Қызылордада «Квант» дейтін мекеме бар. Кезіндегі целлюлоза-картон зауыты құрамындағы бір цехтың негізінде құрылған кәсіпорын қазір Қазақстандағы темір бұйымдарын жасайтын үлкен өндіріс орнына айналған. Мекеменің тұтынушылары еліміздің әр түкпірінен табылады. Осындай үлкен кәсіпорындағы проблеманың бірі – маман тапшылығы.
– Кезінде осы Қызылорданың өзінде ғана механикалық бағыттағы 5 зауыт жұмыс істеп тұрды. Кешегі қиын-қыстау кезеңде осы өндіріс орындары тоқтап, ондағылар жан-жаққа кеткені ешкімді ойландыра қоймады. «Балапан баcына, тұрымтай тұсына» дейтіндей мезгілде оған қиналған да ешкім болған жоқ. Міне, осы сәттен бастап бізде жылдар бойы жалғасып келе жатқан мамандар легі үзілді, – дейді «Квант» ЖШС директоры Жаңабай Бекішев.
Ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз, қазір жұмысшы мамандықтарды даярлау бағытында жақсы бастама бар. Бірақ еңбек нарығы ескерілмегендіктен бұл істе жүйесіздік басым. Мысалы, дәл осы мекемеге 30 жыл бойы токарь, фрезерші маман мен оператор келмеген. Қазір өндіріс орнындағы 25 токарьлық станокта 9 шебер жұмыс істеп жатыр.
Жалпы саны 100-ден асатын құрылғының көбі «тілін» білетін маманның тапшылығынан қаңтарылып тұрғаны тағы бар. Сонда мемлекеттің жыл сайын миллиардтаған қаржы жұмсап, даярлаған мамандары қайда?! Әрине, қағаз жүзінде бәрі керемет. Жыл сайын мыңдаған адам жұмыс тапқаны туралы есеп беріледі. Бірақ іс жүзінде бәрі керісінше болып тұр.
Осы мәселеге байланысты облыстық білім басқармасының мәліметі қолымызға тиді. Онда соңғы 3 жылда оқу орындарының қолданыстағы лицензияларына сараптама жүргізе отырып, еңбек нарығының сұранысы негізінде 26 жаңа мамандық, 111 жаңа біліктілік бойынша мемлекеттік тапсырыс орналастырылғаны айтылады.
– Сыр өңірінде өндіріс орындары да аз екенін осы аймақтың тыныс-тіршілігінен хабардар әркім-ақ біледі. Оның ішінде біздің серіктестік еліміз бойынша бәсекелесі жоқ кәсіпорын саналады. Осындай санаулы өндіріс орындары үшін жыл сайын жүздеген маман даярлаудың қандай қажеттілігі бар? Жарайды, даярланды делік, сол мамандар өндіріске келмей қайда жүр? – дейді Жаңабай Бекішев. – Мысалы, қазір мен 64 жасқа келдім. Сенсеңіз, осы істі тапсырып, орныма тастап кететін адам таппай отырмын. Біздегі цех басшысы 74-тен асты. Ол кісінің де орнын басатын маман жоқ.
Мамандар тапшылығы облыстық кәсіпкерлер палатасында да талай мәрте талқыланған мәселе. Палатадағы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес төрағасы Болат Нұрқожаев лицензия алған кейбір оқу орындарында болашақ мамандарды даярлауға жеткілікті көңіл бөлінбей отырғанын айтты.
– Мысалы, ертең токарь, дәнекерлеуші, фрезерші секілді сұранысқа ие кәсіп иелері болатын жастарды педагогикалық, техникалық білімі бар, бірақ өндірісті көрмеген қыз-келіншектердің оқытып жатқанын да көріп жүрміз. Әрине, әйелдердің қай саланы да игеріп кете алатынына таласымыз жоқ, бірақ техникалық мамандықты ер адамдардың оқытқаны және баланың білімін өндіріспен ұштастырғаны құба-құп болар еді. Мамандар даярлауға жылына бір кішігірім ауданның бюджетіне пара-пар қаржы бөлініп отыр. Осы қаражаттың бір бөлігін өндіріс орындарына бұрып, оқу орындарынан оқытушы бөліп, мамандарды сол кәсіпорын базасында даярлау әлдеқайда тиімді. Әйтпесе, студентке он ай стипендия төлеп, соңында бір дипломды ұстатып жібергеннен ештеңе ұтпаймыз, – дейді кеңес төрағасы.
Мәселені зерттегендер мектептерде баяғы оқу-өндірістік комбинаттары жүйесін де қайта қалыпқа келтірген жөн деген пікірде. Осылай еткенде ғана бала мектеп қабырғасынан жанына жақын мамандықты меңгеруге дайын болып шығады. Болат Нұрқожаевтың айтуынша, қазір түрлі тренингтер өткізуге машықтанып алған жастар өндіріске бет бұруы қажет. Екінің бірі асаба, әнші, қаржыгер немесе заңгер болғысы келетін кейінгі толқын арасынан шаруаға да ебі барларды бейімдеу керек. Заңгер демекші, облыстық кәсіпкерлер палатасының осы саланы жетік білетін маман іздегеніне жылдан асты. Қолтығына диплом қысқанның талайы кәдеге жарамай, конкурстан өте алмай жүр.
Облыстық білім басқармасы мамандары Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышын бекіту туралы» 2018 жылғы 27 қыркүйектегі №500 бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, жаңа мамандықтардың жіктеуіші 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізілгенін айтты. Осыған орай, оқу орындарында зерделеу жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік тапсырыс орналастырылмайтын, білім беру үдерісі жүргізілмейтін 100-ден астам мамандық біліктіліктерінің лицензиялары кері қайтарылыпты. Сонымен бірге колледждер жыл соңына дейін қолданыстағы мемлекеттік лицензияларын жаңа жіктеуішке сәйкес қайта рәсімдейтін болыпты. Бұл ретте келешекте қандай мамандық иелеріне сұраныс артатыны ескеріліп, соларды даярлауға баса көңіл бөлінбек. Басқарма мамандарының дерегінше, 2014 жылдан бастап оқу орындарына енгізілген дуальды оқыту жүйесі бітірушілердің жұмысқа орналасуына өз ықпалын тигізіп келеді. Мысалы, 2015 жылы бұл көрсеткіш 48 пайыз болса, мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының мәліметі бойынша 2019 жылы бітірушілердің 71,3 пайызы жұмысқа орналасыпты.
Өткенде аудандардың бірінде салынып жатқан мектеп құрылысына барғанбыз. Учаске бастығы бізбен әңгімеде қазір өздері үшін мамандар мәселесі өзекті болып отырғанын айтқан еді. Бұлардың краншы іздегеніне көп болыпты. Дипломмен келіп жатқан жастардың көпшілігі тым болмағанда биікте жұмыс істейтіндерге жерден берілетін ым-ишараны түсіндіріп бере алмайды.
Уақыт өткен сайын кәсіптің де түрлене берері түсінікті. Әйткенмен де, техникалық және елге аса қажетті өзге де сала өкілдерін даярлаудың жүйесіне барынша мән беруіміз қажет. Еңбек нарығындағы қазіргі ахуал миллиардтап қаржы жұмсап, сайда саны, құмда ізі жоқ «мамандарды» даярлаудың пайдасы шамалы екенін көрсетіп отыр.
Қызылорда