Тарих • 23 Желтоқсан, 2020

Қаһармандық өнегесі

1433 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Дүниені дүр сілкіндірген ХХ ғасыр қанды соғыстармен қатар, хас батырлар мен даңқты қолбасшыларды да дүниеге әкелді. Осындай ардақты тұлғалардың арасында аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы да бар.

Қаһармандық өнегесі

Батырдың әскери өмірі 1932 жылдан басталды. Өйткені ол осы жылдың қараша айында әскер қатарына шақырылып, алғаш рет әскери форма киді. 1933 жылы қыркүйекте Орта Азия әскери округіндегі артиллерия полкінің бір жылдық курсын бітіріп, осы полк­те взвод командирі болды. 1934 жылы  запастағы әскери ретінде босатылып, 1935 жылдан Өнеркәсіптік банктің Қазақстан Республикалық кеңсесінде аға кеңесші болып жұмыс істеді. 1936 жылы Қызыл Армия қатарына екінші рет шақырылды, Қиыр Шығыста Кеңес Одағының маршалы В.К.Блюхердің басшылығындағы Қиыр Шығыс армия­сында қызмет етті. 1938 жылы шілде-тамызда Хасан көліндегі жапондық Квантун армиясымен шайқастарға қа­тыс­ты. 1939-1940 жылдары Украинада қызмет етті, Карпаттағы жорықтарына және Бессарабияны қосуға қатысты. 1940 жылы Қазақстанға оралды. 1941 жылы Қазақ КСР-і республикалық әскери ко­мис­сариатының аға нұсқаушысы болып тағайындалды.

Осы жылы 22 маусымда фашистік Германия КСРО-ға қар­сы соғыс ашты. Германияның мұздай қаруланған Қарулы күштерін КСРО-ға қарай бағыттаған  Адольф Гитлер: «7 қарашада, яғни айналдырған 4-5 ай ішінде Мәскеу қаласында жеңіс парадын өткіземін», деп жеңісті тез арада аяқтайтынын жариялады. Бұл Кеңес халқына ауыр тиді.

Барлық одақтас республиканың еңбекшілері Мәскеуді қорғауға көтерілді. Қа­зақстаннан да ұлттық әскери құра­ма­лар құрыла бастады. Соның бірі со­­ғыс­та ерлігімен ерекшеленген 316-ат­қыш­­тар дивизиясы Алматы қала­сын­да құрылды. Осы атқыштар диви­зия­сының 1073-полкінің 1-батальоны аға лейтенант Б.Момышұлының қол­бас­шы­лы­ғымен жасақталды.

 1941 жылы 17 тамызда дивизия Солтүстік-Батыс майданына кірді. 1941 жылы 6 қазанда 316-атқыштар дивизиясы Солтүстік-Батыс майданы­­­­нан Батыс майданына ауыстырылып, 16-армияның құрамына кірді. Мәскеу үшін жан алысып, жан беріскен шайқаста жекелеген батальондар мен роталардың батыл қимылдары анық­та­ла бастады. 1941 жылдың қаһарлы қы­сында, Герман армиясының белгілі қол­басшылары В.Гудериан тобы мен фель­дмаршал фон Боктың бронды бө­лім­дері Мәскеуді басып алуға бар күшін салды. Осы уақытта басқыншыларға қарсы «Тайфун» операциясының сәтті өтуі Кеңес әскерлерін рухтандырды. Ол кезде немістердің озық бөлімшелері Вязьма мен Брянск қалаларындағы кеңестік қорғанысты бұзып өтіп, Мәс­кеу­ге тосқауыл болып тұрған кеңестік әскер­лерді қоршап ал­ды. Қазақстанда жасақ­талған және Воло­ко­лам­ бағытында Мәс­кеу­ге жа­қын­даған 316-атқыштар дивизия­сы тап бол­ған жағдай аса ауыр болды.

Шын мәнінде, сол сұрапыл соғыста панфиловшылар өзімен салыстырғанда төрт есе күшті жауға қарсы тұруға мәж­бүр болды. Бірақ мұндай жағдайда да қазақ дивизиясы алға шыққан жауымен бір ай бойы үздіксіз және қажырлы шайқастар жүргізіп, Гитлерлік армияның 2-танкішілер, 29-моторлы-техникалы, 11-ші және 110-жаяу әскер дивизия­ла­рын толығымен жеңді. Осы қан­ды қырғынның барысында Қызыл Ар­мияның өжет офицері, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған ат­қыш­тар батальоны жауға қырғидай тиіп, ерекше көзге түсті.

1941 жылдың қарашасында аға лейтенант Бауыржан Момышұлын шайқас кезінде 19-гвардиялық атқыштар полкіне командир етіп тағайындады. Өйткені генерал И.В.Панфилов өз заманының көрнекті стратегі ғана емес, сонымен қатар адам бойындағы дарынды қолбасшының сирек қасиеттерін тануға қабілетті психолог еді. Әрі қарайғы іс-шаралар оның  таңдау жасауда жаңылмағанын дәл көрсетті.

316-атқыштар дивизиясының жауын­гер­лері Мәскеуді қорғау жолында 33 күн бойы Волоколам бағытын табан­ды­лықпен ұстап тұрды. Олардың мұндай жанқиярлығы тарихта 28 панфиловшы-батырлардың ерлігі деген атпен жалпы жұртшылыққа мәлім. Осы әскери құрама Мәскеу түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін алғашқылардың бірі болып 1941 жылы 17 қарашада 8-гвардиялық дивизия деген құрметті атқа ие болды.

Волоколам шайқасы туралы Б.Момыш­­­ұлы өз шығармасында: «Қала­ның шыға беріс іргесіне жақындай берге­ні­­мізде, жаңбыр баяулап сылбыр себелей бастады... Біз қала шетіне шықтық, ойпаңмен қырға көтеріле бергенімізде алыстан мұнарлана орман жиегі көрінді... Иә, ол көп қаланың бірі. Ол қалаға соғыс лебі жетіп «ертең үйіңді өртеп, күліңді көкке ұшырып, таудан тозаң, көлден тамшы шалдырмай бүлік салып, басыңа қиямет-қайым орнатамын...», деген жалмауыз қарт – соғыстың ызғарлы үні іргесіне жақындаған сайын тітіркеніп, үрейлене қауіптеніп, көше­сін­де болашақта қан төгілерін сезіп, со­ғыс безгегімен қалшылдап тұрған мұңды қаланың бірі. Қаланың аты Волокалам еді. Ол Москва өлкесінің бір қаласы»,  деген еді.

Мәскеу іргесіндегі жан алысып, жан беріскен соғыста жаудың желкесін үзіп, жермен-жексен еткен қазақтардың тең­дессіз ерлігіне күллі Кеңес елі сүй­сінді. Орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколам тас жолы» атты кітабы «Мен Мәскеу түбінде болған сұрапыл соғыс туралы айтып бере алатын, қанқұйлы ұрыстың тактикасы мен мағынасын ашып көрсете білетін, бар істің тағдырын шешетін ұрыспен тиянақты таныстыра алатын адамды көп іздедім. Іздеген адамымды таптым да. Ол – Бауыржан Момышұлы еді», деген толғаныспен бас­­­талады. Себебі ол бастаған жауынгерлер жаудың бетін талай мәрте қайтарған болатын. Соғыстың қаншама айқасына қатысып, 27 рет жау шебін бұзып шыққан батальоннан бастап, дивизияға дейін басқарып, қолбасшы болған Бауыржан Момышұлы өзінің біліктілігін, сан мәр­те дәлелдеген ержүрек әрі дарынды қол­басшы еді.

Дивизияның басқа бөлімдерімен бірге Б.Момышұлының полкі Мәскеуді қорғау үшін құламайтын қамал, бұзылмайтын бөгеттей болып жаудың жолында тұрды. Бұл ерлік қолбасшылық тарапынан жоғары бағаланды. 1941 жылы желтоқсанда полк командирі Б.Момышұлына капитан атағы берілді, сонымен қатар «Ленин» және Қызыл Ту ордендеріне ұсынылды. Алайда «Ленин» ордені оған сол сәтте де, соғыс біткеннен кейін де берілген жоқ.

зз

1942 жылдың тамызынан бастап ма­йор шенінде болған Бауыржан Момыш­ұлы, 1942 жылдың қазан айында подполковник шенін, ал сегіз айдан кейін полковник шенін алды. «Правда» газеті 1942 жылдың 18 мамырдағы санында Б.Момышұлы басқарған полктің жанқиярлық ерліктері туралы: «Калинин майданының бір секторында немістің жаяу әскері бөлімшелердің біріне шаб­уыл жасады. Жауынгерлер Бауыржан Момышұлының басшылығымен жауды миномет және пулемет оқтарымен атқылап қарсы алды, содан кейін қарсы шабуылға өтіп, фашистерді артқа ше­гін­дірді. 120-дан астам жау солдаты ұрыс даласында жайратылды, екі танкті талқандап, істен шығарды», деп жазды. Мұның өзі Б.Момышұлының анталаған жауға азулы тісін батыра алатын, жауын­гер­лерін кез келген уақытта жауға қарсы жұмылдыра білетін әскери стратег екенін анық аңғартады.

Панфилов дивизиясы және Мо­мыш­ұлы басқарған полк жауын­гер­лері табысқа тек өздерінің сандық басым­ды­ғының арқасында ғана емес, солдаттар мен командирлердің жауынгерлік шеберлігінің арқасында қол жеткізді. И.В.Панфилов пен Б.Момыш­ұлы ұрыс алаңдарында алуан түрлі әске­ри шайқас тактикасын қолданды. Әс­ке­ри операцияларда ондай алуан түрлі тактиканы пайдалана білу тек мықты әскери қолбасшылардың ғана қо­лы­нан келді. Өйткені неміс вермах­ты­ның Мәскеу түбіндегі жеңілісі неміс-фашист әскерлерінің рухы мен жауын­герлік жігерін бұзды. Гитлер жеңіліске және әскерінің жауынгерлік қабі­ле­ті­нің төмендеуіне көрнекті қыз­мет­­­тер атқарған өзінің генералдарын кінә­ла­ды. А.Гитлер 1941-1942 жылдың қысында Құрлық әскерлерінің барлық жо­ға­ры қолбасшылығын ауыстырды. 35 генерал қызметінен босатылды. Босатылғандардың қатарында 2-ші және 4-танкішілер армиясы мен 9-дала ар­­­­миясының белгілі қолбасшылары Гудериан, Гепнер және Штраус болды.

1944 жылдың екінші жартысында Балтық бойы республикаларын басқын­шылардан азат ету міндеті тұрды. Сөйтіп кеңес әскерлері Германиядан Солтүстік Германия армиясының тобын кесіп тастады. Осылайша, Вильнюс алынды, Рига азат етілді. Дәл осы кезеңде Бауыржан Момышұлы 1-Балтық майданына бағынған 9-гвардиялық атқыштар дивизиясына келді. Бұл армия штабтарында алдағы шабуылдар мен шайқастардың жоспарлары мұқият талқыланған ең күрделі уақыт еді. Бауыржан Момышұлы 9-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі ретінде өзін оперативті ойлау қабілеті бар, ұрыс тактикасын егжей-тегжейлі білетін, стратегиялық ойлауға бейім, ұрысты шебер ұйымдастыра білетін және қанды шайқас кезінде дивизияны батыл басқаратын білікті әскери басшы ретінде танытты.

Осы күндері Гитлер: «Біз не істесек те, Курляндияны бермеуіміз қажет. Кеңес әскері Балтық жағалауына бармауы керек. Әйтпесе біз Финляндия, Норвегия, Польша, Даниядан айырыламыз. Шығыс Пруссияға қатты соққы береміз. Сонда қауіп жойылады. Қандай қорғаныс жаса­са­ңыз да, Курляндияны қолдан шы­ғар­­маңыз», деп өзінің майталман маршалдарына нақты тапсырма берді.

Екі жақ текетіреске түсетін осы мезетте Кеңес әскері Кенигсберг (кейінгі Калининград) операциясын бастауға кі­рісті. Кенигсбергті 4 жаяу әскер дивизиясы, бірнеше бөлек полктар және Фольксштурм батальоны (барлығы 130 мыңға жуық адам, 4 мыңға жуық мылтық пен миномет, 108 танк пен шабуылдаушы мылтық, 170 ұшақ) қорғады.

ұұ

Момышұлы қолбасшылық ететін 9-гвардиялық атқыштар дивизиясына Прискюль станциясын (Латвия) жаудан босату үшін жауынгерлік тапсырма берілді. Жауынгерлік тапсырманы орындау үшін 9-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі Б.Момышұлы әскерлерін сақадай сай дайындап, ұрысқа кірісті.

Кенигсберг операциясы кезінде жау­дың 42 мыңға жуық солдаты мен офи­це­рі жойылды, шамамен 92 мың адам, оның ішінде 1800 офицер және қамал коменданты О.Лаш бастаған 4 генерал тұтқынға алынды, 2023 мылтық, 1652 миномет, 128 ұшақ тәркіленді. Кенигсбергте жеңіске жету құрметіне КСРО Қарулы Күштерінің Президиумы «Кенигсбергті алғаны үшін» медалін тағайындады, шамамен 200 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осы қанды әскери операцияда дарынды қолбасшылық танытқанымен Бауыржан Момышұлы батырлар қатарынан көрінбеді. Полковник Б.Момышұлы басқарған 9-гвардиялық атқыштар диви­зиясының Кенигсбергті алу кезіндегі ұрыс-қимылдары ерлік пен өжеттіліктің, жанқиярлық пен қаһар­ман­дық­тың нағыз үлгісін көрсетті.

1945 жылы 9 мамырда Ұлы Отан соғысы аяқталды. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Бауыржан Момышұлы 1946-1948 жылдары К.Е.Ворошилов атындағы Бас штабтың Әскери академиясында оқыды. 1950-1956 жылдары В.М.Молотов атындағы «Тыл және Қызыл әскерді қамтамасыз ету» Әскери академиясында аға оқытушы болып қыз­мет етті.

Бауыржан Момышұлы әскери сала­дағы тактикада түрлі әскери тәсілдерді пайдалану арқылы жетістіктерге жетті. Оның әскери дарыны, қарымды қабілеті, қысылтаяң уақытта жағдайды сараптай білуі, озық ойлау шеберлігі соғыс жылдары жан-жақты көрініс тауып отырды. Батыр шегінушілердің баяу қозғалысы әскерді құрдымға тірейді деп санады. Ол әскерилердің шебер де шапшаң қозғалыста болғанын қала­ды, шегінушілер тобының ширақ қимыл­дауын жақтады. Б.Момышұлы терең­де­тілген соғыс теория­­сын қолдады, сол бағыттың дами түскенін қалады. Әскери академияда қызмет етіп жүрген тұсында дәл осы қасиеттері мен білімі оны жаппай қолдауға ие етіп, танымал болуына ықпал етті.

1956 жылдан бастап запастағы пол­ковник Б.Момышұлы ҚазКСР Жазу­шылар одағының мүшесі болды. Бауыржан Момышұлының әдеби және әскери-ғылыми қызметі оның әскери қызметінің жалғасы еді. Ол қазақ және орыс тілде­рі­нде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін қағазға түсірді. Оның қала­мы­нан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқырманның іздеп оқитын шығар­ма­ла­ры­на айналды. Бауыржан Момышұлы – «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Москва үшін шайқас», генерал И.В.Панфилов туралы «Біздің генерал» атты өмірбаяндық повес­­­­­тер мен әңгімелер жинағының, «Кубалық кездесулер» атты очерктік шығармалар мен кітаптардың авторы. Ал 1976 жылы Момышұлы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болған «Біздің отбасымыз» атты новеллалар мен әңгімелер кітабы елдің әскери және еңбек өмірінің тағы бір жарқын шежіресі болды.

Б.Момышұлы – тек соғыс пен майдан­ның майталманы ғана емес, соғыс стратегиясы мен психологиясын терең меңгерген ғалым. Ол өзінің «Соғыс психологиясы» кітабында: «Тек соғыс өнері туралы ғана емес, соғыс туралы әдебиеттің қандай болуы керектігі, адамның соғыстағы мінез-құлқы туралы өте орынды талқылайды. Шынайы соғыс туралы кітап жазу үшін автордың пікірінше, жазушы әскердің жар­ғысын білуі керек. Ал жарғыны тү­сінген жазушы ғана офицер образын, солдат бейнесін түсіне алады, шай­қас пен соғыс дегенді түсінеді. Соғыс тақырыбына арналған кітап соғыстағы адамның негізгі фигурасы мен оның психологиясын қамтуы керек», деп соғыс психологиясының өзіндік ерекшелігін ескеріп, оны жазуда қандай әдіс-тәсілдер қажет екенін тың тұжырымдап берді.

Халық арасында аты аңызға айналған қас батыр 1982 жылы 10 маусымда Алматы қаласында дүниеден өтті. Қа­зақстан Республикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың табандылығының арқасында 1990 жылы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлыққа қол қойылды. Халық әлде­қашан беріп қойған бұл атақты, Баукең бұл жолы нақты алды. Өзінің: «Ақиқат бәрібір жеңеді, бірақ кешігіп жүреді», деген қанатты сөзі осы жолы нақты көрініс тапты.

Мәскеу қаласы үшін жан алысып, жан беріскен атақты 8-гвардиялық диви­зияның қаһармандары, Кеңес Одағының Батырлары генерал-майор И.В.Панфилов пен полковник Бауыржан Момышұлына Елбасының тікелей араласуымен Мәскеу қаласында ескерткіш бой көтерді. Мәс­кеуді қорғау үшін қанды ұрыстар мен өшпес ерліктер жасалған жерде №229 Мәс­кеу орта мектебіне 2010 жылы­ Ке­­ңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы­ның есімі берілді.

Тәуелсіздігіміздің бейбіт күні аясында батырымыз туралы «Бауыржан Мо­мышұлы» фильмі түсіріліп, жарыққа шықты. Еліміздің ең ірі шаһарлары Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында Бауыржан Момышұлына арналған ескерт­кіштер бой көтерді. Қазақ елінің әрбір аймағында Батыр атындағы көшелер қатары көбейді. Батырымыздың абзал атын ардақтаған әрбір ата-ана оның есімін ырымдап, мың-мыңдаған нәрестеге қойды. Баукең, сөйтіп аңыз адамға, бүкіл бір халықтың ардақ тұтар азаматына, ерлігі мен жанқиярлығы жанымыздан кетпейтін батыр тұлғаға айналды.

 

Бақытжан Ертаев,

Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант,

Болат САЙЛАН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, тарих ғылымдарының докторы