Өнер • 23 Желтоқсан, 2020

Ұлттық балеттің жаңа белесі

474 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні «Астана Опера» театрында елордалық көрермен назарына ұсынылған «Дала үні» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы талғампаз өнерсүйер қауым үшін тамаша тарту болғаны сөзсіз. Өйткені өнердің бұл айтулы оқиғасын көпшілік ерекше толқыныспен асыға күтті. Би тілінде бейнелі бедерленген балет шын мәнінде ұлттық өнер қоржынына қосылған қомақты олжа десек, титтей де артық айтқандығымыз емес.

Ұлттық балеттің жаңа белесі

Олай дейтініміз, премьера қарсаңында театр ұжымы «Дала үні» балеті – «Астана Операның» бетке ұстар туындысына айналады» деп батыл мәлімдеген еді. Әлбетте, бұл бос сөз емес. Өткен жұмада «Астана Опера» сахнасында өткен әлемдік премьера қазақстандық балет дамуының жаңа асулы кезеңіне айналып, айтулы мәдени оқиғаның бастауы болды.  «Дала үні» қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрлерін ғана баяндап қоймай, жалпы адами құндылықтар туралы да сыр шертеді. Өмірдің мәнін түсінуге мүмкіндік беріп, арманның жүзеге асуына ынталандырады. Осылайша ол мазмұнды музыкасы мен ұлттық нақышының арқасында айрықша әрі әлемнің кез келген жерінде әбден түсінікті бірегей туындыға айналды. 

– «Дала үні» ұлттық балеті – қазақстандық және шетелдік қойылым командасының тың ойларының тандемі. Әдетте, пікірлестер жиналған жерде шығармашылық туындайды. Ал біз орасан зор ойларды өмірге әкеліп жүрген жоғары деңгейлі кәсіби мамандарды таңдап алдық деген ойдамын. Бұл қойылым ұлттық балет өнеріндегі айтулы оқиға болады деп сеніммен айта аламын, –  деп атап өтті премьера алдында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

Ержүрек сәулетшіге қанат бітірген арман туралы өсиет әңгіме зама­науи хореография тілімен жеткізілетін бірегей балетке өнердің кіл жүйріктері атсалысты. Атап айтсақ, қоюшы дирижер – Абзал Мұхитдин,  либретто авторы – танымал қазақстандық кинорежиссер, сценарист, ақын Бақыт Қайырбеков, хореографиялық либретто адаптациясының авторы – Жан Франсуа Вазель, қоюшы балетмейстер – Патрик де Бана. Ал қойылымда басты рөлдерді театр примасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева, Ғалымжан Нұрмұхамет, Далер Запаров, Аделина Төлепова, Әсел Кенжебекова, Жәнібек Ахмедиев, Олжас Тарланов бастаған таланттар шоғыры кемеліне келтіре кейіптеді.

Либретто авторы Бақыт Қайыр­беков спектакльдегі іс-қимылдарды тарихи оқиғалардан заманауи оқиғаларға үйлесімді әрі шебер ауыстырған. Кейіпкер­лердің тағдырын бақылап отырған көрермен қауым Қазақстанның өткенін, бүгіні мен болашағын көре алады. Ұлы дала өзінің дәстүрімен тыныс алуда – мұн­да ата-бабаны құрметтейді, қас­­терлейді. Ал олар, өз кезе­гінде, өскелең ұрпақтың алға қа­дам басуына күш-қуат бе­реді. Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында балеттің сю­жеті, әсіресе екінші бөлімі ай­рықша отансүйгіштік сезіммен қабылданды. Көрерменнің көз алдында бой көтерген Ұлы дала шаһары өзінің әсем сәулетімен, ішкі дүниесімен залдағы отырған әрбір жанға айрықша әсер етті.

Қойылымды тамашалап отырып байқаған һәм бізді ерекше сүйсінткен жайт – айтулы ба­леттегі хореографияның тамаша тартымдылығы. Қоюшы балет­мейстер Патрик де Бананың дәс­түрлі ұлттық қимыл-қозға­лыс­тарды пайдалана отырып, заманауи би тілі арқылы қазақ хал­қының жан-дүниесін аша алғаны таңғалдырды. Соның ар­қасында спектакль өзекті әрі бір мезетте көркем болып көрінді. Би композицияларына бас кейіп­керлер – Ұл мен Музаның, Әкесі мен Анасының дуэт эпизодтары, сонымен қатар кейіпкер әйел­дердің жеке вариациялары мен сезімге толы адажио енді.

 

– Бұл балеттің бірінші бөлімі ұлт­тық би элементтерінен құ­рал­ған дәстүрлі болып келеді. Ал екінші бөлімі стильге ба­ғын­дырылған әрі әсем қала өмі­рін көрсетеді. Ұлт­тық қимыл-қоз­ға­лыстар маған шабыт береді. Мен олар­ды зерделеймін де, өз әлеміме енгіземін. Кейін өзімнің икеміме сай сәл өзгертіп, бейімдеймін. Хореография жасаған кезде мен үшін музыка әрдайым бірінші орында тұрады. Аталған спектакльде біз Т.Қажығалиевтің му­зыкасын пайдаландық. Ол өте ың­ғайлы, себебі әуел баста балетке арнап жазылған. Аталған шығарманың мен пайдаланған бес бөлімі С.Рахманиновтың, И.Стравинскийдің туындыларын есіме салады, –  деді қоюшы хореограф Патрик де Бана.

Балетмейстердің пікірінше, қазіргі жастар аға буын өкілдері тәрізді көркем ойлау қабілетінен айырылып барады. Оның мақсаты – жұртшылықты өнерге тарту әрі олар­ға өнерге қатысты болуға, өз жұмысының бөлшегі болуға мүмкіндік беру. Балетмейстер үшін көрермендердің шымылдық түрілгеннен кейін спектакльді кө­ріп, қол шапалақтап, сосын кетіп қана қоймай, олардың бәрін се­зініп, ой толғап, өздеріне тән сюжет таба білгендері маңызды.

– Адамзатқа эволюция, зама­науилық, даму қажет. Бірақ сонымен бірге бұл балет егер кім де кім өзінің өткенін, аға буын дәстүрін ұмытқан болса, ондай адам өзінің түп тамырын да жоғалтады деген көркем астарлы ойды да меңзейді,  – деді хореограф.

Осы орайда қоюшы хореограф Патрик де Бана өнері әлемдік дең­гейде мойындалғанын атап өту маңызды. Ол түрлі елде ұлттық ба­леттерді сахналау бойынша же­місті жұмыс істеген. Әсіресе, Қытайда қойған спектакль оған үл­кен танымалдылық әкелді. Он­да Патрик де Бана бір жарым ға­сырлық тарихы бар ұлттық аңыз­бен жұмыс істеп, оны заманауи балетке айналдырған. Бұдан бөлек Түркияда, Жапонияда ұлт­тық балеттерді зор табыспен кө­рер­мен назарына ұсынған тамаша талант. Балетмейстер қай жерде еңбек етпесін, әртістерге бір ғана талап қояды – тәртіп, ойлана алу, жеке зерттеу жүргізу, материалды зерделеу және солистердің жанын салып жұмыс істеуі. Міне, осы та­лап­тың арқасында елордалық көрер­мен теңдессіз балеттің куәсі болды.

Ал балеттің музыкалық негізі тіптен тартымды. Әрлеуші композитор Карлос Пино-Кинтана төл шығармасындағы музыкадан, сон­дай-ақ қазақстандық автор­лардың музыкасынан дыбыстық көріністің құрастырмасын жасады. Басты кейіпкерлердің бей­несі танымал композиторлар Қуат Шілдебаев, Ренат Гайсин, Төле­ген Момбековтің жарқын да ерекше музыкасымен және «Тұран» «Хассақ», «Steppe Sons» фольклорлық-этнографиялық ансам­бльдерінің бірегей ком­пози­­цияларымен берілген. Би­дің ерек­ше әсерлендіретін осынау музы­камен үйлескендігі сон­ша­лық, көпшілікке таныс сарындар әртістерге сахнада не іс­теу керек­тігіне жол сілтегендей  көрінді.

Спектакльде кордебалетке үл­кен жүктеме артылыпты. Ба­лет бейнесінің геометриясын олар сондай нақтылық әрі дәл­дік­пен жасаған. Осындай мінсіз үй­лесімділіктің артында алып күш пен еңбек тұрғанын біреу білсе, біреу білмейді. Ерлер кор­дебалетінің орындауындағы сәу­летшілер биі ерекше назар аударуды қажет етеді. Стильді қара шабадандар оған ерекше қала­лық мәнер үстеп тұрды. Спек­такльдің осы бөлімінде көрермен қауым көріністің негізгі даму тұ­сын: екі кейіпкер – Ұл мен Қара киімдегі адам – бәлеқордың (Бек­зат Орынбаев) текетіресін көре алды. Бейнелі түрде айтсақ, мұнда жақсылық пен жамандық бетпе-бет келді. Премьераның екі күнінде де әртүрлі, бірақ орын­даушылық шеберлігі тұрғы­сынан тең түсетін құрам билеп шық­қанын атап өткен жөн. Айта кетейік, хореограф жас әртістерді іріктеп алды. Соның нәтижесінде жалынды һәм талантты тамаша ансамбль өмірге келді – ерлер күш пен харизманы, әйелдер нә­зіктік, байсалдылық, асқақ рух пен тектілікті паш етті.

Спектакльдің басынан аяғына дейін Ұлдың партиясын орындау­шылар – Ғалымжан Нұрмұхамет пен Далер Запаров өз бейнелерін біртіндеп ашты. Әртістер өз ке­йіпкерінің қайсар мінезін жет­кі­зе білді. Далер Запаров – зор му­зыкалық қабілетке ие, әрбір әре­кетінен оның музыканы естіп, қаз қалпында жеткізе білетіні көрініп тұрды. Театр примасы Әй­герім Бекетаева Музаның рөлін мінсіз сомдап шықты. Оның әуелеген ұзын қолдары, нәзік дене бітімі партияны те­рең әрі әсерлі етіп орындауға мүм­кіндік берді. Ал Ананың пар­тиясын әр күндері Аделина Тө­лепова мен Әсел Кенжебекова орындады. Кейіпкердің бала көр­мей бейнет шеккен әйел бей­несінен көктің сыйын алып – Ұлын құшқан бақытты әйел кей­піне өтуі олар үшін ең күрделі эпи­зод болды. Екеуі де бұл мін­детті үздік орындады. Әкенің рө­лінде Жәнібек Ахмедиев пен Олжас Тарланов өнер көрсетті. Әртістер тамаша орындаушылық шеберліктерін паш етіп қана қоймай, актер ретінде тамаша ойнап шықты. Бақсының партия­сы – балеттегі басты рөлдердің бірі. Аталған рөлдегі Сұлтанбек Ғұмардың дене иілімділігі мен адам нанғысыз икемділігіне көз тоймайды. Айтулы партия­ны екінші құрамдағы солист Се­рік Нақыспеков те өзіндік ерек­шелікпен орындап шықты.

Заманауи балет өнері көбінесе талантты хореографтардың, ли­брет­тошылардың, суретшілердің, дирижерлер мен әртістердің қуатты импульсінің арқасында өмір сүріп келеді. «Дала үні» пре­мьералық қойылымын алар бол­сақ, мұнда барлық сала мамандары сәтті тоғысты десек болады. Көркем мәдениет пен өнерде қайта өңдеу тәжірибесі бой­ламаған сала қалмағаны бел­гілі. Себебі түпнұсқалық шы­­ғар­­машылықтың тапшылығы соң­ғы уақытта әсіресе айқын сезі­ліп жүр. Сондықтан да «Дала үні» балетінің айрықша өнім саналуы заңдылық. Бұл оның музыкасына да, хореографиясы мен сахналық безендірілуіне де қатысты. Осы тұста айта кетер тағы бір ерекшелік – сахна жабдықтары минималистік стильде орындалған. Себебі спек­­такльдің тұжырымдамасына сәйкес айтулы балет әлемінің сұлулығы мен кербездігін паш етуі тиіс. Декорациялар бойынша суретші Рикардо Санчез Куэрда кең байтақ қазақ даласынан  шабыттанып, ұлттық стильді аңғара білген және бірінші бөлімде сахна жабдығын қар басқан табиғат, кесене көріністерімен шынайы безендірген. Ал екінші бөлімде сахна біршама футуристік кө­рінді. Аспан астынан бой көтер­ген жаңа далалық қала сцено­графтың тартымды олжасы бол­ғаны сөзсіз.

Ұлық мейрам Тәуелсіздік күнінде ұлы дала төрі – елордада Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің қолдауымен һәм «Сбербанк» акционерлік қоға­мының демеушілігімен тұсауы кесілген «Дала үні» ұлттық ба­леті көрерменіне шын мәнінде өнер­дің нағыз мерекесін тарту етті. Тамырлы тарихымыздан сыр шерткен қойылым өткеннің өне­гесін бүгінге жеткізіп, болашаққа байыпты бағдар сілтеуімен құнды.