлт­тық құндылықтармен үйлестіре жүзеге асырып келе жатыр. Соның арқасын­да әлемнің дамыған озық елдерінің қа­тарында. «Қоғам-5.0» стратегиясы суперинтеллектуалды қоғам орнатуды, цифрлы технологияны пайдалана отырып, экономиканы трансформациялау, цифрлы технологияның даму қарқынына үйлесімді рухани жетілген ізгілікті қо­ғам қалыптастыруды көздейді. Қазіргі таңда Қазақстанды жоғары технологиялармен биік адами құндылықтар үйлесім тапқан озық, қуатты елге айналдыру – ұлы ойшылдың жерлестері үшін ең өзекті мақсат деп санаймыз.

 Ғұламаның «тәрбиесiз берiлген бiлiм – адамзаттың қас жауы», – деген нақыл сөзі бүгінгі таңда ерекше мәнге ие болып отыр. Қазіргі кезеңде біз ғылым мен технологияның бұрын-соңды болмаған даму биігіне көтерілуі мен рухани-адам­гершілік болмыс арасындағы қа­ра­ма-қайшылықтарға куә болып отыр­мыз. Бұл қарама-қайшылықтар бү­гінгі уақытта адамзатты рухани тоқы­рауларға әкеп тіреуде. Осы орайда тек адами капитал ғана емес, жаңа техно­логияларды туындататын зерттеу университеттерінің атқаратын рөлі ерекше. Әл-Фарабидің қайы­рымдылық идеясы негізінде жасал­ған университеттердің жаңа буынының «Университет 4.0» даму моделінің БҰҰ тарапынан қолдау табуы, ғұлама ілімін әлемдік деңгейде насихаттауға зор мүмкіндік беріп отыр. Әлемде 30 мың­­нан астам жоғары оқу орны бар. Егер әр университет бәсекеге қабілетті маман даярлаумен қатар, әл-Фараби ілі­мінен сабақ алатын, жоғары рухани құн­дылықтарды бо­йына сіңірген азаматтарды қалыптастырса, онда сөз жоқ, ке­лешекте жер бетінде қайырымды әлем орнары анық.

Осы мақсатта шетелдерде ашылған әл-Фараби орталықтары өзге елдерде де қолдау тауып, олардың саны жақын арада 20-ға жетпек. Бұл орталықтар ғұлама ілімін насихаттаумен бірге, ұлтымыздың тілі мен мәдениетін таратумен де айналысады. Қазірдің өзінде АҚШ, Балтық жағалауы елдері, Жапония да әл-Фараби орталықтарын ашуға қызығушылық танытып отыр. Әл-Фарабидің жерленген жері Дамаскідегі әл-Фараби кесенесі әлемге ортақ рухани орталық болуға лайық. Сол жерде халықаралық әл-Фа­раби орталығын ашып, Қазақстан иелігіне, университет құзырына алсақ деген жоспарымыз бар. Бұл ой жүзеге асса, ұлы ғұламаның туған жеріне де, жер­ленген жеріне де Қазақ елі ие бол­мақ. Мұнда рәміздік әрі саяси мән жатыр.

Көп елдер өздерінің осындай орталық­тары арқылы «жұмсақ күштерін» пайдалана отырып, әлемге өз саясаттарын жүргізуде. Осыған орай, Германия дамытып келе жатқан Гёте, Қытайдың әлемге кеңінен жайған Конфуций, Испания жетілдірген Сервантес және Ресейдің Россотрудничество институттарының деңгейіне көтеру мемлекеттік маңызы бар жоба деп есептейміз.

Әр ұлт әлемде өркениет дамуына қосқан өзінің үлесімен бағаланады. Ке­зінде адамзат дамуына зор үлес қос­қан біздің қазақ жерінің тумасы әл-Фараби өзінің рухани мұрасы мен орасан еңбегі арқылы Шығыс пен Ба­тысты жақындатқан өркениет философы атанды. Басты ілімі – адамзаттың өр­кениеттік дамуындағы адамдардың бақытты болуына, әлемде қайырымды қоғам орнатуға өз өмірін арнады.

Осы заманда әл-Фарабиді, оның ілімін әлемге тарата отырып, іске асыру – қазақ елінің өркениет дамуына қосқан төл үлесі болмақ!

 

Ғалымқайыр МҰТАНОВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик