«2020 жылдың қараша айында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мен «Ресейдің тікелей инвестициялар қоры» мемлекеттік компаниясының (РТИҚ) мамандары Қазақстанның фармацевтикалық кәсіпорындарын аралап, вакцинаны өндіру мен трансфер технологиясын тезірек іске асыруға даярлық барысын зерттеген болатын. Солардың ішіндегі сақадай-сай дайыны біз болып шықтық. Ізінше Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мен «Ресейдің тікелей инвестициялар қоры» мемлекеттік компаниясының жұмыс тобы құрылды. Желтоқсан айының басында трансфер технологиясы үдерісін бастадық. Ресейден мамандар келді. Біз барынша дайындалдық, кадрларды оқыттық, жабдықтарды іске қостық. Қазір алдағы уақытта сериялық өндірісті жолға қою үшін басқа да қажетті жабдықтарды сатып алып жатырмыз», деді С.Барон.
Кешен басшысының айтуынша, желтоқсан айының 21-і күні шығарылған «Спутник V» вакцинасының тәжірибелік үлгісі сапа бақылауын жүргізу үшін Ресейге жөнелтілген. Көрші елде аталған өнімді әзірлеген топ бір ай бойы жан-жақты сапа бақылау жұмыстарын жүргізеді. Одан кейін Денсаулық сақтау министрлігіне өтінім жолданып, вакцинаны Қазақстанда тіркеу туралы шешімнің тағдыры таразыға түседі. Сәтін салып бәрі оңынан болып жатса, онда ел күткен екпе өндірістік ауқымда шығарыла бастайды.
«Спутник V» екпесі әлем бойынша коронавирус инфекциясының алдын алуға арналған тұңғыш тіркелген вакцина екен. Препарат Ресей Денсаулық министрлігінің Н.Гамалея атындағы Эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығында әзірленіпті. Мамандар екпенің адамның аденовирус векторы негізінде әзірленгенін айтады. Негізінде аденовирустық векторлар толықтай қауіпсіз болып саналады және олардың генетикалық жетілдіру үшін де аса қолайлы екенін айта кеткен ләзім.
Екпеге 1957 жылы ғарышқа тұңғыш сапар шегіп, космос әлемін зерттеуге серпін берген «Спутник-1» жер серігінің атауы беріліпті.
Айта кетелік, жуырда Үкімет басшысы Асқар Мамин Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болған кезде «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС-на ат шалдырып, ресейлік «Спутник V» вакцинасы өндірісінің тұсаукесер рәсіміне қатысқан болатын. Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің арасындағы уағдаластық аясында жүзеге асқан еді. Фармацевтикалық кешен жұмысымен танысқан кезінде Үкімет басшысы Қазақстанда өндірілген «Спутник V» вакцинасын жаппай егу 2021 жылдың ақпан айынан басталатынын мәлім еткен болатын. «Бірінші кезекте екпе медицина қызметкерлері, педагогтер, студенттер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті, сондай-ақ созылмалы аурулары бар қауіптілік топтарының өкілдеріне ерікті негізде салынады», деп мәлімдеген-ді А.Мамин.