Қазақстан • 22 Желтоқсан, 2020

Пейілдің тарылмауын тіледім

695 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жыл сайын Тәуелсіздік күні жақын­да­ғанда аңсаған азаттыққа қол жеткеніне, осы бақыттың бізге бұйырғанына шүкіршілік ете­мін. Болашаққа аманаттайтын тәу етер асылымыз – Тәуелсіздік тұғыры биіктей берсе екен деуден жаңылмаймын.

Пейілдің тарылмауын тіледім

Қарапайым ғана 19 миллионның бірімін. Туған-туысқандарым мен ет жақындарымды айтпағанда, кіндік қаным тамған туған жерімді, өскен ауылымды, өзім тұрып жатқан қаламды, Отанымды сүйемін. Тағы нені сүйемін? Туған халқымды, ана тілімді, қазақтың ұлттық болмысын, дәстүрі мен мәдениетін және басқа да толып жатқан ұлттық құндылықтарын сүйемін. Қимас қадірлесіме айналған, қиналғанда, қуанғанда қасымнан табылған достарымды, құрбы-құрдастарымды, аузымнан шыққан сөзді ақиқат есебінде қабылдап, риясыз сенетін өзімнен кішілерді, бар мейірін төгіп көпке тілекші болар үлкендерді сүйемін. Көп. Жалғастыра беруге болады. Ойлап отырсам, осылардың барлығын Отанымнан еш бөлуге болмайды екен. Сонда ең қасиетті, ең қадірлі сезім де Отанға арналып, оның игілігіне, бүгіні мен ертеңіне бағытталуы тиіс қой.

Мен үшін ең қасиетсіз жан – Отанын ойлай алмаған, қара басының қамы үшін жоғарыдағы құндылықтардың бәрін ысырып тастаған тоғышар пенде, кісі аяғандай пақыр. Сол жолда ол өтірік айтып, жалған куәлік те береді, қиянатты өзі жасамаса да көріп тұрып үндемей қалады, елінің, халқының игілігіне, болашағына қажеттіні бас пайдасы үшін өзгеге сатып та жібере алады. Туған тілін жығып, туған жерін жалға «біраз жылға пайдалануға ғана ғой» деп өзін өтірік жұбатып, жақауратып, алдарқатып жатқа таптатуға береді. Өйткені ондағы Отан дегенде жүрегін жұлып берер қасиетті сезімі шалажансар немесе өліп қалған. Отаныма зияны келетін болса, өз басымның байлығы мен амандығы қажет емес дей алмайды.

Сосын нені сүйемін? Өмірді, иә, өмірді сүйемін. Жан тәтті ме? Иә, жан тәтті болуы керек. Алайда сол жанды берген Алла емес пе? Ендеше жан да менің меншігім емес. Ал мен оған кір жұқтырып алсам, бірдеңесіне ақау келтіріп бүлдірген болсам, тазалап тұруға ұмтылмасам, былғап алсам тәнімнен жаным жиреніп, тастап кетіп, айырылысу арты көрместей араздыққа апарса қайтемін деймін. Ақыретте жолықтырмай қалудан қорқады екенмін. Сондықтан жаным мен тәнім арасындағы үндестік үзілмей, рух пен болмыс арасындағы байланыс жымдасқанын қалаймын.

Нені ұнатпаймын? Адамдардың ұғыспай жүргенін ұнатпаймын. Егер араларында кешпестей, жазасын тартар ауыр қылмыс, кісі өлімі болмаса, кешіріммен қарап, ең болмағанда сен де аман жүр деп бейбіт қоштасуға күш табу керек деп ойлаймын. Өйткені өмір қып-қысқа. Пенделер арасында түсінбестіктің тууы­на әркез себеп табылады, тіпті ізгі мақсатты ой­дың өзін сол кезеңдегі эмоциямен ұғынбай, кейін жылдар өте түсінуі мүмкін. Бірақ оған уақыт пен шыдам керек. Жауласу кімнің де қолынан келеді, ал түсіне білуді, ұғына білуді екінің бірі жасай алмайды. Осы өмірде өзімнің бойымда осы үлкен кешірімді аялап, өлтіріп алмайын деп келеді екенмін.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Біреу кедей болса, «Құдай кедей қылды», біреу жаман болса, «Құдай жаман қылды», біреу надан болса, «қайтсін, Құдай надан қылды» деу, мұндай сөздер Құдайды жамандаған болады. Не тапса, әркім өз пиғылынан, өз кәсібінен таппақ. Құдай ешкімді зорлықпен кедей қылмайды, ешкімді зорлықпен жаман қылмайды, ешкімді зорлықпен надан қылмайды. Құдай бермейтұғын сараң емес, сақтай алмайтын осал емес. Не кемшілік болса, пенденің өз пейілінен, өз осалдығынан» дейді. Ендеше бермейтұғын сараң емес, құдайдан тарылмайтын дархан пейілді тілейік. Сақтай алмайтын осал емес, Құдайдан Тәуелсіздіктің мыңжылдықтарға кетер ғұмырын сақтауды тілейік.

Жаратушы ие қазаққа тереңіне дейін кенге толған кең жер беріп жарылқап, «Елім менің, жерім менің» деп əн айтқызды. Түбі «Елің сенің, жерің сенің» дейтін етпесін. Құдіреті шексіз Алла тағаланың көзі түзу болсын. Аманатқа қалған жерді ұрпаққа аманаттауды жазсын! «Құдайсыз қурай сынбайды» дейді қазақ. Әрбір пенденің пешенесіне тағдыр жазып қойғанда жер тағдырын, ұлт тағдырын пенденің қолына беріп қоя ма?! Нығмет иесі Алла жар болсын! Аллаға жағар амалдың бірі – таза амал, таза ниет. Ендеше адам баласының біріне бірі риясыз, ақ-адал тілектестікпен қолдауын сезінудің ұлы күш екенін сезінуге, түйсінуге шақырамын. Ол шынымен Құдайға жағатын амал болғандықтан, құдіретті де, қуатты. Адамдардың ақ-адал тілегінің бір жерден шығуы ешқашан жерде қалған емес! Көп тілегінің қуаты – ұлы қорған. Еліміз аман, Отанымыз іргелі, тіліміз мәңгі ғұмырлы, әр отбасы бақытты, ұрпақтары саналы болсын!